Адам баласын өркениет биігіне жеткізетін ең мықты құдіретті күш- ол кітап десек қателеспейміз. Кітап - тұнып тұрған даналық, білім мен ақыл, тіл мәдениеті мен тарих, сана мен рух және өміріңе азық етерлік тәжірибе әлемі. Осы қағиданы ұстанған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев “Әулиеата - кітап оқитын өңір” деп жариялаған болатын. Осы жобаға байланысты ауданымыздағы Тегістік ауылдық кітапханасына бас сұғып, кітапты ең көп оқитын оқырманды сұрап-білген едік. Бір таң қаларлығы ұзақ жылдар үзбей кітап оқып келе жатқан оқырман 84 жасқа келген Нәтифа әжей болып шықты. Қызығушылығым артқаны сондай, бірден үйіне келгенімде, ас бөлмеде газет оқып отырған
ананы көрдім. Амандық-саулықтан соң, кітапты көп оқитын оқырман екенін, газетке өзі туралы мақала жазбақ ниетім барын айттым. - Мен кітапты біреу үшін емес, өзім үшін оқимын, елден ұят болады,- деп ат-тонын ала қашты. Сондада қоярда қоймай суыртпақтап сұрай отырып білгенім, Нәтифа Тұрысқызы 1941 жылдың 7 қаңтарында Кеңес колхозында дүниеге келіпті. Әкесі Тұрыс Ұлы Отан соғысынан 1943 жылы келіп, 1944 жылы қайтыс болған. Шешесі Қажия 6 баламен жесір қалады. Ал Нәтифа болса 8-сыныпқа дейін оқып, 19 жасында Тегістік ауылындағы Желеу деген азаматқа тұрмысқа шығады. Чапаев атындағы совхозда жүзім күтуші болып жұмыс істеп, өмірге 3 ұл әкеліп, олардан 7 немере, 5 шөбере көріп отыр. Қосағы мен бір ұлы қайтыс болған. -Мен әдеби кітапты мектепте оқып жүргенде оқи бастағанмын. Ол кезде әдеби кітаптар аз болатын. Біреуден 2-3 күнге берші деп, жалынып сұрап алып оқитынбыз. Содан бері қолым қалт еткенде кітап пен газет қолымнан түскен емес. Ал қазір келінім жұмысқа кетеді, немерелердіңде өз жұмыстары бар, түске дейін үйде жалғыз отырамын. Сосын ермегім кітап оқу. Осы жасқа келіп ақыл - есімнің түзу болып тұрғаны кітаптың арқасыма деймін. Қанша кітап оқығанымды санаған емеспін. Немерем әкеліп береді, мен оқимын. Ал соғыс туралы кітап болса оны оқымаймын, - дейді Нәтифа әже. Әрине бұл сұм соғыстың зардабын көріп өскен әженің соғысқа деген өкпесіненде болар. Расында да талай ананы жесір, талай баланы жетім қалдырған соғысты кім жақсы көрсін. Ол туралы оқып, еске түсіруде кәрі жүрекке салмақ түсірері анық. Әжемізден қазіргі жастарға кітап оқу туралы айтарын сұрадым. - Қазіргі жастардың кітап оқығандарын көрмеймін. Өзімніңде балаларым болсын, немерелерім болсын бір-бір телефонды құшақтап, бөлек-бөлек бөлмеде жатады да қояды. Олардың не көріп жатқаны белгісіз. Ал кітап - жан азығы, рухани байлық екенін түсінгілеріде келмейді. Сондада болса бүгінгі жастарға кітап оқу керектігін айтып отырамын, - дейді әже. Ия, Нәтифа әженің айтқаны дұрыс, қазіргі жастар телефондағы «Тик-Ток», «Инстаграм», «Фейсбукқа» жіпсіз байлап алған. Олардыңда жақсы жағы бар шығар, бірақ жаман жағы да жетерлік. Бір мезгіл қолдарына кітап алып, газет оқып ой қорытар болса оның пайдасы мол болар еді-ау дейсің амалсыз. Ал оны тыңдап, одан қорытынды шағарып жатқан балаларды көрмейтінің өкінішті-ақ.
Аманғазы ХАЛЫҚОВ, Темірбек ауылдық округі билер кеңесінің төрағасы. |