
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «TazaLike» жобасы басталғалы бері ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, ауылдардағы саябақтар мен көше бойларына түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, күтімге алынуда. Өткен аптаның сенбісінде «TazaLike» жобасы аясында Ботамойнақ ауылдық округінде орналасқан атшабарда «Жасыл аула» акциясы ұйымдастырылды. Тұрғындар атшабарға жүздеген қара ағаштар отырғызып, жас көшеттердің
түбіне шелекпен су құйды. -Акцияның басты мақсаты-қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыруды көздейді. Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөз бар. Туған жерімізді көркейтіп, абаттандыру-ортақ іс. Сондықтан акцияға ботамойнақтықтар біркісідей атсалысып, атшабарды көгалдандыруға өз үлестерін қосуда,-дейді акцияны ұйымдастырушылар. Бұдан бөлек «Таза жағалау» акциясы аясында Сарыкемер ауылындағы Талас өзенінің жағалауына тазалық жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұйытқы болуымен өткен сенбілікке мекеме, бөлім, кәсіпорындардың мамандары, денсаулық сақтау мекемесі және мектеп, балабақшаның қызметкерлері қатысты. Өзен жағалауы күл-қоқыстардан тазартылып, арнайы орынға шығарылды. Айтулы шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Қуаныш Бүркітәлиев қатысты.
Өз тілшіміз. |
Обновлено 08.04.2025 16:43 |