
Аудан әкімі Олжас Баққараевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте “Көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының барысы туралы” мәселе қаралды. Жиында аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәуренбек Мадешов көктем мезгілінде жүргізіліп жатқан көгалдандыру, абаттандыру, тазалық жұмыстарының барысы туралы баяндады. - Бүгінгі күнге дейін бес сенбілік ұйымдастырылды.Сенбілік жұмыстарына жалпы 2496 адам қатысты. Айлық барысында 1232 шаршы метр елді мекендер абаттандырылды, 1426 дана
тал-дарақтар отырғызылып, 2381 дана тал бұтақтары кесіліп реттелді. 61,6 шақырым каналдар мен арықтар тазаланды. 74,5 тонна қоқыс арнайы орынға шығарылды. 43 кездейсоқ қоқыс төгетін орындар жойылып, 13500 шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтары ретке келтірілді. 246 жол бойындағы бағаналар сырланып, 93 шақырым көше, аулалар тазаланды. 11 қоғамдық ғимараттардың қаскелбеттері мен тұрғын үйлердің сырт пішіні, қоршауы ретке келтірілді,-дей келе баяндамашы біраз ауылдық округтерде күл-қоқыс орындарымен қатар малдың басы мен өлексесі анықталғандығын, анықталған қоқыс орындарының жойылғаны туралы кейбір округ әкімдері ақпаратты дер кезінде ұсынбағандығын атап өтті. Бұдан соң «Алди и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Сабырхан Абжапаров хабарлама жасады. Ол жылына орта есеппен 12000 тонна қатты қалдықтар полигонға тасымалданатындығын, қағаз, шыны және полиэтиленді қалдықтар бөлек сұрыпталып, Алматы және Түркістан облыстарына қайта өңдеуге жіберілетіндігін айтты. 2024 жылдың қорытындысымен жергілікті бюджетке 4,7 млн. теңге салық төленгендігін, “Жасыл даму” АҚ қаражаты есебінен қаржыландыру бойынша бір жоба ұсынылғандығын, осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
 Әрмен қарай аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Бауыржан Танашев көктемгі екі айлық аясында жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесіне жан-жақты тоқталды. Үлгілі ауылдық округінің әкімі Мейіржан Досмұратовта хабарлама жасады. Аудан әкімі Олжас Елебекұлы “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына сәйкес ауданымызда қолға алынған іс-шараларға асқан жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтып, кемшіліктерге орын берген ауылдық округтердің әкімдерін сынға алды.Тазалық пен көгалдандыру мәдениетін әрбір тұрғын санасына қалыптастырудың маңызына басымдық бере отырып, округ әкімдеріне тұрғындар арасында “Үлгілі аула”, Үлгілі көше” акцияларын ұйымдастыруды қолға алу қажеттігіне екпін салды. Бұдан бөлек аудан басшысы ғарыш түсірілімі арқылы округтерде кездейсоқ күл-қоқыс орындары анықталатын болса, сол ауылдық округтің әкімі жауапкершілікке тартылатындығын да ескертті. «Алди и К» ЖШС-інің басшылығына жақын маңда тұратын тұрғындар денсаулығын сауықтыру мақсатында ұсыныс беруді міндеттеді. Ауыл, ауылдық округ әкімдері тарапынан өткен жылы күл-қоқыстарды кез келген жерге тастаған тұрғындарға айыппұл салынса, биылғы жылдың үш айында бірде-бір айыппұл салынбағандығының себебін сұрады. -Тазалық жұмыстарының барысы күн тәртібінен түспейді. Тұрғындарды көктемгі абаттандыру және санитарлық жұмыстарға кеңінен тарту, ағаш көшеттерін отырғызу, айналасын қоршап, күтім жасау, орын алған кемшіліктер бойынша атқарылған жұмыстар барысы келесі аппараттық кеңесте қаралатын болады,-деп сөзін түйіндеді аудан басшысы.
Гүлшахар Әбдіқұлова. |