Кеше аудан әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезектен тыс XLIV-сессиясы мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаевтың төрағалығымен өтті. Сессияға аудандық мәслихаттың 17 депутатының 14-і, аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты. Сессияда «Байзақ аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдарындағы босаған орындарға сайлау өткізу туралы» Байзақ ауданы бойынша сайлау комиссияларының құрамындағы босаған орындарға сайлау өткізу үшін уақытша комиссияның төрағасы, депутат Елнұрбек Ермеков
баяндады. -Учаскелік сайлау комиссияларының 14 мүшесінен әртүрлі себептерге байланысты атқарып жүрген қызметтерінен босату туралы өтініш түскен. Аудандық мәслихаттың ресми сайтына 2025 жылғы 20 наурызда құрамында бос орындар бар сайлау комиссияларының нөмірлері мен орналасқан жері және оларға саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныс беруге мүмкіндігі бар екені туралы хабарландыру жарияланған. 2025 жылғы 20 наурыздан 3 сәуірге дейін олардан ұсыныстар қабылданды. Жарияланған конкурс негізінде саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар босаған орындарға өздерінің кандидаттарын ұсынды, - деді Елнұрбек Сайланбекұлы. Сессияның шешімімен учаскелік сайлау комиссияларының мүшесі болып №126-ға Қыдыралы Оралов, №127-ге Болат Әбжапар, №128-ге Қанат Сатенов, №130-ға Бекзат Әлімжанұлы, Құралай Етекбаева, №131-ге Ермек Джаналиев, Айнұр Тұрапбаева, Қанатбек Мұраталиев, Лайла Бекманова, №146-ға Серікқали Молдабай, Айдана Қосуақ, №147-ге Қайрат Оринов, Нұржамал Молдашева, Асель Қуатовалар сайланды. Сессияда «2025-2027 жылдарға арналған Байзақ ауданы ауылдық округтерінің бюджеттері туралы» Байзақ аудандық мәслихатының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №41-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбеков баяндама жасады. Онда бюджеттің кірісі 100 689 мың теңгеге ұлғайғаны, оның ішінде облыстық бюджет есебінен-69 079 мың теңгеге кеміген, аудандық бюджеттен трансферттер 176 305 мың теңгеге, өзіндік кірістер және жыл басындағы бос қалдық есебінен 31 320 мың теңгеге ұлғайған. Бюджеттің шығыс бөлігінде жоғары тұрған бюджеттен түскен трансферттерден және өзіндік кірісті ұлғайту есебінен жоғарыда аталған қаражаттар тиісті функционалдық топтарға бөлінген. Округтерге бөлінген қаражаттар қандай жұмыстарға жұмсалатыны анық көрсетілген. Сондықтанда ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, шешім қабылданды. Сессия соңында Бақтияр Мұратұлы депутаттарды алдағы кезекті сессияның күн тәртібімен таныстырып, оған дайындықпен келуді ескертті.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |