Ақылбек Көшекбаевтың өмірбаяны, еңбектегі ерлік істері еліміздің тарихымен тығыз байланысты. - Алғашқыда өмірім қарапайым болатын. 1928 жылы Талдықорған облысында дүниеге келдім. Жанұямызда 5 бала болатын, оның үшеуі әкем Көшекбаймен бір жылда 1932 жылы дүние салды. Ол өте қиын жылдар еді. Төрт жасымда әкемнен айырылдым. Шешем Сағын және үлкен әпкем Нұрсалимен күріш алқабында жұмыс істедім, - деген еді аға өзі туралы. Тізеден су, лай кешіп, шаң жұтып, ауыр жұмыс істегеніне қарамастан Мұқаншы орта мектебін өте жақсыға бітіріп шықты. Елімізге сұрапыл соғыс көп қайғы мен қиыншылықтар әкелді. Ақылбек Көшекбаев-Ұлы Отан соғысының тыл ардагері. Ол миллиондаған жасөспірімдер сияқты оқумен қатар күріш алқабында тынымсыз еңбек етті. Таңның атысымен егістікті арамшөптерден тазалап, егіс алқаптарына кетпен, күректермен су жіберіп, егістікті жайылған малдардан күзетіп жүрді. Бірде төбесі қамыспен
жабылған күріш қоймасында өрт шығады. Ол қапталған күріштерді қауіпсіз жерге таси бастайды. Өрт шалған жерде 25-30 қаптай күріш қалып қояды. Соғыс кезінде адамдарға 30 қап күріш алтыннан да қымбат еді. Сол оқиға туралы Ақылбек Көшекбаев былай деп, еске алады: “Өлсем де, бәрін алып шығамын,- деп өзіме серт бердім. Есімді жисам, денемнің бәрі ауырып, тұла бойымды күйік шалғанын білдім. Қасымда ауылдастарым, бригадир тұр екен. Бригадир Алтыным, Ақылбекжан, сен нағыз батыр екенсің. Сен күрішті ғана емес, біздің өмірімізді құтқарып калдың,- деп жылап тұр екен”. Жергілікті фельдшер Ақылбектің күйігі өте ауыр болғандықтан аман қалуы екіталай екенін айтады. Шешесі Сағын қайғыдан қан жұтып: «Тағдыр үлкен балаларым мен күйеуімнен ажыратты. Енді асыраушы балам Ақылбегімнен айырылсам, не болады»,- деп қатты қайғырды. Оның өмірін Владивостоктан жер аударылып келген кәрістер құтқарып қалады. Кейін Сағын апай олар туралы сүйсініп айтып отыратын. «Әлі есімде, Валя Ким апай «Сағын апай, мен қайтсем де ұлыңды ажалдан алып қаламын. Біз Қиыр Шығыстан Қазақстанға ауыр жолмен жеткенде, сен және жерлестерің бізді жылы шыраймен қарсы алып, өз балаларыңның аузынан жырып, бізге соңғы нандарыңды бөліп бергендеріңді қалай ұмытайын? Сендер бізге туыстан да артықсыңдар»,- деді. Балық майын емдік шөп тұнбаларымен қосып, күніге баланың күйік жерлеріне жағып тұрды. Сөйтіп, кәріс-ағайындар өмір бойы туыс-бауырдай болып кетті. Сағын апай, балалар және ауыл тұрғындары 1,2 гектарға күріш егіп, соғыс кезінде 5-6 тонна күріш жинап отырды. Әрине, ол кезде техникасыз, қолмен күріш алқабын өңдеу оңай болған жоқ. Соқаларға бұқа, ат жегіп, жер жыртты. Жас Ақылбек достарымен күріш алқабын күтті, колхоз малын бақты, бие, сиыр сауды және әйелдер, қыздармен бірігіп, көп ұлтты елдімекенде «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін» ұранымен аянбай еңбек етті. Ұлттар арасындағы достық, біріккен еңбек, татулық, мейірімділік, ауызбіршілік арқасында еліміз Ұлы Жеңіске жетті. Осы жеңіске алыстағы Мұқаншы ауылындағы көп ұлтты отбасылар да өз үлесін қосты. Олардың бірі-Ақылбек Көшекбаев тыл ардагері, өз дәуірінің бетке ұстар азаматы, ауылымыздың мақтанышы. Колхоз басқармасы соғыстан кейін оған Абай атындағы КазМПИ-дің тарих факультетіне жолдама берді. Студент кезінде-ақ оның Қазақстан тарихына деген ғылыми қызығушылығы артып, еліміздің тарихын зерттеуге теңдесі жоқ үлкен үлес қосты. Ол «Отечественная история» студенттік газетінде редактордың көмекшісі, студенттер арасында факультет дәріскері, ғылыми экспедициялар, халқымыздың жауынгерлік және еңбекті даңқты жерлеріне жорықтар, Алматы және Мәскеудің мемлекеттік мұрағаттарындағы зерттеу жұмыстары- бәрі туған жердің тарихына деген махаббатын оятқан күнделікті қызметі еді. Еңбек жолын 1950 жылы Жамбыл ауданындағы Аса ауылында Молотов атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі қызметімен бастады. Биік білімдарлық, кең жалпы мәдениеттілік, ұйымдастырушылық қабілеті оны осы мектептің директоры дәрежесіне дейін көтереді, сонымен бірге Жамбыл аудандық халықтық білім беру бөліміне штаттан тыс аға қызметкер болып сайлануына мүмкіндік береді. 