Туа біткен сколиоз (омыртқаның қисаюы) – медицина тәжірибесінде өте сирек. Жүре пайда болған балалардың аурушаңдық жағдайы дабыл туғызады. Ауруды ушықтырудың себептеріне аз қозғалу салты мен әртүрлі жарақаттарды жатқызуға болады. Сколиоздың себептері - ата-аналар сәбиін уақытынан бұрын отырғызады, жүргізуге асығады. Бала ағзасы бұған физикалық тұрғыдан дайын болуы қажет. Егер сәбиде ұзақ уақыт түрегеп тұру үшін бұлшықет корсеті жетілмесе, ал бұлшықеті әзірше салмағын (бас сияқты дененің ең ірі бөлігі) көтеруге қабілетсіз, жиі құлай беру қауіпі зор, мұның соңы жарақатқа әкелуі
әбден мүмкін. Тағы бір маңызды нәрсе – бала еңбектеу кезеңінен міндетті түрде өтуі тиіс. Көптеген қазіргі балалар оны «аттап өтіп» бірден аяғына тұрады. Баланы еңбектетуге ынталандырыңыз. Сонда ол жылдам басын ұстай алады, қол және аяқ бұлшықеттері нығая түседі. Тәуекел факторына баланың ұзақ уақыт бір қалыпта – отыру немесе ата-аналардың қолында болу жатады. Белсенді жыныстық даму процесі жүріп жатқан, жасөспірім шағында, омыртқаның ақауға ұшырауына жол бермеу керек. Бұл кезде балалар көп оқшауланады, ата-аналарынан қашып, өз бетімен киініп, жуынады. Тым құрығанда айына бір рет баланы (ұлды әкесі, қызды анасы қарауы мүмкін) тексеруден өткізуі тиіс. Оның барысында ата-аналар омыртқаның жағдайын сыртқы белгілері – иықтың биіктігі, бастың тұрысы, қолдардың орналасуы бойынша бағалауы тиіс. Егер бірдеңе күдік тудырса, маманға жүгінуі қажет. Көрініп тұрған симптоматика бойынша бұзылыстар анықталады, өйткені сколиоз балаларда ауырсыну туғызбайды. Теледидар немесе компьютер алдында ұзақ уақыт отыру омыртқаның жағдайына кері әсер етеді. Балалардың бұл сүйікті ісін бақылауға алу керек. Сколиоз профилактикасының ең тиімді түрлерінің бірі-әрине спорт және қисынды дене жүктемелері. Спорттық секцияны таңдау кезінде ата-аналарға спорт түрінің беделдісіне емес, баланың физикалық дамуын басшылыққа алған жөн. Жаттығуды бастар алдында мануальды терапевтің және басқа дәрігерлердің тексеруі міндетті, әрі баладан тіпті 1-2 жылдан кейін де жоғары нәтижелер күту шарт емес. Сонда жаттығу кезінде де, сондай-ақ оны тоқтатқаннан соң да, денсаулығына қауіп болмайды. Ең оңайы балаға таңертең жаттығу жасауды жақсы әдетке айналдыру. Көптеген кешендер, ойын түрлері тағы басқа бар. Ата-аналарда баланың омыртқасын және денсаулығын нығайту үшін ықыласы болғанда, оны табу және меңгеру қиындық туғызбайды.
Роза Пірімқұлова, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары. |