Онлайн газет



Ақын Түймекент ауылында

К.Ақназаров,
Түймекент ауылы.

Жақында Түймекент орта мектебінде  ақын жерлесіміз Қасқырбай Нарбатырмен кездесу болып өтті. Кездесудің мақсаты жас жеткіншектерге Қ.Нарбатырдың шығармашылығын терең таныстыру, өлең жазуға бейім оқушылардың мүмкіншіліктеріне жол ашу, бағдар алу.
«Мұрат қып өлең жазуды,
Желекті оймен көгерген.
Ақындар деген азулы,
Көкбөрі сынды өлармен» - деп басталатын «Ақындар» өлеңінің авторы Қ.Нарбатырмен кездесу кешінің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген мектеп басшысы Шырын Қапарова ақынның өлең шумақтарынан үзінді келтіріп, игі тілектерін жеткізді.
Ақын Қ.Нарбатырдың осы кездесу үшін жанына Қазақстанның Республикасының мәдениет қайраткері, әнші Алмахан  Исабаевты ерте келгені кештің ажарын ашуға зор себеп болғаны шындық.
Cөз ақынға берілгенде Қасқырбай Дәрібайұлы өз жыр жинақтарындағы өлеңдердің бірсыпырасын жатқа оқып, жырға құмар жандардың көңілін бір серпілтіп тастады.
Әсерлі әңгімелер айтылып, сырлар шертіле келе сөз арасында Қ.Нарбатыр асқар таудай  елге танымал үш бірдей ақын ағалары Нарша Қашағанов, Қайыпназар  Шотбасов, Есенқұл Жақыпбековтің бір жылда бұл дүниеден өтуі өзіне қатты батқанын ауызға алды. Осы аяулы ағаларына арнап жазған  өлеңдерін оқыды.
Қасқырбай Дәрібайұлының сазды әндер жазатынын елдің басым көпшілігі біледі десек қателеспейміз. Оның аудан, облыс, республика көлемінде айтылып келе жатқан «Мақтанышым-Отаным», «Тағзым» әндерін орындаған  әнші А.Исабаев Шымкент қаласында өткен тұңғыш республикалық патриоттық әндер байқауында жүлделі орынды  иеленгенін мақтанышпен жеткізді.
«Құс үні»-ақынның үшінші жыр жинағы. Ондағы жырларды 11 «а» сынып оқушылары кезек-кезек жатқа  оқыды. Мектептің өлеңге құмар жастары С.Базарбаев, Н.Амандық, Г.Рахметдинова, Е.Сансызбаевтар өз арнау өлеңдерін ортаға салып, кеш мазмұнын байытуға үлестерін қосты.
Оқымысты А.Кристани «Ұлы болмай ақ, адал адам болуға болады, бірақ адал болмаса ұлы адам бола алмайды»  дегеніндей, оқушылар Қасқырбайдың   әр сөзі, әр шығармасы сыр шерткендей болды.
Жыр оқылып, әнмен әдіптелген кештің тартымды болғаны сондай кездесудің үш сағатқа созылғаны да білінбеді. Ақын мен әншіге шапан жабылды. Олар  мектептің естелік кітабына  тілектерін жазып, оқушыларға қолтаңба берді. Сұрақтар қойылып, оған нақты жауаптар алынды. Осы кештің өтуіне мұрындық болған мектеп директоры Ш.Қапароваға, қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Л.Қожагелдиеваға  ауыл ақсақалдары, ата – аналар, жалпы жұртшылық алғыстарын айтып, қызметтеріне табыстар тіледі.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1647
mod_vvisit_counterКеше2528
mod_vvisit_counterОсы аптада6336
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда22966
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2274635

Серіктестер