Онлайн газет



ҚАЛАМЫҢ ҚАРЫМДЫ БОЛСЫН, МАЙРА!

Аудан іргесінде Үлгілі деген шағын ғана ауыл бар. Ауыл халқының ауызбірлігі мығым, атына заты сай өзгелерге үлгі көрсетіп келе жатқан ауылда туып, өскен Майра Сатыбалдиеваның қолына қалам ұстап, өлең жаза бастағанына санаулы ғана жылдар болды. Соған қарамастан әртақырыпта жазып жүрген өлеңдері аудандық, облыстық басылымдарда жарияланып, өз оқырмандарынан жақсы бағасын алып жүр. Біз бүгін үлгілілік ақын ананың жұпар иісі аңқыған туған ауылы жайлы жүректен жарып шыққан бірнеше өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Үнемі ізденіс үстінде жүретін талантты ақын Майра Төленқызына қолыңнан қаламың түспей, жазар өлеңдеріңіз таусылмасын деген тілек білдіреміз.

Редакциядан.


АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ

Қара қыз-қарапайым қыр гүлімін,
Отынан қуат алған күн нұрының.
Топырағына кіндіктен қаным тамып,
Қайнарынан нәр алған Үлгілінің.

Туған жер, шөбің мамық, суың зәмзәм,
Қайнарыңнан су іштім қанып әбдан.
Құлындай ойнақтадым кең далаңда,
Суыңды көрдім артық шекер балдан.

Жеріме тамшы қайғы шық қонбасын,
Еліме береке, құт, бақ орнасын.
Ауылым гүлдей жайнап алға бассын,
Үлгілімнің көгінде бұлт болмасын.

Жанымды жалпы жұртпен бір толғасын,
Жапырақтай жүрегім жыр жолдасын.
Ауылымның үмітін үкілейін,
Алладан қолға қалам-құт қонғасын.

Ауылым атың да үлгі, затың да үлгі,
Қызықпенен өткіздім талай жылды.
Туған жерім тасытса талабымды,
Тамаша етіп төгермін талай жырды.

*   *   *
Жасыл желек жайқалады,
Достық, бірлік байқалады.
Басқа ауылдар қайран қалып,
Үлгіліге таң қалады.

Талды тербеп таң самалы,
Бұлбұл балқып ән салады.
Ауылымды нұрға бөлеп,
Таудан асқан күн шапағы.

Пияз, арпа, бидайы өскен,
Қауызына сыймай өскен.
Қарбызының дәмін татсаң,
Өмір бойы кетпейді естен.

Егін еккен алқап жақын,
Ауданы мен қала жақын.
Тал терегі жайқалып тұр,
Қысы жылы, жазы салқын.

Көшесінде жарығы бар,
Таласында балығы бар.
Суы да бар, газы да бар,
Не керектің барлығы бар.

Талы шыңның шынарындай,
Суы таудың бұлағындай.
Үлгіліме жер жетпейді
Жері жәннат құнарындай.

Елі дархан, даласы кең,
Жусан иісті ауасы ем.
Туған жерге туыңды тік,
Жайлы мекен жұмаққа тең.

*   *   *
Қайран менің Үлгілім-ай,
Сұлулығы күн нұрындай.
Ауданға өткен, қалаға өткен,
Өте алмайды бір бұрылмай.

Қайран менің Үлгілім-ай,
Елі дархан, дәулеті бай.
Берекесі бірлігінде,
Айбаты асқан, сәулеті сай.

Қайран менің Үлгілім-ай,
Көкте жанған жұлдызымдай.
Шамдарың бар самаладай,
Жолдарың бар қыз бұрымдай.

Арман ауыл сенсің бүгін,
Қаламенен теңсің бүгін.
Жаса, жайна, жаңара бер,
Туған өлкем-өр Үлгілім.

*   *   *
Үлгілім сені мақтан етемін,
Алтын бесігім, абзал мекенім.
Жүрегім соғып, жаным барында,
Жалын жырымды жалау етемін.

Үлгілім менің сенсің ұлы елім,
Тамыры терең сенсің тірегім.
Өнерім бірге, өмірім бірге,
Ауылдастармен бірге жүрегім.

Үлгілім менің, алтын бесігім,
Жаныма жылы жарқын есімің.
Айбының асып, асқақтап жылда,
Аса берсінші алар несібің.

Көктеммен бірге жайнап гүлдерің,
Өркенде, өрле, өс деп тіледім.
Үкісі биік, үміті асқақ,
Үлгіліммен мәңгі біргемін!

Майра САТЫБАЛДИЕВА,
еңбек ардагері.
Үлгілі ауылы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін149
mod_vvisit_counterКеше1640
mod_vvisit_counterОсы аптада3303
mod_vvisit_counterӨткен аптада10582
mod_vvisit_counterОсы айда33443
mod_vvisit_counterӨткен айда45108
mod_vvisit_counterБәрі2824649

Серіктестер