1953 жылы ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мутипа Зулхашеваға үйленіп, отбасын құрды. 1954 жылы Свердлов ауданының Жамбыл қызылша совхозына ауысып, кешкі орта мектебінің директоры қызметін атқарды. Ал 1958 жылы Крупская атындағы 8 жылдық мектептің директоры етіп сайлайды. Үлкен ұйымдастырушылық қабілеті оған бір мезетте аудандық тарих пәні мұғалімдерінің ғылыми-әдістемелік семинарына басшылық етуге де көмектесті. Осы жылдары ол тарих, философия, мәдениеттану және құқықтанудан бірнеше әдістемелік кешендер жасап шығарды. 1958 жылы оны дәріскерлер аппаратының штаттан тыс жетекшісі етіп тағайындайды. Мұнда ол өзін республикалық буынның керемет насихатшысы ретінде танытты. Ақылбек Көшекбайұлының көрегендігінің арқасында ауданның әлеуметтік цикл мұғалімдері мен оларға ғылыми-әдістемелік жұмыста практикалық көмек көрсетіп келген еліміздің ең мықты тарихшы-ғалымдары арасында өзара тығыз байланыс орнады. Оның басшылығы мен нұсқауы бойынша ұйымдастырылған көптеген ғылыми конференциялар, семинарлар аудандағы көп мектептерде тарих пәнін оқыту сапасы мен әлеуметтік мәдениет дәрежесінің жоғарылауына себеп болды. Ол 7 жыл бойы басқарған Крупская атындағы 8 жылдық мектеп аудандық, облыстық көлемде алғашқы орындарды иеленді, грамоталарымен, жанды әуенді аспаптардың толық жиынтығымен, республикалық жарыстардың жеңімпазы белгілерімен бірнеше рет марапатталды. 1965 жылы ол Гоголь атындағы орта мектебіне директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылады, ал 1966 жылы оны облыстық саяси оқу-ағарту үйінің жанындағы тарих және құқықтану бойынша ғылыми кеңестің мүшесі етіп сайлайды. Мұнда ол 40 жыл бойы республикалық буынның насихатшысы болып сайланып отырды. Ол адамзаттық құндылықтың дамуына, біздің көпұлтты мемлекетіміздің құқықтық қоғамының демократиялануы мен даму принциптеріне үлкен көңіл бөлінген 50-ден аса ғылыми, оқу әдістемелік жұмыстардың авторы. Әсіресе, оның облыстық «Ақ жол» және «Знамя труда», қалалық «Жамбыл-Тараз», «Щит», аудандық «Ауыл жаңалығы» газеттерінде, жарық көрген туған өлкенің даму тарихы жайындағы «Біздің тарихи өлке-Қазақстан мақтанышы», «Аңыздар», «Ауылға бет бұрайық», «Ежелгі Тараз-Төменгі Барысхан», тағы басқа ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрді. Ақылбек Көшекбайұлы әрбір адам өзінің шығу тегін білуі тиіс деп санайтын. Сондықтан да жастардың қоршаған әлем туралы, тарихқа, заңға деген құрметін ояту мақсатында саяси сауатты, ұлтжанды азаматтардың қалыптасуы үшін, олардың қоғамның әлеуметтік-мәдени және экономикалық даму заңдылықтарымен танысуына көп көңіл бөлді.Тұғырлы тұлғаның еңбексүйгіштігі, қызметіне деген адалдығы ел-жұртқа сыйлы етті. 5 баласынан 8 немере көрген халқының ардақты перзенті қарапайымдылығы, сыпайылығы, жоғары адамгершілігімен ерекшелене білді. Ауданымызға қарастыТалас ауылының «Құрметті азаматы», «Ауылшаруашылық және педагогикалық еңбектің ардагері», «ҚР оқу-ағарту ісінің озаты», «Қазақстан Республикасының аға оқытушысы» дәрежесінің иегері және көптеген мемлекеттік, облыстық, аудандық деңгейдегі марапаттарға ие болған Ақылбек Көшекбайұлы 50 жылдан аса уақыт халықтың оқу-ағарту ісіне қызмет етті. Зейнеткерлікке шықса да ол ұстаздық қызметін тоқтатқан емес, жас ұстаздарға көмектесті, өз ауданына қарасты Қостөбе ауылдық аймағындағы жастармен жұмыс ісін басқарды, облыстық барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыстаболып, ауыл, аудан, облыстың қоғамдық өміріне де белсене атсалысты. Оның есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты республикалық алтын кітапқа енді» (Алматы «Дәуір» 2007 ж.). ...ХХ – ғасырдың құрдасы, тарихшы- құқықтанушы, ҚР оқу-ағарту ісінің озаты, Байзақ ауданы, Талас ауылының “Құрметті азаматы” атанған Ақылбек Көшекбайұлы сияқты азаматтардың ерен еңбегі ешуақытта ұмытылмайды.
Ферменбай ДЖУАНЫШЕВ, аудандық ішкі істер органы ардагерлер ұйымының төрағасы. |