Онлайн газет



ТАУАРЛЫ НЕСИЕНІҢ ШАРАПАТЫ

«Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыруға» бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы 2019 жылдан бастау алды. Алғашқыда әрбір ауданнан сынақ ретінде бір ауылдық округ қана қатысқан  пилоттық жоба сол жылы-ақ өзінің тиімділігін көрсеткен болатын.
Ал аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасына өткен 6 жылда Қостөбе, Түймекент, Үлгілі, Жалғызтөбе, Көптерек, Ынтымақ ауылдық округтері енгізіліп, 1091 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс атқаруда. Олардың басым бөлігі жобаның пайдасын көріп, өз жағдайларын анағұрлым жақсартып алды.
Аталған жоба бойынша 6 ауылдық округ 5,1 млрд. теңге, 27206 бас мал, 90 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алса, жеке азаматтар өз кәсіптерін ашу бойынша 19 жобаны іске асырды. Міне осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында ауданда жұмыссыздар саны 2,5 есеге кеміп, тұрғындардың орташа табысы 2,4 есеге артты. «Ауыл аманаты» жобасының V-бағыты-бизнес жобаларды қаржыландыру бойынша мемлекеттен аз пайызбен несие алып, өз кәсібін ашамын деушілерге әліде болса есік ашық. Бүгінгі күнге аудан көлемінде бұл бағыт бойынша 106 өтініш беріліп, оның 48-і қаржыландырылды, 58 өтініш құжаттары қаралуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2024 жылдың қыркүйек айындағы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет», - деп атап өткен еді.
Енді міне биылғы жылдан бастап ауданымызда несие беру механизмі жүзеге аса бастады. Тауарлы несие беру механизмін халық әлі жақсы түсіне қойған жоқ. Сондықтанда аз-кем мағлұмат бере кеткенді жөн санап отырмыз.
Мұнда алдымен аудан, ауыл әкімдіктері және ветеринариялық станциялар тауарлық несие беру мақсатында операторларды (малды беретін адам) анықтайды. Берілетін малдың ветеринариялық сараптамаларын жүргізеді. Жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) және оператор арасында келісімшарт жасау жұмыстарын атқарады.
Ал ауыл әкімдері, шаруа қожалықтар (ШҚ), жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (ЖШС), кооперативтер (операторлар) тауарлық несие беру барысында мүлікті кепілге қою жұмыстарын ұйымдастырады. Келісімшарт негізінде ЖҚШ-қа тауарлық несие ретінде 5 жылға дейінгі мерзімге мал беріледі. Тауарлық несие беру алдында берілетін малды сақтандыру шығындарын несие мерзімі аяқталғанға дейін өтейді (50/50%).
Сондай-ақ мұнда тауарлық несие алынған төлдің есебінен келісілген 5 жыл ішінде қайтарылуы тиіс. Тауарлық несиені қайтару жолдары төмендегідей: Мәселен, үш жасар 100 бас қой алса жылына одан алынған төлдің 40 басын операторға төлеп отырады. Сонда 5 жылда 200 қозы береді. Ал қалған қозылар мен бастапқыда алған 100 бас қой өзінде қалады. Сол сияқты екі жастағы 10 аналық сиырдан 5 жыл бойы жылына 4 бұзаудан операторға өткізіп отырады. Тиісті мерзім өткеннен соң қалған бұзаулар мен 10 бас аналық сиыр өзінде қалады.
Келісімшарт жасасқанда сақтандыру жолдары, сақтандыру тарифтері, төлем жолдары мен сақтандыру процестеріде ескерілетін болады.
Аталған бағдарламаның шарапатын сезініп, кәсібін кеңейтуді қолға алғалы отырған ауыл тұрғындары көбейіп келеді. Алайда бағдарлама механизмін әліде болса мал берушіге де, мал алушыға да жан-жақты түсіндіруді округ әкімдері мен тиісті мамандардың қолға алғандары жөн. Олай дейтініміз бағдарлама жүзеге аса бастағалы үш айдан аса уақыт болғанымен әзірге аудан бойынша Ботамойнақ ауылдық округіндегі «Заңғар» шаруа қожалығының жетекшісі Нұржан Рахмановтан Сарыкемер ауылының тұрғыны Сәбит Молдасынов қана 10 бас сиыр алып, оператормен 5 жылға келісімшартқа отырған.
Ал бұл бағдарлама ауыл тұрғындарына өзара қолдау көрсетіп, кәсіпкерлердің бір-біріне сенім артуының жарқын көрінісі болмақ. Шаруашылықпен айналысуды қалағанымен бірақ бастапқы қаржысы жоқ азаматтар үшін тауарлы несие-үлкен мүмкіндік. Ендеше осындай мүмкіндіктен шет қалмай, ауылдық жерлерде мал шаруашылығын дамытуға мол үлес қосайық.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін84
mod_vvisit_counterКеше1640
mod_vvisit_counterОсы аптада3238
mod_vvisit_counterӨткен аптада10582
mod_vvisit_counterОсы айда33378
mod_vvisit_counterӨткен айда45108
mod_vvisit_counterБәрі2824584

Серіктестер