
Өткен аптаның жексенбісінде Байзақ ауылындағы “Тілеш қажы” мешітінің имамы Рахымбек Кенжебайұлының ұйымдастыруымен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өмір жолы туралы “Адамзаттың асыл тәжі” кітабы бойынша байқау өтті. Байқауға 117 қыз-келіншектер қатысып, бақ сынасты. Шара басталар алдында аудандық “Байзақ баба” мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өміржолы мен көркем мінезі, асыл қасиеттерінен үлгі алуымыз керектігін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң “Тілеш қажы” мешітінің имамы Рахымбек Кенжебайұлы байқаудың басты шарттары мен тәртібін түсіндірді. Атап айқанда, үміткерлер аудан тұрғыны
болу қажеттігі, сайысқа 9 жастан асқан барлық әйелдер қауымы қатыса алатындығын және пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өміріне арналған Дамира Ибрагимнің “Адамзаттың асыл тәжі” атты кітап бойынша 100 тест сұрағын Жамбыл облысы Жастар ісі секторының өкілі Есет Таласбаевтың әзірлегендігін атап өтті. Әрмен қарай үміткерлер екі топқа бөлініп, отырғызылды.Бірнеше сағаттан соң тест жауаптары алынып, сараланды. Нәтижесінде Бурыл ауылынан келген Салтанат Жантаева 83 балл жинап, Умра қажылықтың сертификатына ие болды. Жаңатұрмыстық Сандуғаш Әлімбек 80 баллмен-100 мың теңгені қанжығасына байлады. Ақжарлық Толқын Қуандықова, байзақтық Таңшолпан Әкімжан, сарыкемерлік Айя Ахпанова, Гүлдана Қалманбетовалар қаржылай сыйлықтарға ие болды. Сарыкемерлік Жанар Айсабаева мен Айгүл Битанова, сеңкібайлық Роза Абдраймоваларға сұлулық салонына жолдама табыс етілді. “Салихалы әже” аталымдарына ие болғандарға жайнамаз тарту етілді. Байқау соңында Қанат Жұмағұл бас жүлдені жеңіп алған Салтанат Жантаеваға Умра қажылығы сертификатын табыстап, жеңісімен құттықтады. Басқа да қатысушыларға сый-сияпаттар салтанатты жағдайда табысталды. Сондай-ақ байқау сұрақтарын дайындаған Есет Тұрдыбайұлы тестің маңыздылығы мен кітаптың қалай таңдалынып алынғаны туралы уағыз-насихат айтты. -Өткен жылы осындай тақырыпта байқау жариялаған болатынбыз.Үміткерлер өте көп болғандықтан 2024 жылы ерлер, ал биыл әйелдер қауымы арасында өткізіп отырмыз. Айтулы шара жоғары деңгейде өтті деуге болады. Қатысушылардың пайғамбарымызға (с.ғ.с) деген терең сүйіспеншілігі мен құрметіне тәнті болдық. Мұндай шараларды жиі өткізудің маңызы зор деп білеміз. Байқауға демеушілік жасаған Жұмажан ақсақал (марқұм) Жарылғасұлының әулетіне алғыс айтылды. Өңірімізде осындай мәрттілік, пейілі кең аталарымыздың перзенттері көп болсын,-деді Рахымбек Абиров.
Өз тілшіміз. |
Обновлено 08.04.2025 16:18 |