
Ұлттық спортты ұлықтау – бұл халқымыздың мәдени мұрасын сақтап, оның бай дәстүрлерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Қазақтың ұлттық спорт түрлері – бұл тек спорттық жарыстар ғана емес, сонымен қатар халқымыздың өткен тарихын, дәстүрін, ой-санасын көрсететін айқын көрініс. Ұлттық спорт түрлері жастарды батырлыққа, шыдамдылыққа, төзімділікке, табандылыққа тәрбиелейді. Сонымен қатар, бұл ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтады, жастарға өздерінің ата-бабаларының мұрасын үйретеді. Үлгілі ауылдық округінде 18 бен 35 аралығындағы
585 жас тұрады. Спорт-денсаулық кепілі. Міне мұны жақсы білетін үлгілілік жастар спортты жандарына серік етіп келеді. Соның арқасында олар аудан, облыс қана емес, республика, тіпті әлемдік, халықаралық жарыстарда да топ жарып жүр. Біз мұндай ауыл, аудан абыройын асқақтатып жүрген саңлақ спортшыларымызды әркез мақтан етеміз. Олардың арасында ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятын жастардың арасындағы Азат Джумадиловты білмейтін жан кемде-кем. Үлгілі ауылының тұрғыны Азат Қайратұлы Жамбыл ауданы, Шоқай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтына түсіп, аталған оқу орнын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқып бітірген. Қазіргі таңда «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубында» жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Еліміздің туын тік көтеретін шәкірттерді тәрбиелеп отыр. Азат Қайратұлы Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына қабылданған қазақтың ұлттық спорт түрлерін дамытуға халықаралық турнирлерге үлес қосып келеді. Атап айтқанда ұлттық ат ойыны көкпар, аударыспақ, қыз қуу және теңге ілуден жүлделі орын иегері. Азат алдағы уақытта да ұлттық спорт түрлері бойынша биікті бағындыра беретін болады. Қазақ халқының ұлттық спорт түрлері тек дене шынықтыру құралы ғана емес, сонымен бірге рухани байлықты, халқымыздың бірлігін, батылдығын көрсете отырып, қазақ мәдениетін әлемге танытуға мүмкіндік береді. Ұлттық спортты дәріптеп, оның дамуына үлес қосу арқылы біз өз тарихымызды ұмытпай, мәдени мұрамызды болашаққа жеткізе аламыз.
Елнұр Бейсенқұлов, Үлгілі ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы. |