Онлайн газет



АЙТЫЛҒАН ҰСЫНЫСТАР ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес Сарыкемер ауылындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде аудан халқымен кездесті.
Кездесуді ашқан облыс басшысы Ербол Шырақпайұлы облысымызда өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылы орындалатын жұмыстарды қысқаша айтып берді.
-Биылғы жылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентіміз Қ.Тоқаев ел дамуының мүмкіндіктерін айқындап берді. Онда барлық сала қамтылды. Ендігі біздің басты мақсатымыз-азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Бұл бағытта облысқа инвестиция тартып, ауыл шаруашылығы саласында мол өнімге қол жеткізуге жұмыс атқару. Шуда жүгері өңдейтін зауыт салуды қолға алғалы отырмыз. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде өзекті мәселелердің бірі. Облыста былтыр 2023 жылмен салыстырғанда тұрғын үй салу 2,5 есеге артты. Мұндай жұмыстар биылда жалғасын табатын болады, - деді облыс басшысы.
Аудан әкімі Олжас Баққараев 2024 жылы ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9,4 миллиард теңгені құрап, 2,3 пайызға артқан. Жалпы құны 2 миллиард 21 миллион теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 64 жаңа жұмыс орындары ашылғанын атап өтті. Алайда, жалпы құны 49,6 миллиард теңгені құрайтын инвестиция тарту көзделгенімен, оның 23,4 миллиард теңгесіне ғана қол жеткен. Ауданда егін, мал шаруашылығында, ет, сүт, жұмыртқа өндіруде өсім бар екендігін атап өтті. 360 пәтерлі 6 көпқабатты үй, бұлардан басқа бірнеше асарлатып салынған үйлер пайдалануға берілген. Аудандағы 43 елдімекеннің 41 таза ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Шахан, Қосақ ауылдарына ауыз су берілетін күнде алыс емес. Аудандағы барлық елдімекендер газбен қамтылған. Ұзындығы 40 шақырым болатын 40 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, дәрігерлік амбулатория, ауылдық клубтар мен спорт кешендері, шағын футбол алаңдары соғылуда.
Жыл ішінде атқарылған осындай жүйелі жұмыстарды слайдта көрсете отырып баяндаған аудан басшысы Олжас Елебекұлы мұндай жүйелі жұмыстар биылда жалғасатынын жеткізді.
- Жергілікті жерлерге инвестиция тартып, кәсіпорындар ашу-Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сондықтанда аталған тапсырманы орындап, жұмыссыз жүрген халықты тұрақты жұмысқа орналастыру қажет.


Көктемгі дала жұмыстарына ерте дайындалып, егін суы, минералды тыңайтқышты осы бастан ойластыру қажет. Сондай-ақ сүт өндіру, егістікті жаңбырлатып, тамшылатып суару тәрізді озық технологияларды өндіріске батыл енгізіп, көкөніс қоймаларының санын көбейтуге жұмыс жасалған жөн. Аталған жұмыстар өз уақытында сапалы атқарылғанда ғана халық мемлекеттің қолдауын сезінетін болады, - деген облыс әкімі Е.Қарашөкеевке аудан әкімінің орынбасарлары Болат Сағынбеков пен Рүстем Қасымов өздері басшылық ететін салалар бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ аудандағы құзырлы орган басшыларыда өздеріне қатысты мәселелерге жауап қайтарды.
Аудан әкімінің орынбасары Р.Қасымов аудан орталығынан  «Оқушылар сарайын» соғу туралы мәселе көтерсе, Рүстем Мырзақұлұлы «Амангелді газ» құбырының аймағындағы 37 отбасының баспанасы алаңдатып отырғаны, Оксана Макаева №7 мектепке баратын жолды жөндеу, қосымша білім беруді қолға алу, зейнеткер Шолпан Сыздықбаева орталық канализация құру, бурылдық Асан Рапишов Бурыл ауылынан жаңа мектеп соғу, қосақтық Ермек Айтбайұлы Қосақ ауылы көшелерін асфальттау туралы ұсыныстарын айтты. Диқан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев ауданнан трактор құрастыру зауытының соғылмай жату себебін сұрап, білді. Басқада ұсыныс айтушылар болды.
Айтылған ұсыныс-пікірлерге байланысты облыстық тиісті басқармалардың басшылары жауап берді.
Облыс әкімі айтылған ұсыныстар мен түйткілді мәселелердің шешілу жолдары қарастырылатыны туралы айта келіп, олардың жауапсыз қалмайтынын ескертті.
Кездесуден кейін облыс басшысы бірнеше азаматты өздерінің жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
*   *   *
Облыс әкімі Е.Қарашөкеев ауданға жасаған жұмыс сапары барысында халықпен кездесуге дейін бірнеше нысандарды аралап, ондағы жұмыстармен танысуға да уақыт тапты.
Алдымен Сарыкемер ауылындағы кәріз суларын тазарту жүйесінің жұмысымен жан-жақты танысты. Кәріз сулары сүзгіден өтіп, тазарту қондырғылары арқылы суармалы алқаптарды ылғалдандыруға жіберіледі екен. Облыс басшысы сыйымдылығы 550 текше метрді құрайтын қондырғының жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ биылғы жылы пайдалануға берілген әрқайсысы 60 пәтерлі  екі тұрғын үйде болып, оның соғылу сапасына мән берді. «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі соғып, халық игілігіне берген 5 қабатты қос үйдің ауданы 6 624 шаршы метр болса, мұнда 1-3 бөлмелі пәтерлер өз иелерін тапқан.
Ербол Шырақпайұлы баспана мәселесі өзекті екендігін айта келіп, ауданда тұрғын үй құрылыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді табыстады.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 04.03.2025 12:15
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін809
mod_vvisit_counterКеше1481
mod_vvisit_counterОсы аптада8049
mod_vvisit_counterӨткен аптада12089
mod_vvisit_counterОсы айда36156
mod_vvisit_counterӨткен айда50604
mod_vvisit_counterБәрі2776326

Серіктестер