
Жеңіс аға ұрпақтың жаужүрек батырлығымен, тыл ардагерлерінің ерен еңбегімен келген. Сондықтан Жеңісті жақындату жолында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ерлерге құрмет көрсету басты міндетіміз. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Amanat» партиясы облыстық филиалы Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесе отырып, «Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясының аясында «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуені жұмысын ауданымыздан бастады. Аталған керуеннің ауданымыздан басталуыныңда өзіндік себебі болса керек. Олай дейтініміз Ұлы Отан соғысына облысымыздан қатысқан ардагерлердің бүгінде
алтауы ғана арамызда жүр. Олардың бесеуі Тараз қаласында тұрып жатса, біреуі біздің ауданымыздағы Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылында тұратын Рахымжан Мамыралиев. Соғыс және еңбек ардагері Рахымжан ата биылғы жылдың қаңтар айында 100 жасқа толды. Ауданымызда соғыс ардагерінің 100 жасқа толуы кең көлемде атап өтілген болатын. Енді міне Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай облысымыздан шыққан “Ардагерлерге мың алғыс” атты әлеуметтік керуен атбасын ауданымызға бұрып отыр. Керуен мүшелері Жетібай ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымжан Мамыралиевтің отбасында болды. Қарт жауынгерді алда келе жатқан Жеңістің 80 жылдығымен және 100 жасқа толған мерейлі жасымен құттықтап, азық-түлік салынған себет пен гүл шоқтарын табыстады. Білікті дәрігерлер майдангердің денсаулығын тексеріп, медициналық көмегін көрсетті. Ардагер үйінің ауласына жиналған көпшілік алдында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Талғат Жұмабеков сөз сөйлеп, әлеуметтік автокеруеннің басты мақсатына тоқталды. Ел басына күн туған шақта елін, жерін жаудан қорғаған хас батырлардың ерлігі ұмытылмайтындығын, жылдар өткенімен соғыс ардагерлеріне әрдайым құрмет көрсетіле беретіндігін, аға ұрпақтың ерлігі мен ерен еңбегі жастарды патриотизмге тәрбиелейтіндігіне тоқталды. Одан кейін алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың “Тағзым” әнін сапта жүріп, айтып өтті. Әнші Алмахан Исабаевтың орындауында Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әні шырқалды. Ғасыр жасаған батыр атамыз өзін құрметтеп келгендерге батасын берді. Мұнан соң қонақтар мен ауыл тұрғындары Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлерге орнатылған мемориалдық ескерткіш маңына жиналды. Ақжаулықты аналар қонақтарға ыстық бауырсақтарын ұсынса, жергілікті жас өнерпаздар патриоттық әндерден шашу шашты. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мұхаметілда Байшораев ардагерлердің өшпес ерлігі ұрпаққа - ұран, елге - үлгі екендігін, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтудың маңыздылығын айтты. Жат жерде қаза тапқан боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Әрмен қарай ауылдық клубта керуен құрамындағы дәрігерлер ауыл тұрғындарының денсаулығын қарап, медициналық көмек көрсетті. Білікті заңгерлер мен әлеуметтік саланың өкілдері де тұрғындардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, тегін кеңес берді. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаровтар қатысты. Керуен құрамы білікті дәрігерлер, заңгерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, қоғам белсенділері, «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлерімен жасақталған екен.
«Ауыл жаңалығы» - ақпарат. |