
Шұғылалы көктемнің ең шуақты, мейірім мен жанашырлықты мерекелерінің бірі – Халықаралық әйелдер күні мерекесі. Әйелдер әулеттің ұйытқысы, ырыс-ынтымақтың шамшырағы. Сондықтанда бұл мерекені асыға күтетіндер көп. Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде аудан әкімдігінде мерекеге орай аудан әкімі Олжас Баққараев ауданымыздағы әрбір ауылдық округтердің бірнеше аналарын қабылдады. - Біз бүгінгі қабылдауға әр округтен бір-бір анадан шақырып отырмыз. Осында келу сіздерге бұйырған екен. Ал мұндай құрметке лайық аналар ауылдарда көптеп саналады. Аналарымыз сонау ерте заманнан бері ошағының отын өшірмей, елдік мақсаттағы шаруаларға шашауын шығармай араласып келеді. Егемен елімізде де нәзік жандылар
ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп, жарыс жолының алдыңғы шебінен көрінуде. Мұндай аналар мен қыз- келіншектерді біз әрдайым мақтан етеміз. Сіздерді бүгінгі аналар мерекесімен құттықтаймын! Қашанда зор денсаулық пен отбасы амандығын тілеймін,- деді аудан басшысы Олжас Елебекұлы. Бұдан кейін нәзік жандыларға аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңестің төрағалары Бердібек Омаров пен Қыдыралы Оралов ізгі тілектерін білдіріп, көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Ал белгілі ақын, әнші Сәрсенбек Бәкір аналарға арнап «Жан ана» әнін тамылжыта орындап, аналардың көңілін көтеріп тастады. Нәзік жандыларға аудан әкімінің атынан сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді. Аналар атынан Сазтерек, Ботамойнақ, Мырзатай ауылдық округтерінен келген Шаракүл Көртесеева, Шырынкүл Тоқболатова, Рахат Жолдыбековалар өздеріне көрсетілген құрмет үшін аудан басшысына алғыс айтып, алдағы жұмысына табыс тіледі. Аналарға арнап өлең айтқаны сол екен, залдағы аналар оған қосыла кетті.
* * * Сол күні аудан аналарына құрмет көрсетуге арналған салтанатты жиын аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде жалғасты. Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да әйел-аналар қауымы. Сондықтанда осы күні ауа-райының күрт бұзылуына (қатты жел соқты) қарамастан әдемі киініп, мәдениет үйіне қарай ағылған аналар мен ару қыздарды есік алдында әкімдік жігіттері қарсы алып, гүл сыйлап жатуы көңілге қуаныш ұялатты.
 Салтанатты жиында алдымен аудан әкімі Олжас Баққараев аналар қауымын мейірім және жанашырлықтың мерекесімен құттықтады. -Әйел жанының жылулығы мен сұлулығы, мейірімділігі мен кеңдігі әлемге рух беріп келеді. Міне мұндай «бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербейтін» ардақты аналар біздің ауданымызда да түрлі салада абыройлы еңбек етуде. Олар ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің, әдебиет пен спорттың шыңына көтеріліп, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, абыройының асқақтауына айтарлықтай үлес қосып келеді, - деген аудан басшысы ауданымыздағы әр салада абыройлы еңбек етіп жүрген аналарды мақтанышпен атап өтті. Содан соң адал еңбегі арқасында ел құрметіне бөленіп жүрген аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырынкүл Қапарова, білім бөлімінің сектор меңгерушісі Аятхан Жақсылықова, «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі Гүлмира Садықбековаларға Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасын, ал аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Балхия Нұрғожаева мен аудан әкімі аппараты кеңсе бөлімшесінің бас маманы Элвира Жапсарбаеваға Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше еңбек озаттарына аудан әкімінің Грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
 Аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Омароваға Жамбыл облысының Құрмет грамотасын және бірнеше еңбек озаттарына Байзақ ауданының Құрмет грамотасын, ал «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева партия бағдарламаларын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін бірнеше қыз-келіншекті Құрмет грамотасымен марапаттады. Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Ондағы шырқалған әсем әндер мен мың бұралған бишілердің биі көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Бұл күнгі әндердің басым бөлігі ана тақырыбына арналғандықтанда оған залда отырған қыз-келіншектер қосыла шырқады. Салтанатты жиынның шарықтау шегі көпшілікті керемет әсерге бөлеген отшашумен аяқталды.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |