Халқымыз қыз баланы айрықша ардақтап, оларды инабаттылыққа және иман жүзділікке тәрбиелеген. Сондай-ақ, әйел затына аса қамқорлықпен қарауда халықтың қағидаларын қалыптастырған. Өйткені, олар сұлулықтың, мейірімділіктің, ақылдылықтың нұрын дарыта білген. Ата-баба дәстүрін көзінің қарашығындай сақтаған нәзік жандардың ізгілікті істері қай кезде болмасын қоғам дамуының қарқынына үлкен үлес қосуда. Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деп бекер айтылмаған. Сондықтанда бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың
жетістігі-ана махаббатының жемісі. Әйелдер нәзік гүл секілді. Олар мереке немесе жай күндерінде сыйлыққа гүл алғанда қуанып, гүлдей құлпырып кететініде сондықтан болар. Сондай аналардың бірі-бүгінде аудан орталығы - Сарыкемер ауылында тұратын Гүлчира Артикова. Ол 1962 жылы Өзбекстанда туған. 2009 жылы Сарыкемер ауылына көшіп келген. Самарқант полиграфиялық техникумда оқып, редакцияда 2 жыл корректор болып, одан кейін 18 жыл СПТУ-да қызмет атқарған. -Бала кезден осы гүл егуге оны баптауға қызығатын едім. Әкем Боранбай диқан болған, анам Дамегүл болса үй шаруасындағы әйел болғанымен бау-бақшамызды күтіп, баптап отыратын еді. Әке-шешемізге жастайымыздан көмектесіп, диқандықты бала кезден үйреніп, өстім. Сол үйренгендерімді осы жылдар бойы өз пайдама асырып келемін. Өсе келе тігіншілікті де үйреніп, көйлек тігіп, құрақ көрпеше құрайтын болдым. Үй маңында алма, өрік, жүзім, жаңғақ, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш өсіреміз. Оған жолдасым Қуандық көмектесіп жүреді, - дейді Гүлчира Боранбайқызы. Гүл - сұлулықтың, әсемдіктің белгісі. Тіпті, адам жанын емдейтін, көңіл-күйін көтеретін қасиеті де бар. Әсіресе, бөлме гүлдері адам жанына жылулық сыйлайды. Гүл өсірудің де тәсілдері болады. Әр гүл әртүрлі баптауды қажет етеді. Біреуі суды көп қажет етсе, біреуіне жарық көбірек қажет. Сол бөлме гүлдерін өсіретін Гүлчира апамыздың үйінде алуан түрлі бөлме және көктемде үй маңында өсетін гүлдері бар. Олардың қандай күтім қажет ететінін түріне қарап танып, біліп отырады. Шефлера, алоэ вера, орхидея, қазтамақ, арека пальмасы тағы басқада гүлдерді өсіреді. -Менің балаларым, немерелерімде гүлді өте жақсы көреді. Бөлме гүлі, көктемде далада өсетін бақша гүлі деп бөлмейді. Оларға мейіріммен қарап, жапырақтарына құрт түсірмей ылғалды болып тұруын қадағалап жүремін. Жалпы бүгінгі таңда үйге келіп, сыйлық ретінде бөлме гүлдерін сыйлау, тіпті тойбастарға гүл беру жамбылдықтардың арасында сәнге айналып келеді. Ол – әрине қуантарлық жағдай. Сондай-ақ гүл өсірудің қыр-сырын білгісі келетін азаматшалар үйге арнайы келіп, кеңестер де алып жатады. Ең маңыздысы, гүл бала секілді күтімді қажет етеді, – дейді Гүлчира Артикова. Өзінің жас кезінен таңдаған гүл өсіруші мамандығы өзіне ұнайды. Сондықтанда ертелі-кеш көп уақытын үйдегі, ауладағы гүлдерін күтімдеуге арнайды. Осындай әртүрлі көздің жауын алатын гүлдерін ағайын-туыс, жора-жолдас, көршілердің қуаныштарына сыйлап жүреді. Ал артылғандарын сату ойында бар.
Мадина ЕРКІНҚЫЗЫ. |