Онлайн газет



АРДАГЕРЛЕР ӨНЕРІМЕН ТӘНТІ ЕТТІ

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Ерлікті жасау - бір ерлік, оны дәріптеу - мың ерлікке тән. Отанға деген сүйіспеншілік, Жеңіске деген құштарлық, өршіл рух, достық пен ынтымақ – Ұлы Жеңістің негізі болды. 1418 күнге созылған соғыста байзақтық жауынгерлер бабаларының даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Олар қазақтың қайсар, рухы биік, батыр халық екенін әлемге танытты.  Аудан еңбеккерлері 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты.
Аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, облыстық ардагерлер кеңесі мен облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Жеңіс туы желбіресін» атты облыстық ардагерлер байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті.
Байқаудың ашылуында сөз сөйлеген Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі  жанындағы Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің  маңызына жан-жақты тоқталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров  ел басына күн туған шақта ауданымыздан 3341 азамат сұрапыл соғысқа аттанып, оның 1981-і елге аман оралғандығын, Жеңісті жақындатуға аға буынның қосқан үлесінің қомақтылығын атап өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов  облыс бойынша 6 соғыс ардагерінің біреуі ауданымызға қарасты Жетібай ауылында тұратындығын,  қаңтар айында ардагердің 100 жылдығы аталып өткендігі, бүгінгі бейбіт әрі берекелі өміріміз сол қаһарман батырлардың көзсіз ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегінің арқасы екенін тілге тиек етті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан шараға  белсене қатысып  отырған ардагерлерге  сәттілік тіледі.
Айтулы шараға 17 ауылдық округтерден келген ардагерлеріміз қатысып, төрт аталым бойынша өнер көрсетті. Түрлі аспаптарда ойнады, төл туындыларын оқып, “сегіз қырлы, бір сырлы” екендіктерін  танытты.


Байқау ардагерлерден құралған «Ардагерлер» хорының  орындауында белгілі  композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Көгершін» әнімен ашылды. Әрі қарай  елге танымал соғыс жылдарындағы “День Победы”, Ғали Ормановтың сөзіне жазылған Әбілахат Еспаевтың «Орамал», Мұхан Төлебаевтың «Кестелі орамал»,  “Катюша”, Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір», «Журавли», ”Синий платочек”, “Бейбітшілік сақталады” әндерін көкбастаулық Нұрболат Жылысбаев, мырзатайлық Сәтбала Құлымбаева мен Күлбахира Орданова, сарыкемерлік Ермек Жүнісов, үлгілілік Гүлнар Боранбаева, ынтымақтық Құндыз Даумова, жетібайлық Жеңіс Қазыбаев, ақжарлық Ертай Тазабеков,  түймекенттік Ботакөз Алишева, абайлық  Ақылбек Мақұлбек, кеңестік Гүлсім Ақбердиевалар әуелете шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе  Ынтымақ ауылдық округінен келген «Ақ әже» ансамблінің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім»,  сарыкемерлік «Фольклорлық топтың» тамылжыта шырқаған халық әні “Айхай-25» әндеріне қошемет айрықша көрсетілді.
Белгілі ақын Қасқырбай Нарбатыр “Өтті соғыс”, байзақтық Несіпкүл Ахметова “Ұрпақтардың есінде”, мырзатайлық Аида Будеева “Қанды кешкен қазағым“, үлгілілік Майра Сатыбалдиева ”Аты өшсін соғыстың” атты өлеңдерін  оқып, тыңдармандардың қошеметіне бөленді. Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа төсеген аталарымыздың ерлігін әспеттеген тағылымы мол шараны сарыкемерлік Алмахан Исабаевтың орындауындағы “Смуглянка» және  Қасқырбай Нарбатырдың «Тағзым» әнімен түйінделді.
-Ауданымызда өнерлі де талантты ардагерлер көп екен. Ұлт болашағы, келер ұрпағының жарқын болашағы үшін күресіп, жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр аталарымыз бен тыл еңбеккерлерінің еңбегі ешуақытта ұмытылмайды.Соғыстың салған қасіретін көз алдыңа келтіретін ақындардың жыр шумақтары, өнерлі ардагерлеріміздің түрлі аспаптарда ойнап, әуелете салған әндері көзімізге жас келтірді. Ақжаулықты аналарымыз бен қазыналы қарияларымыздың өнеріне тәнті болдық. Жалпы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған шарадан үлкен әсер алдық,-деді  Әйгерім Манатқызы.


Байқау соңында барлық өнерпаз ардагерлерге аудан әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар “Amanat” партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева партияның “Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында Ынтымақ ауылынан келген “Ақ әже” ансамблі мен ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырға  ақшалай сертификатты табыстады.
Алдағы уақытта байқау барысында іріктелген өнерлі ардагерлеріміз облыстық байқауға қатысып, ауданымыздың намысын қорғайтын болады.
Айрықша атап өтетін жайт, “Ардагерлер” хорының құрамында болған Үлгілі ауылдық округіндегі “Асыл әжелер” ансамблінің мүшелері де жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жұртшылықтың құрметіне ие болды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өткен шараны тамашалауға келген қалың қауым әрбір ауылдық округтерден қатысқан ардагерлеріміз соғыс даласындағы ерлікті дәріптейтін шығармалар, қазақ және орыс классиктерінің туындыларын, егемен еліміз, жеріміз туралы және ұлттық рухты көтеретін жалынды патриоттық әндерді мәнеріне келтіре орындап, ұмытылмастай әсер сыйлады.

Өз тілшіміз.

Обновлено 11.04.2025 10:39
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін228
mod_vvisit_counterКеше1193
mod_vvisit_counterОсы аптада8277
mod_vvisit_counterӨткен аптада9056
mod_vvisit_counterОсы айда6933
mod_vvisit_counterӨткен айда45659
mod_vvisit_counterБәрі2933948

Серіктестер