1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, Кеңес халқы Отанды қорғау жолында алғашқы күндерден бар күшті жұмылдырды. Төрт жылға созылған соғыс Кеңес халқына оңайға соққан жоқ. Экономикаға түскен ауыртпалықтан бөлек, қаншама ер-азаматтарымыз майдан даласында шейіт болып, қаншама жанұю қара жамылды. Әйелдер жесір, балалар жетім қалды. Қаншама жан соғыстан аяқ-қолдарынан айырылып, елге мүгедек болып оралды. Осы соғыста 500-ден аса қазақстандыққа “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілсе, ұрыс даласында көрсеткен ерліктері үшін 114 қазақстандық жауынгер «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғанымен, берілмеген екен. Солардың 8-і жамбылдық жауынгерлер. Солардың бірі–соғысқа Байзақ ауданы, Ақжар ауылынан аттанған Үмбетқұл Жиенбаев. Ү.Жиенбаев 1942 жылы 7 жылдық мектепті бітіріп, майданға аттанады. Алғаш инженерлік-саперлық дайындықтан 5 айға жуық өткен соң, батальон қазан айында Солтүстік-Батыс майданы, 34-армияның, 1391-инженерлік-сапер батальоны
қатарында майданға кіреді. Демянск операциясына қатысады. Бұлардың армиясы Старая Рульдің оңтүстігіндегі жауға күйрете соққы беріп, жау әскері шегінуге мәжбүр болады. Ленинград қаласын жауға бермеу жолында қиян-кесті ұрыстар жүріп жатты. Осы қанды ұрыстардың ішінде жерлесіміз, 21 жастағы Үмбетқұлда бар еді. Ол 1-Беларусь майданында соғысып, Брест, Седльце, Люблинді азат ету жорықтарына қатысады. 1945 жылдың басында 1-Беларусь майданы жауынгерлері Висло-Одер ұрыс жорығында болады. Одан әрі, Варшава-Познань бағытындағы ұрыстарға қатысады. Батальон жауынгерлері 48-инженерлік-сапер Брест бригадасының 239-инженерлік-сапер батальоны ретінде неміс фашистерімен ұрысты жалғастырады. Ефрейтор Үмбетқұл Жиенбаев 1945 жылы 20 сәуірде жау оғының астында Грайфенхаген қаласы оңтүстігінде Одер өзенінен өтуде шапшаң әрекет жасап, алғы бетке бірінші болып шығып, фашистер бекінген Вест Одер өзенінің батыс жағалауына өз жауынгерлерінің өтуіне жол ашып, көзсіз ерлік жасайды. «Бұл жағалауда жаудың ірі калибрлі пулеметі мықтап орналасқан болатын. Бізге солардың көзін жою тапсырылды», - деген еді Үмбетқұл ағай мектептегі кездесуде. Осы Одер өзенінен өту кезіндегі ерлігі үшін ефрейтор Үмбетқұл Жиенбаев 1945 жылдың сәуірінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Алайда бұл ерлік «Қызыл жұлдыз» орденіне лайық деп табылады. Ү.Жиенбаев ұрыс даласындағы көрсеткен ерліктері үшін 1945 жылдың 15 ақпанында және 27 шілдесінде екі рет “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған. Одер өзенінен өтуде ұрыста контузия алып жараланып, госпитальда емделіп жатып, қайта сапқа тұрады. Жеңіс күнін Берлинде қарсы алып, Оңтүстік-Орал әскери округіне қайта оралып, өз батальонында әскери міндетін жалғастырады. Туған елге 1947 жылы сәуір айында оралады. 1948 жылы Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищеге түсіп, 1950 жылы қызыл дипломмен бітіреді. Сол жылы Ақжар ауылындағы Жамбыл атындағы 7 жылдық мектебінде география-биология пәні мұғалімі болып жұмыс істей жүріп, Шымкент мұғалімдер институтының география-биология факультетін сырттай оқып бітіреді. 1983 жылы зейнетке шығып, 1988 жылға дейін жұмысын жалғастырады. Бұл күнде Ү.Жиенбаевтың үлкен қызы Алматыда ұстаздық қызметте, кіші қызы Шымкент қаласында дәрігер болып жұмыс істейді. Үмбетқұл Жиенбаевтың Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін есте сақтау және кейінгі жас ұрпаққа үлгі ету үшін Түймекент ауылдық округі әкімдігі мен ардагерлер ұйымы елдімекеннің бір көшесіне батыр есімін берсе дұрыс болар еді.
Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ, батырдың шәкірті. ҚР Білім беру ісі үздігі. Ақжар ауылы. |