
Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қорғануға арналған бірінші кезектегі іс-шара жоспарының 21-тармағын жүзеге асыру мақсатында семинар-кеңес өтті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбековтің төрағалығымен өткен семинарға ауыл, ауылдық округ әкімдері, ветеринариялық пункт меңгерушілері, медицина саласының қызметкерлері, мектеп директорлары, ауыл шаруашылығы саласының мамандары
қатысты. -Байзақ ауданы бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ошағы өткен жылдары Көкбастау, Абай және Талас станциясы елдімекендерінде тіркелген болатын. Талас стансасы қала аумағына енді. Сондықтанда Көкбастау және Абай ауылдарын өңдеу бойынша дайындық жұмыстары жүруде. Өңдеудің І-кезеңі сәуір, ал ІІ-кезеңі мамыр айында жүргізілетін болады. Сондай-ақ ауданда кенеге қарсы көктемгі залалсыздандыру жұмыстары басталып кетті,-деді аудан әкімінің орынбасары Болат Мырзаханұлы өзінің кіріспе сөзінде. Семинарда «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының клиникасы, диагностикасы және емі туралы» Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сағыныш Нұрғабылова слайдты пайдалана отырып, айтып берді. - Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы-ең ауыр аурулардың бірі. Мұны қазақша «Көкала» деп атайды. Аталған ауру көп жағдайда мал шаруашылығында жұмыс істейтіндер арасында кездесіп жатады. Ал оның алдын алу үшін алдымен тазалықты сақтаған жөн. Бұл ауру Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында кездеседі. Ауырған адам 14 күн дәрігерлер бақылауында болуы тиіс,-деді Сағыныш Қабылтайқызы.
 Бұдан кейін сөз алған аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Рита Алтынбасова аталған аурудың 2022, 2023 жылдары Абай, Көкбастау ауылдарында тіркелгенін атап өтті. Ошақ болған жерде міндетті түрде залалсыздандыру жүргізілетінін, көктем шыға мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндеріне сақ болу керек екендігін баса айтты. Сондай-ақ қора-жайларды таза ұстау, уақытылы дәрілеп отыру аурудың алдын алудың жолы екендігін ескертті. -«Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған науқастан биологиялық қағидаларды сақтай отырып, сынама алу, орау тәртібі және тасымалдау туралы» ұлттық сараптама орталығының Жамбыл облысы бойынша филиалының Аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Ақмарал Жарылқасынова баяндама жасады. Ақмаралдың баяндамасы кене шаққандағы жағдайда науқасқа көрсетілетін дәрігерлік көмектер туралы болды. Науқастан сынама алу, тиісті жерді бірнеше қабат етіп орау, ауруды тасымалдаудың жолдары жан-жақты айтылып, түсіндірілді. «Республикалық және облыс аумағындағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық жағдайы туралы» Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Күмісбек Рахимов айтып берді. -Бұл республика және облыс аумағындағы аса қауіпті инфекцияға жатады. Ауру тез таралады, науқасты соңы өлімге апарып соғады. Ауру залалданған кенеден, жануардың қаны арқылы, науқас адамның қаны мен зәрі, сілекейі және сұйықтықтармен жанасқанда жұғады. Ал адамнан-адамға жұғу өте қауіпті. Аурудың таралу жолдары-үй және жабайы жануарлардан, жемшөп арқылы, отын тасымалдау кезінде, тыңайытқыштан және топырақ, құм арқылы таралады. Сондықтанда аталған аурудың алдын алып отыруымыз қажет,-деді Күмісбек Рахымұлы.
Сүндетулла Әбілов. |