
Ұлы Отан соғысы аяқталып, Жеңіс туының желбірегеніне биыл 80 жыл толып отыр. Жылда Жеңіс күнін тойлағанымызбен биылғы мерекеге еліміз ерекше дайындық жүргізуде. Себебі 9 мамыр - бұл мереке ғана емес, бұл еліміздің елдігін білдіретін, ерлеріміздің ерліктерін ұлықтап және рухтарына құран бағыштап, өскелең ұрпақтарымыздың санасына сіңіретін мерекелердің бірі. Елімізде Ұлы Отан соғысының зардабы мен ауыртпалығы түспеген бірде-бір отбасы жоқ шығар. Ауданымыздағы Темірбек ауылдық округі-шағын үш ауылдан (Шахан, Сарыбарақ, Тегістік) тұрады. Жалпы халық саны 2194 адамды құрап отыр. Округ аты Сарыбарақ ауылында дүниеге келген Темірбек бабаның атымен аталады. Темірбек баба Кеңес өкіметі кезінде Темірбек бөгетін салған адам. Осы бөгет арқылы тартылған каналдармен бүгінгі күнге дейін
үш ауылда ағын сумен қамтылып отыр. Соғыс жылдары үш ауыл бірігіп, Андрейтал селолық Советі атанған. Үш ауылдан Ұлы Отан соғысына 190 адам аттанып, 58-і ғана елге аман оралған. Елге келгесінде ауыл шаруашылығының әр саласында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, ел алғысына бөленгендер аз емес. Олардың қатарында Әбутәліп Әміров, Нартай Қайнарбаев, Арын Дүйсебаев, Әлімқұл Мамасеріков, Тұрсынбай Аяғанов, Әлімбек Өтебаев, тағы басқалар болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлері соғысқа кетіп, ауылда “Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!” деген ұранмен күн-түн демей, аянбай еңбек еткен жесір аналар Іңкәр Кәрібаева, Бөкен Сейітбаева, Афуажан Гуртиева, Зайпан Дүйсебаева, Тоқбала Аққұлиевалардың еңбектері ер адамның атқарар ісінен, артық болмаса кем болған жоқ. Мәселен, Зайпан Дүйсебаева «ЧТЗ», «НАТИ» тракторларын айдап, жер жыртса қалғандары оған көмекші болып суын, майын тасыған. Жеңіске деген құштарлығы сонша Тоқбала Аққұлиева соғыстағы ерінің жинап кеткен жүз бас қойын “Соғысқа, жеңіске қосқаным” деп мемлекетке тегін өткізіп жіберген. Соғыс кезінде үлкендермен қатар балалардың да еңбекке ерте араласып, шаруашылыққа қолғабыс тигізгендері баршаға аян. Тыл ардагері “Ленин” орденді шопан Мыңжасар Сәтқұлов, “Еңбек Қызыл Ту” орденді жүзімші Қыздан Абылова, Шершат Садықов, Күлән Аққұлиева, Халық Әбдешов, Ыспан Күзеков, Орынбасар Күдериев, Сыбыр Бүркітбаевтар қандай құрметке болса да лайықты жандар. Тегістік ауылындағы Ә.Жанқұлиев атындағы орта мектептің жанынан “Ер есімі-ел есінде” атты ескерткіш тақта орнатылған. Онда Ұлы Отан соғысында қаза болған 132 адамның және елге аман-сау оралған 58 адамның аты-жөндері жазылған. Оны күтіп-баптап, абаттандыруды мектеп ұжымы өз мойындарына алған. Көктемде гүл егіп, таза ұстауды перзенттік парызымыз деп түсінген ұстаздар қауымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Еліміз аман тұрғанда ерлеріміз ұмытылмайды.
БАС ИЕМІН
Қош айтып әкесі мен анасына, Қол бұлғап жары менен баласына. Талай боздақ аттанды ауылымыздан, Кешегі Ұлы Отан соғысына.
Ертеңін, не боларын ойламады, Намысы шыдатпады бойындағы. Соғысқа өзі барып сұранды олар, Қарамай қалыңдыққа қайындағы.
Есіркеп, елейді өзі тағдыр нені, Дәм айдаса сол жаққа жетелейді. Боздақтардың көбісі қыршын жастар, Ал біреуі атадан жалғыз еді.
Деді де Отан үшін жаным құрбан, Жиылып жауға аттанды ойдан - қырдан. Елінің ертеңі үшін көпшілігі, Оқ тиіп, қиылыпты қыршынынан. Өжет еді сенімді ертеңіне, Қарамай шайқасты олар өлгеніне. Басынып өзі келген қанішерді, Ойрандап, талқандады өз жерінде.
Жазылған осы емеспе тағдыр заңы, Толарсақтан су кешіп, от қармады. «Еркек тоқты құрбандық», көбісіне, Өз жерінен топырақ бұйырмады.
Жауынгер, боздақтарым о, киелім, Бәріңде батырсыңдар деп білемін! Жүректен жарып шыққан жырымды арнап, Әруағыңа бәріңнің бас иемін!
Аманғазы ХАЛЫҚОВ, еңбек ардагері. Сарыбарақ ауылы. |