Онлайн газет



ТӘЖІКҮЛ ӘЖЕ

Ақжар ауылының ең қарт тұрғыны Тезекбай келіні Тәжікүл әженің жасы 90-нан асты. Халықты қырғынға ұшыратып, есеңгіретіп өткен ашаршылық жылдардан кейін өмірге келген кейуананың балалық шағы өте ауыр болды. Өзінен екі-үш жас үлкен Ұлбике әкпесі екеуінің үйде қалып, әке-шешелерінің ұзақты күнгі жұмыстан келуін күтіп отыратындарын жиі еске алады. Әкесі Әлмен Сырлыбаев, анасы Рахила, баққан анасы Тәлімбала, өзінен кейін туған сіңлілері Орын, Дәметкен, Күләнда, Адаскүл және Ұлбосындардың өсіп, өзді-өздеріне келгенше бар тапқандарын осылардың аузына тосып, жолдарына жұмсағанын қалай ұмытсын.
Тәжікүл әже құжат бойынша 1936 жылы Ақжар ауылында туған деп көрсетілгенімен, ата-анасының айтуы бойынша одан бұрынырақ туылған көрінеді. Ақжар ауылындағы бастауыш мектептен білім алады. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда халықтың әл-ауқат, тұрмыс жағдайлары төмен болды. Ата-анасына қолғабыс етіп, шаруашылық жұмыстарына әкпесі Ұлбике екеуі араласып кетеді. Шаруашылықтың жыл он екі ай бойы айналып келіп жататын науқандық жұмыстары қыз балалар емес, ер азаматтардың өзіне оңай тимейтін. Әсіресе егістіктегі уақытпен санаспай қызылша күтімдеу, оны суару, арам шөптерден тазарту, жекелеу жұмыстары адамды қалжыратып тастайтын. Ертесіне қайтадан осындай жұмыстар жалғасын табады. Колхоз басшысы Кеужан Өтегенов деген кісі жұмысты ұтымды ұйымдастырып, колхозшылардың мол өнімге қол жеткізуіне күш салатын еді. Нәтижесінде колхоз көрсеткіші жаман болған жоқ.
1950 жылы Қызыл жұлдыз, Қызылқұм ұжымдық шаруашылықтары Ақжар ұжымдық шаруашылығына қосылып, Жамбыл атындағы ұжымдық шаруашылығы болып аталады. Бұл кезде халықтың тұрмыс жағдайлары түзеле бастаған еді.
1955 жылы ауыл азаматы Әсәділ Тезекбаевқа тұрмысқа шығып, шаруашылықтың қант қызылшасында жұмыс істей жүріп Рысбике, Серік, Жомарт, Гүлжахан, Гүлзада, Қайрат, Нұрлан, Нұрғали, Ербол есімді ұл-қыздарды өмірге әкеледі. 1959 жылы Жамбыл атындағы ұжымдық шаруашылығы көрші «Трудовой пахарь» ұжымдық шаруашылығына қосылып, 1964 жылдан  бастап шаруашылықты А.Л.Нахманович басқарды.
1975 жылы жазда жолдасы Әсәділ Талас өзені бойындағы шаруашылықтың күш-көліктерін басып келіп, төрде қисайып жатып жүріп кетеді. Бұл кезде балалардың алды небәрі 15-те, кішісі бір жасқа да толмаған еді. Осылайша шиттей бала-шағаны бағып, жетілдіру Тәжікүл әженің мойнына жүктеледі. Күйеуінің кенеттен өмірден өтуі Тәжікүл әжеге оңайға түспеді. Ел көзіне көрсетпей оңашада жылап алған күндері аз болмаған. Көзінің жасын сүртіп алып, белді бекем буып шаруасына кірісіп кететін. Бір Алладан балаларының амандығын тіледі. Осындайда жақын жүретін абысын-ажындар ақылдарын айтып, сабырға шақырды, қиналғанда қасынан табылды. Балаларды қатарларынан қалдырмай жетілдіріп, жеткізуді ойлаған Тәжікүл әже шаруашылық жұмыстарынан бір күнде қалған емес.
1986 жылы көпбалалы ана ретінде зейнетке шығып, әлі де күш қайраты бар ол шаруашылық жұмыстарынан қол үзбеді. Әжеге тұңғышы Серіктің кенеттен дүние салуы ауыр соққы болды, күйзелді, талай таңды ұйқысыз атырды. Алланың басқа салғанына көнді, қалғандарына амандық тіледі.
Бұл күнде Тәжікүл әженің балалары бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп, өздері де ұл-қыз өсіріп отыр. Әжеміз кенже ұлы Ербол мен келіні Айнұрдың қолында, екі қолын жылы суға салып отырған жәйі бар. Былтыр ұл-қыздары мен келіндері жиналып әжелерінің 90 жасын атап өтті. Ағайын-туыстары жиналды, «Әже 100-жасқа жетіңіз» - деді немере-шөберелері. «Алланың осы күнге жеткізгеніне де шүкіршілік»,-деді төрде дастархан басында отырған Тәжікүл әже.
Бізде сол дастархан басында отырып мерейтой иесіне зор денсаулық тілеп, бала-шаға, немерелер мен шөберелердің қуанышына кенеле беруіне тілек білдірген едік. Енді міне әжемізді ертеңгі 8-наурыз-Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, сүттей ұйып отырған шаңырақтың шырайын кіргізе беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ,
ҚБ Білім беру ісі үздігі, ауданның құрметті ардагері.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін816
mod_vvisit_counterКеше1481
mod_vvisit_counterОсы аптада8056
mod_vvisit_counterӨткен аптада12089
mod_vvisit_counterОсы айда36163
mod_vvisit_counterӨткен айда50604
mod_vvisit_counterБәрі2776333

Серіктестер