
Жақында Үлгілі ауылындағы «Балбөбек» бөбекжай-бақшасында «Әжемнің ертегілеріне саяхат» тақырыбында танымдық сағат өткізілді. Аталған шараны қысқаша сөз сөйлеп ашқан балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Ғайша Арыстанбекова балаларға қонаққа келген ауылдық аналар алқасының төрайымы Жанат Әлібекова, мүшелері Алимаш Теміржанова, Құрманкүл Жетпісбаева, Минаш Омароваларды таныстырды. Танымдық сағаттың мақсаты – әжелер ертегісі арқылы баланың қиялын, сөздік қорын халық мұрасы арқылы дамыту, балаларды қазақ халқының ұлттық құндылықтарына, мейірімділікке, адамгершілік пен елжандылыққа
тәрбиелеу болып табылады. Қонақ әжелер алдымен балабақша ішін аралап көріп, осындағы тәрбиеленіп жатқан екі топта болды. Іші-сырты қашанда мұнтаздай таза, көрер көзге сүйкімді көрінетін ескіде болса шағын ғимаратты осылай күтімдеп, балаларға (оның ішінде өз немерелеріде бар) жақсы тәлім-тәрбие беріп отырған мекеме ұжымына алғыстарын айтты. -Біз мектеп, балабақша балаларымен кездесіп тұрамыз. Оқушыларға тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтсақ, балабақша балаларына ертегі айту арқылы олардың ой-өрісінің кеңейуіне жол ашамыз. Сондай-ақ олардың сөздік қорын байытып жақсы мен жаманды, обал мен сауапты түсіндіруге күш саламыз. Отбасында ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса, балалардың сана-сезімі ерте оянады. Ал бұған үйдегі ата-аналар мен мектеп, балабақшалардағы ұстаз, тәрбиешілердің де қосар үлесі мол болуы тиіс,- дейді ауыл аналар алқасының төрайымы Жанат Әлібекова. Қонақ әжелер дастархан басында ересек топтағы балаларға қазақы салт-дәстүр, халық ертегілері, халқымыздың ұлттық тағамдары туралы қысқаша мағлұмат берді. Бұдан соң балаларға «Екі дос», «Үш қыз» ертегілерін мәнеріне келтіре айтып берді. Әшейінде бір орында байыз тауып отырмайтын балалар ертегіні ықылас қоя тыңдады. Тіпті араларындағы пысық балалар әжелерден ертегі кейіпкерлері туралы сұрап, састырды да. Ақ жаулықты апалар бұл күні ертегі айтумен шектелмей балаларға жүн түтуді де үйретті. Жүннің қайдан, қалай алынатыны, одан әртүрлі оюлар салынып, текемет басып шығаратынына дейін айтты. Әжелер айтқан ертегілер балалар бойында ұзақ сақталатын болады. Әжелердің балалармен кездесуіне балабақша тәрбиешілері Манар Әшенова мен Меруерт Жәкебаева, басқада ұжым мүшелері жақсы жағдай жасай білді. Кездесу соңында балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Ғайша Рахымбайқызы әжелерге әсерлі әңгімелері, ертегілері үшін алғыс айтты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |