Онлайн газет



АДАЛ ЕҢБЕК - ҚҰРМЕТТІ

Отбасының түтінін түтетіп,  берекесін кіргізетін-ана. Сарыкемерлік Гүлнұр Ниеталықызы көпбалалы ана, сыйлы келін, жауапкершілігі жоғары маман, өз ісінің  нағыз майталманы.
Ол 1980 жылы Жамбыл облысы,  Т.Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу ауылында дүниеге келген. Әкесі Ниеталы-механизатор, анасы Бибайша-қызылшашы болып, шаруашылықта ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен екен. Ата-анасының сүйіспеншілігіне бөленіп өскен бойжеткен бойына сабырлық пен төзімді, ақыл мен парасатты сіңіріп өседі. Ауылдағы №24 орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсер кезінде болашақ жары Нұрланмен танысады. Содан көп ұзамай үлкен әулетке келін болып түседі. Отбасылық өмірдің қызығы мен қиындығына мойымай, дүние есігін ашқан 5 перзентіне өнегелі тәрбие бере білген ол көп ұзамай «ақылды келін» атанады.
-Жұмыс таңдамадым. Құрылыс саласында да, мейрамханада да, ақылы қоғамдық жұмыста да өзімді сынап көрдім. Қолымнан келетін істің бәріне жауапкершілікпен қарап, тындырымды атқардым. Қазіргі таңда аудандық электр жүйелерін тарату мекемесінде бақылаушы болып жұмыс жасаймын. Сарыкемер ауылындағы Қонаев, Дулати, Бәйдібек баба және Байзақ батыр көшесінің жартылай бөлігі тұрғындарының үйлеріне барып, пайдаланған  электр қуатын жазып, төлем қағазын таратамын. Тұтынушыларымның бәрі өте жақсы адамдар, жылы шыраймен қарсы алады. Былтыр жолдасым дүниеден озды. Бұл сынақ маған ауыр тиді,-дейді кейіпкеріміз.
Гүлнұрдың ерекшелігі-жанының тазалығы мен жүзінен төгілген мейірімді сезінбеу мүмкін емес. Жан тыныштығын балаларының сүйіспеншілігі мен жұмысынан тапқан келіншек қарапайым ғана кәсіптен береке тауып отырғанына разы. Өткен жылдың қорытындысымен Гүлнұр Ниеталықызы «Озат контролер» атанып, мақтау қағазы және сертификатпен марапатталыпты. Ұжымның еңбегін бағалап, көрсеткен сеніміне адал еңбегімен жауап беретіндігін сөз арасында айтып қалды.
- «Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады»,- деп аталарымыз тегін айтпаған. Өйткені еңбек-өмір өзегі, бүгінгі еңбек-ертеңгі табыс. “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында қарапайым жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін көтеруге, жұмысшылардың мәртебесін арттыруға,  адал еңбекті кейінгі жастарға дәріптеу мақсатында  ауданымызда қолға алынып жатқан іс-шаралар қуантты.
Жұмысымды мақтан тұтамын. Көзге іліне бермейтін кәсіптің арқасында отбасының да, ортасының да берекелі бірлігін еңбектен таптым. Шындап келгенде жұмыстың жаманы жоқ, барлық еңбек қадірлі. Әр адамның бойында  мамандығына, кәсібіне деген құрмет  басым болуы керек. Сонда ғана адал еңбек-құрметті де қадірлі болады. Сондықтан өзімді бақытты анамын деп айта аламын,-деп сөзін түйіндеді Гүлнұр Медеева.

Гүлжан Русланқызы.

Обновлено 07.03.2025 11:31
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін746
mod_vvisit_counterКеше1481
mod_vvisit_counterОсы аптада7986
mod_vvisit_counterӨткен аптада12089
mod_vvisit_counterОсы айда36093
mod_vvisit_counterӨткен айда50604
mod_vvisit_counterБәрі2776263

Серіктестер