Халық қалаулысы болудың басты мақсаты- елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, олардың шешілу жолдарын табу. Кез келген депутат халықтың көкейіндегі мәселелерді шешуге ықпал етіп, тұрғындардың алғысына бөленсе, бұл оның ең жоғары бағасы деп білемін. Менің басты ұстанымым да – осы.
Алғашқы менің депутаттық жолымның басталуы
2021 жылдың 23 желтоқсанында Суханбаев ауылдық округінен аудандық мәслихаттың VII - шақырылымының депутаты болып сайландым. Сол кезде сайлаушыларым ауылдардың жолдарын жөндеу, клубтарды
қалпына келтіру, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру секілді мәселелерді көтерді. Осы мәселелердің шешілуіне өз тарапымнан ықпал еттім. Халық қалаулылары елдің жағдайын жақсартуға шын ниетімен атсалысатынына тұрғындардың көзі жетті деп ойлаймын. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде округ тұрғындарымен кездесіп, шешімін таппай тұрған өзекті мәселелерді анықтадым. Халық маған сенім артып, екінші мәрте «AMANAT» партиясының атынан Суханбаев ауылы тұрғындарының басым дауысымен аудандық мәслихаттың VIII - шақырылымының депутаты болып сайландым. Сайлауалды бағдарламам осы ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталды.
2024 жылы аудандық мәслихаттың сессиялары
- «Ауданның агроқұрылымдары өндірген өнімдерді өңдеу, сақтау және өткізу жұмыстарының атқарылуы туралы»; - «Ауданның 2023 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы»; - «Аудан әкімінің атқарған жұмысы жөніндегі есебі»; - «Ауданда жастарды мемлекеттік қолдау бағдарламаларының іске асырылуы туралы»; - «Аудандық және ауылдық округтердің негізгі бюджеттерін бекіту туралы» мәселелер қаралды. Кезекті сессияға енгізілген мәселелер бойынша уақытша комиссия құрылып, енгізілген мәселелер жан-жақты зерделенді. Зерттеу барысында анықталған кемшіліктер сессияда талқыланып, тиісті органдарға ұсыныстар жасалды. Мен «Аумақтық экономикалық даму, қаржы, бюджет, әкімшілік-аумақтық құрылым, адам құқықтарын қорғау және жер учаскелерін сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау» жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесімін. Комиссия отырыстарында депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді қарастырып, атқарушы органдарға ұсыныстар беріп, олардың орындалуын бақылауда ұстап отырады.
Сайлау округім бойынша атқарылған жұмыстар
2024 жылы аудандық мәслихаттың кездесу кестесіне байланысты сайлаушылармен 4 кездесу, “AMANAT” партиясы Байзақ аудандық филиалының ұйымдастыруымен 14 кездесу өткіздім. Кездесу барысында тұрғындар көтерген негізгі мәселелер мыналар болды: - Жақаш, Қосы батыр, Көкөзек ауылдарына ойын алаңшаларын орнату; - Жақаш ауылының көшелеріне асфальт төсеу; - Қосы батыр ауылының Орынбеков көшесіне жол тежегішін орнату; - Жақаш ауылындағы «Айнұр» бөбекжай-бақшасының жөндеу жұмыстары, шатырын, есіктері мен терезелерін ауыстыру, жиһазын жаңарту және жылыту жүйесін газға ауыстыру; - Кеңес Одағының Батыры А.Суханбаевқа арналған аллея ашу; - Ұшанаев көшесіне түнгі жарық орнату және асфальт төсеу; - Қосы батыр және Жақаш ауылдарындағы футбол алаңдары маңындағы жолдарға жол кедергілерін орнату; - Жақаш, Көкөзек, Қосы батыр ауылдарының кіреберіс жолдарына бейнебақылау камераларын қою; - Қоқыс төгу полигоны мен құм-шағал өндіру орындарының заң талаптарын сақтауын қадағалау; - Қосы батыр ауылының көше шамдарын ауыстыру. Кестеден тыс ауыл тұрғындарымен тұрақты түрде қоғамдық тыңдаулар өткізіп, осы мәселелерді шешуге ықпал жасау үшін тиісті органдарға депутаттық сауалдар жіберіп отырдым. Барлық талап-тілектердің орындалуы қаржыға байланысты. Халықтың сұранысы жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан қаржыны тиімді бағытта жұмсау маңызды.
Қиындықтар мен кедергілер
Депутаттық қызмет барысында бірқатар қиындықтар да кездесті. Бюджет тапшылығы кейбір мәселелердің уақытылы шешілуіне кедергі болды. Қарастырылған ұсыныстардың барлығы бірдей мақұлдана бермейді, бұл өз кезегінде тұрғындардың күткен нәтижені тез арада ала алмауына себеп болады. Қоғамдық жұмыстар мен депутаттық қызметті қатар алып жүру белгілі бір деңгейде күш-жігерді талап етеді.
Тұрғындармен кері байланыс
Сайлаушыларыммен тұрақты байланыс жасап, олардың талап-тілектерін тыңдап отырамын. Аптасына екі рет азаматтарды жеке қабылдап, олардың мәселелерін шешуге барынша атсалысамын. WhatsApp және әлеуметтік желілер арқылы тұрғындармен тығыз қарым-қатынастамын.
Алдағы жоспарым
Алдағы уақытта Диқан ауылдық округіндегі Жеңіс ауылына 80 орындық мектеп салу – менің ең маңызды жоспарымның бірі. Бұл мектеп оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие алуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауылымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Жеңіс ауылының жаңадан соғылған саябағына және көшелеріне асфальт жабындысын төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттыруға, балалардың ойын алаңдары мен қоғамдық орындарды қауіпсіз әрі ыңғайлы етуге септігін тигізеді деген сенімдемін. Әрдайым тұрғындарымыздың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың өмірін жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырамын. Сайлаушыларымның сенімі мен қолдауы – мен үшін үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта да ауылдарымыздың өркендеуі үшін бар күш-жігерімді саламын. Сіздердің ұсыныстарыңыз бен тілектеріңіз әрдайым назарымда. Бірлесе әрекет етсек, туған өлкемізді көркейте аламыз.
Асылбек ЖАНТАЕВ, аудандық мәслихаттың депутаты. |