
Көрісу күні-Амал мерекесі- ағайынның амандығын сұрап, бір-бірімен көрісіп, бауырмалдықты арттыратын Әз-Наурыздың алғашқы күні. Бұл күн бірлік пен ынтымақты әспеттейтін ерекше күндердің бірі. Сондықтанда қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын-бауырлар бір-бірін құшақтап, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Жастар үлкендерге сәлем береді. Ел арасындағы бұрынғы өкпе-реніштер кешіріліп, ұмыт болады, араздық ұмытылады. Наурызнама онкүндігінің алғашқы бастауы - Көрісу күнін өз дәрежесінде атап өту үшін өткен аптаның жұмасы күні аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен аудан өнерпаздары бар автокеруен ауылдарды аралады. Мұнда алдымен «ЗИЛ» маркалы автокөлік тіркемесімен мерекеге сай
жабдықталып, көлік үстіндегі өнерлі азаматтар ұлттық киім киіп ерекше күйге енді. Өнерлі жастар Қостөбе, Үлгілі, Сарыкемер ауылдарында болып, халықпен көрісіп, автомашина үстінде әуезді ән шырқап, дөңгелете би билеп, халықтың көңілін көтерді. Ауылдық клуб алдында ұлттық киім киген қостөбелік ата-апалар өлеңдетіп, автокеруенді Аманкелді Тлеповтың ақ батасымен шығарып салды. Үлгілі ауылына кіреберістегі айшықты қақпа алдында ұлттық киім киген ауыл халқы оларды үлкен көңіл-күймен қарсы алды. Бір-бірімен айқара құшақтасып, амандасқаннан соң буы бұрқыраған ақ бауырсақтан дәм татты. Екі жақтың қосыла шырқаған әндерінен соң Баубек Асанов бата берді. Автокеруен Сарыкемер ауылына кіре берістегі жақында ғана пайдалануға берілген көпқабатты 4 үйдің арасынан құттықтаулары мен әсем әндерін шырқағанда аталған үйлердің балалары көлікті жүгіріп жүріп, шығарып салды. «Бегей» сауда орталығы, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Ю.Гагарин атындағы орта мектеп ұжымдарыменде көрісіп, өз өнерлерін паш етті. Аталған мекемелер ғана емес сол маңдағы көлік тоқтаған жерге халық жинала қалып, ән тыңдады. Үлкен көшелер бойымен жүргенде де ән айту бір сәт тоқтамаса, арасындағы «Шахан» халық театрының режиссері Бақытжан Байкүшіковтің жанға жайлы мерекелік жалынды сөздері халықты өзіне еріксіз қаратып жатты... Халықпен көрісу бұл күні аудан орталығындағы орталық алаңда жалғасын тапты. Мұнда аудан басшыларымен бірге ауданымыздағы көптеген ұлттық киім киген ата-апаларымыз қарсы алып, көрісті. Кимешек киген аудандық «Ақ әже» ансамблінің мүшелері өлең айтып, өнерпаз жастарға бауырсақ ұсынды. Әжелер айтқан әнді жиылған көпшілік қосыла шырқап, төңіректі той-думанға бөледі. Ал Байзақ ауылынан келген Телмахан қария халықты мерекемен құттықтап, бата берді. Міне осылайша Наурызнаманың алғашқы Көрісу күні-Амал мерекесі ауданымызда жоғары дәрежеде аталып өтті.
Сүндетулла Әбілов. |