
Өткен аптаның жұмасында аудан әкімі Олжас Баққараев «Amanat» партиясы аудандық филиалының қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Бұл жолы қабылдауға 13 азамат келді. Бірінші болып келген Жетібай ауылының тұрғыны Гулия Бекеева патронаттық тәрбиеде 6 баланы өсіріп отырғандығын, өткен жылы үш, биыл 3 балаға Сарыкемер ауылындағы көпқабатты үйден пәтер берілгендігін, алайда кейінгілері төменгі сыныпта оқитын болғандықтан пәтерлерді жалға берсем деген өтінішін жеткізді. Заң талаптарына сәйкес пәтерлерді жалға беруге болмайтындығы түсіндірілді. Жақаш ауылының тұрғыны Күмісбек Қабылов «Ауыл аманаты» жобасы аясында
мал басын көбейту мақсатында несие алу мен «Балпан» каналы тазаланса деген тілегін ортаға салды. Кеңес ауылының тұрғыны Коблан Келімбетов 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын ашқандығын, кәсібін дамыту үшін жер телімін алуға жәрдем беруін сұранды. Нұрлан Нарекеев болса тәджік-ауған соғысының ардагерлеріне аудан орталығынан ескерткіш орнатуға жер бөлінуіне ықпал етуін, аталған соғыс ардагерлері шипажайға бару үшін жолдамамен қамтылса деген ұсынысын айтты. Тұрсынай Аллабергенова екі баласының денсаулығына қатысты қолдау көрсетуді, Асем Нұрмашева тұрғын үйге мұқтаж екендігін жеткізді. Тұрғын үй мәселесіне қатысты аудан басшысы Олжас Елебекұлы тұрғын үй алу тәртібі кезекпен берілетіндігін баса айтты. Көкталдық Жандилла Молибаев 2023 жылдан беру қисайып тұрған газ құбырын түзетуге көмектесуін өтінді. Азаматтың өтініші бір апта ішінде қанағаттандырылатын болды. Сонымен қатар бірқатар азаматтар жер мәселесіне қатысты талап-тілектерімен жүгінді. Аудан әкімі Олжас Елебекұлы азаматтардың өтініш-тілектеріне құлақ асып, барлық сауалдарына толық жауап берді. Әр мәселе мұқият зерделеніп, заң талаптарына сәйкес шешім қабылданатынын және назарға алатынына сенім білдірді. Қабылдауға аудан әкімдігіне қатысты бөлім, мекеме басшылары қатысып, келіп түскен өтініштерге түсініктеме берді. Қабылдауға «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева, аудан әкімі аппаратының басшысы Асылжан Құрманов қатысып отырды.
Өз тілшіміз. |
Обновлено 04.03.2025 12:07 |