Көктемнің алғашқы күндері келетін 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күнінің маңызы өте жоғары. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейтін аналарға бұл күні қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайды. Аталған мерекені дүние жүзі халықтары мерекелеп, әжелер мен аналар, қыз-келіншектердің құшағын гүлге толтырады, басқада сыйлықтар ұсынып жатады. Ал дәл осы күні дүние есігін ашқан нәзік жандар үшін бұл мерекенің маңызы екі еселеніп жататыны да шындық. Сондай жандардың бірі – Сарыкемер ауылында тұратын Айнаш Бекбаева. Айнаш Шолпанбекқызы аудан іргесіндегі Байзақ (бұрынғы Свердлов) ауылында ауылдастары мерекелеп жатқан 1973 жылдың 8-наурызы күні
өмірге келген. Әке-шешесі, басқада ағайындары мерекені жаңадан өмірге келген сәбидің қуанышына жалғастырады. Ағайындар арасындағы ең жасы үлкен Еліқұл ата көктемнің алғашқы мерекесінде туған тұңғыш немересіне көктемдей құлпырып, жарқырап жүрсін деп Айнаш деген есімді береді. Қазақта «Анаңды сағынсаң нағашыңа бар» деген жақсы сөз бар. Үйдегі тұңғыш баланың нағашысына жақын болатыны тәрізді Айнашта жастайынан нағашыларында тәрбиеленді. Орта мектептен кейін Семей қаласындағы қаржы-экономика техникумында оқып, 1992 жылы қаржыгер мамандығын алады. Алғашқы еңбек жолын сол жылы «Эгида» сақтандыру компаниясында бас есепші болып бастаған Айнаш 1995-1997 жылдары аудандық ауруханада есепші қызметін атқарады. Ал 1997 жылдан бастап үзіліссіз Байзақ аудандық телекоммуникация торабында алғашқыда оператор болса, қазір В2В/В2G маманы болып жұмыс атқарып келеді. Айнаш қай жұмысты болмасын тыңғылықты, өз уақытында, сапалы атқаратындықтанда өзі қызмет еткен мекемелерде тек абыройға ие болуда. Өзіне бекітілген жұмысты толық игеріп, халыққа сапалы қызмет көрсетуді басты мақсаты санайды. Адал еңбектің арқасында әртүрлі деңгейдегі марапаттарға қол жеткізген ол ұжымда үлкен беделге ие. Жолдасы Данияр екеуі үш ұл, екі қызды өмірге әкеліп, олардан бірнеше немереде сүйіп отыр. Айнашты ертеңгі қос мерекесімен құттықтай отырып, отбасы амандығын, атқарып отырған қызметінде табысқа жете беруін тілейміз.
Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ. |