Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді. Жұмысшы мамандар - кәсіби білім алған, өз мамандығын терең меңгеріп, дағдыланған азаматтар. Ал оларға бір жылдың арнайы арналуы үлкен құрмет деп білемін. Бала – болашағымыз, олай болса, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі. Ал тәрбиеші жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін, тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, әрбір баланың өміріндегі маңызды да, ең бірінші әлеуметтік өмірге араласуы, қоғаммен байланыс жасауы осы балабақшадан бастау алады. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде
көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген сөз бар. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құндылық қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеу отбасы мен педагогтардың да міндеті. Сондықтанда ата-аналар балалары 2-3 жасқа келген соң алдымен балабақшаға береді. Онда олар жазу, сызу, ән айтып, би билеу, бір-бірімен сөйлесіп, өздерінің ой-өрістерін кеңейтеді. Жақсы нәрселерді үйреніп, өздері киініп, тамақ ішуге де бейімделеді. Ал оларға сондағы тәрбиешілер мен олардың көмекшілерінің еңбегі көп. Олар өз топтарындағы 20-25 баламен күніне жұмыс жасайды. Міне осындай тәлімді тәрбиешілердің бірі – Толқын Бердібекова ұзақ жылдардан бері аудан орталығындағы «Балдырған» балабақшасында абыройлы еңбек етіп келеді. -Мен 1969 жылы 3 желтоқсанда Шу ауданы, Далақайнар ауылында дүниеге келдім. 1989 жылы Байзақ ауылына келін болып түстім. 2007 жылдан бері «Балдырған» балабақшасында жұмыс жасап келемін. «Күншуақ» тобы тәрбиешісінің көмекшісі қызметін атқарамын. Мамандығым өзіме қатты ұнайды. Бұл мамандықтан еш жалыққан емеспін. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Балабақша тәрбие мен білімнің алғашқы бесігі. Ендеше мектепке дейінгі тәрбиеленушілерімізге үздіксіз білім мен тәрбие беру өзімнің басты мақсаттарымның бірі екенін мақтанышпен айта аламын. Балабақша балалардың тұлға болып қалыптасуына үлес қосатын алтын ұя. Әрбір сәбидің сыңғырлаған күлкісі, мөлдіреген көздері, балдай тәтті сөздері жаныңды жадыратып, жүрегіңді елжіретіп жібереді. Балалар алғаш балабақшаға келген кезде анасынан ажырағысы келмей, өздерін жайсыз сезінеді. Ал кішкене уақыттан кейін балабақшаға, өзімен бірге келетін балаларға үйреніп, ойнап кетеді. Олармен былдырлап сөйлеуді, ұжым болып ойнауды, өздігімен тамақ ішіп, ұйықтауды үйренеді. Одан басқа сызу, жазуға, оқуға бейімделеді. Мен уақытымды алдымдағы сүйкімді, кіп-кішкентай бүлдіршіндерге арнаған ең бақытты да, бағалы кездерім деп білемін, - дейді Толқын Дәуенқызы. Ширек ғасырға жуық бір мекемеде, бір қызметті үздіксіз атқарып келе жатқан Толқынның балаға деген махаббаты ерекше. Өзі айтқандай мамандығын ұнататын оның алдынан қаншама сәби қанат қақты. Олар балабақша ғана емес, мектеп, жоғарғы оқу орнын бітіріп, бүгінде үлкен қызметтерде жүр. Сондықтанда Толқын сондай азаматтарды алғашқы күннен тәрбиелегенін әрдайым мақтан етеді. Мемлекет басшысының биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы етіп жариялағанын дұрыс санайды. Толқын жолдасы Адасхан Бердібеков екеуі 1 ұл, 1 қыз өсіріп, олардан 4 немере сүйіп отырған бақытты жандар.
Мадина ЕРКІНҚЫЗЫ. |