
«Астана» бөбекжай-бақшасының базасында Байзақ ауданының білім бөлімі әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Сюжеттік-рөлдік ойындар көрмесі» атты аудандық байқауы өтті. Мақсаты-тәрбие мен білім беру бағытында сюжеттік-рөлдік ойындар арқылы жаңашыл идеялар мен тәжірибелерді пайдалану арқылы жоғары жетістіктер мен көрсеткіштерге жеткен мектепке дейінгі ұйым педагогтарын анықтау. Байқауға Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының "Мектепке дейінгі білім беруді дамыту" бөлімінің бөлім жетекшісі
Алма Ережепбаева мен әдіскер Гүльмира Сейтбекова, Тараз қаласындағы №7 бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлмира Айтқұлова қазылық етті. Сюжеттік-рөлдік ойын-балалардың қиялын және шығармашылық қабілеттерін дамытады. Өйткені бала өмірінде ойынның маңызы зор, ол ересектердің қызметінде, жұмысында, қызмет бабында қандай мәнге ие болса, мұнда да сондай мәнге ие болады. Бала ойнағанда қандай болса, есейгенде жұмыста да көп ретте сондай болады. Сондықтан да, тәрбиелеу ең алдымен ойында басталады. Оқу процесінде, айналасындағы әлем, ересектер мен құрдастардың өмірі мен қызметі, отбасында алған білім, идеялар, дағдылар ойында тікелей көрініс табады және іс жүзінде қолданылады. Байқауға аудандағы 23 мемлекеттік балабақша педагогтарынан 34 жұмыстар ұсынылды. Әділқазылар алқасының шешімімен «Астана», «Жансая», «Бәйтерек», «Саялы», «Ақжар», «Балауса», «Балбөбек», «Теремок» бөбекжай-бақшаларының жұмыстары І дәрежелі дипломдармен марапатталса, қалған балабақшалар жүлделі ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен аталып өтілді.
Ботагөз Әлімбекова, аудандық білім бөлімінің әдіскері. |