Өткен аптаның сенбісінде Бурыл ауылдық клубында Алғыс айту күніне орай «Алғыс, алғыс адамзаттың бәріне!» тақырыбында іс-шара өтті. Алдымен клуб алдында этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық қолөнер бұйымдары және көрнекі жәдігерлерімен таныстырып, әндерін шырқап, қазақ халқына алғыстарын айтып жатты. Мұнан кейін жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов көктем мезгілінің алғашқы күніндегі айтулы мерекемен құттықтап, тарихты танып, құндылықтарды қастерлеп, бірлікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Жаһандану жағдайында бірегей болмысымызды, құндылықтарымызды және тарихымызды сақтау, ел бірлігі мен татулығын
нығайту-міндет екендігін, елімізде бұл мейрам- құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі ретінде тойланып келе жатқандығын айтты. Түрік этномәдени орталығының жетекшісі Сабур Аббасов қазақ халқына тарихтың күрделі кезеңдерінде көрсеткен қонақжайлылығы мен қамқорлығы үшін алғысын айтып, еліміздің ең басты құндылығы-ынтымақ пен бірлікті сақтау қажеттігіне екпін салды.
 Алғыс айту күніне орай, аумағымызда ұлтаралық татулықтың сақталуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қалмұхамбетұлы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.Олардың алдағы уақытта да елдің бірлігі, жастар арасындағы тәрбиеге мол үлес қоса беретіндігіне сенім білдірді. Әрмен қарай бірлік пен ынтымақты, ұлтаралық татулық пен келісімді дәріптейтін аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Өнерпаздар ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлттық ән мен биінен шашу шашып, көпшілікке ұмытылмастай әсер сыйлады.
«Ауыл жаңалығы» - ақпарат.
|
Обновлено 04.03.2025 12:06 |