
Өткен аптада Сарыкемер ауылындағы орталық стадионда Қоқан хандығына қарсы ұлт-азаттық күресті ұйымдастырушы Байзақ батыр Мәмбетұлын еске алуға арналған 2010-2011 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында футболдан республикалық турнир өтті. Оған Алматы қаласы, Тараз қаласының Тараз ФК, Сұңқар ФК, Жас Тараз, Байзақ ауданының Байзақ ФК, №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің (№8 ОМБЖСМ) командалары қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов балғын спортшыларға Байзақ батыр туралы мол мағлұмат беріп, турнирде жеңімпаз атануларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ Қазақстан футболы тарихындағы үздік ойыншылардың бірі болған жерлесіміз Нүркен Мәзбаев спорттың денсаулыққа пайдасы туралы
айта келіп, жарыста алдыңғы қатардан көрінулеріне тілек білдірді. Бір аптаға созылған жарыс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнінің орындалуымен басталды. Екі қала мен ауданымыздан қатысқан 6 команда ойыншылары апта бойы бір-бірімен күш сынасты. Аса тартысты өткен турнирде барлық командаларда жарысқа жан-жақты дайындықтармен келгендіктерін байқатты. Сондықтанда ойындар барысында қақпаға гол салу қайсыбір командаға болсада арман болды. Дегенмен ойындарын үйлестіре отырып, өз қарсыластарын алдап, қақпадан саңлау тауып жатқан жастарға ризашылық білдіріп жатқан жанкүйерлер аз болмады. Нәтижесінде жүлделі 3-орын үшін өткен бәсекеде Алматы және Жас Тараз командалары арасындағы ойын 3:3 есебімен тең аяқталды. 11 метрлік доп соғуда алматылықтардың бағы жанып, 5:4 есебімен жеңіске жетті. Ал шешуші финалдық ойындағы алаң иелері №8 ОМБЖСМ мен Тараз футбол клубының ойынында көпке дейін есеп ашылмады. Екі команда бір-бірінің сырын білетіндіктен қорғанысты күшейтіп, шабуылға сирек шығып отырды. Оңтайлы бір сәтті тиімді пайдалана білген шабуылшы жерлесіміз Жарас Паримбек алғашқы голдың иесі атанды. Тараздықтарда қарап қалмады. Екі жақ кезек-кезек шабуыл ұйымдастырып, оның соңы голмен аяқталып жатты. Жан алысып, жан беріскен ойын 5:4 есебімен аяқталып, ауданымыздың №8 ОМБЖСМ командасы чемпион атанды. Алматылық футболшы Жан Маматқалиев үздік қақпашы, Тараз ФК ойыншысы Кемел Спабек үздік қорғаушы, №8 ОМБЖСМ ойыншылары Аян Жамбыл үздік жартылай қорғаушы, Жарас Паримбек үздік шабуылшы, Алмас Жүсіпалы үздік ойыншы номинациясын жеңіп алып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаз командаларға демеушілер тарапынан дайындалған арнайы кубок, диплом, медальдар мен сыйлықтар табыс етілді. Бұл жетістікте Республикалық турнирдің чемпионы атанған ауданымыздағы №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ермек Дихановтың қосқан еңбегі көп екенін ерекше атап өткен жөн. Командамыз бұған дейінде талай облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүргенін жақсы білеміз. Аталған турнирдің өз дәрежесінде өтуіне бас төреші Мырза Қазиевте өз үлесін қосты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |