
Жақында аудан әкімдігінде аудан әкімі Олжас Баққараев бірнеше азаматты өз өтініштеріне орай қабылдады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары қатысты. Қабылдауға келгендердің басым көпшілігі көпке ортақ мәселелерді қозғап, өздерінің ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, Байзақ ауылының тұрғыны Акбар Джолдасов Сарыкемер ауылында кондитерлік цехы мен наубайханасы барын айта келіп ұн бағасын төмендету, нан өнімдерін сататын орталықтан шағын ғимарат соғуға жер телімін
сұрады. Таразда тұратын Алмасхан Ундашов болса балық шаруашылығын дамыту үшін Жібек жолы ауылына қарасты ауданның жер қорынан жер алу, сеңкібайлық Досым Жиенбаев болса ауылдағы жайылымның тарлығы, «Сеңкібай» каналына көпір соғу, көше жарығы, ескі мектептен балалар үшін үйірмелер ашуды, құмжоталық Айнұр Дарменбаева көктем мен күзде жерасты суының көтерілуі, ауылдағы көше жарығы мәселесін ретке келтіруді сұранды. Көктал ауылының тұрғыны Темірлан Божбанов немересі Нұрболды жұмысқа орналастыруды, Үшбұлақ станциясының тұрғыны Талғат Увалиев жол жөндеу, балаларға ойын алаңшасын соғу мәселесін көтерсе, «Денсаулық саяжайы», Сарыкемер, Бурыл ауылдары, Тараз қаласының тұрғындары Гүлмира Маликова, Жақсыгүл Дандибаева, Ғайникен Асанова, Жанар Анарбековалар үй мәселесімен қайырылды. Қабылдауда болған азаматтардың көтерген мәселелері мен сұраныстарын мұқият тыңдаған аудан басшысы Олжас Елебекұлы бұлардың барлығын заң аясында шешудің жолдарын түсіндірді. Ал кейбір көтерілген орынды мәселелер зерделеніп барып, шешім қабылданатынын айтты. Қабылдауда көтерілген мәселелердің барлығы аяқсыз қалмайтыны ескеріліп, оны шешу жолында жұмыс атқару округ әкімдері мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |