Халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтпаған. Баланың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру, оны жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратуға үйрету- ең әуелі ата-ананың, содан кейін қоғамның міндеті. Бала дүниеге келгеннен бастап, ата-ананың тәрбиесін бойына сіңіре бастайды. Сондықтан оның алғашқы ұстазы да – ата-анасы. Отбасы – баланың өміріндегі ең алғашқы әлеуметтік орта. Бала ата-ананың жүріс-тұрысын, сөз саптауын, іс-әрекетін көріп өседі. Әсіресе, сәби кезінде анасының бесік жыры, әкесінің мейірімі, үлкендердің ақылы мен өнегесі баланың санасында мәңгілік сақталады. Сол себепті ата-ананың әрбір әрекеті – бала үшін
үлкен сабақ. Қазақ халқы «Баланы жастан» деп, ерте жастан жақсы қасиеттерге баулудың маңыздылығын атап көрсеткен. Әдептілік, имандылық, еңбекқорлық, үлкенге құрмет көрсету сияқты құндылықтар баланың бойына кішкентайынан дарыса, есейгенде ол жақсы азамат болып қалыптасады. Бүгінгі жаһандану заманында бала тәрбиесі бұрынғыдан да күрделене түсті. Ақпараттық технологиялардың дамуы, әлеуметтік желілердің қолжетімділігі баланың санасына үлкен әсер етуде. Кейде ата-аналар жұмысбастылықтың салдарынан балаларына жеткілікті уақыт бөле алмай жатады. Мұндай жағдайда бала сыртқы ортаның ықпалына көбірек ұшырайды. Сондықтан ата-ананың міндеті – баласының немен айналысып жүргенін, қандай ақпарат тұтынатынын қадағалау, дұрыс бағыт-бағдар беруі маңызды. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұра. Оған халықтық педагогика, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ауыз әдебиеті жатады. Әсіресе, бесік жыры, ертегілер, мақал-мәтелдер – баланың ой-өрісін дамытуға, танымын кеңейтуге септігін тигізеді. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тағы бір дана сөз бар. Яғни, бала кішкентайынан қандай тәрбие алса, өскенде сол мінез-құлықпен өмір сүреді. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамай, әрбір ата-ана баласына дұрыс үлгі-өнеге көрсетуі тиіс. «Тәрбие – тал бесіктен» деген нақыл сөз – кез келген адамның санасында болуға тиіс өмірлік қағида. Балаға дұрыс тәрбие беру – болашаққа салынған инвестиция. Бүгінгі жақсы тәрбие – ертеңгі саналы ұрпақтың кепілі. Сондықтан әрбір ата-ана, ұстаз, қоғам мүшесі бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, ұлттық құндылықтарды насихаттауға атсалысуы қажет. Ұлттың болашағы – саналы, тәрбиелі ұрпақтың қолында.
Малика ДЖАСАРОВА, Көптерек ауылының жастармен жұмыс жөніндегі маманы. |