
Өткен аптаның сенбісінде «TazaLike» жобасының аясында «Болашақты бірге отырғызамыз» акциясы өтті. Аталған жобаның басты мақсаты-ауданымызды таза ұстап, көріктендіру, көгеріштендіру болып табылады. Биылғы жылы да елімізде қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға және қоғамды экологиялық бастамаларға тартуға бағытталған жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша белсенді жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Бұл ретте ауданымызда тазалық жүргізудің екі айлығы жүргізілуде. Сонымен қатар-ауқымды оқиғаларды ұйымдастыру арқылы жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытын
көздейтін «TazaLike» жобасы іске асырылмақ. Осы мақсатта аудан аумағында іс-шаралар жоспары бекітіліп, аталған жоба аясында «Болашақты бірге отырғызамыз» акциясы бастау алды. Аудан орталығындағы «Отбасы» аллеясында ұйымдастырылған акция барысында аудан әкімі Олжас Баққараев Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясының жоғары сынып оқушыларымен бірге 100 түп туя ағаштарын отырғызды. Қолдарына күрек пен шелек алып, жас ағаштарды мәпелеп, тілектерін айтып отырғызған түлектердің ізгі ниеттеріне аудан басшысы да қолдау көрсетті. Акцияға аудан әкімінің салалық орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім басшылары мен Сарыкемер ауылдық округінің әкімі де қатысып, оқушылармен бірге ағаштар отырғызды. Наурыз мерекесі қарсаңында басталған «TazaLike» жобасы 20-шы сәуірге дейін жалғасатын болады. Аталған жобаға бәріміз біркісідей атсалысайық.
Айдар Алдабергенов. |
Обновлено 18.03.2025 11:00 |