Онлайн газет



Тарихтың өшпес парағы

Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын» атты өлеңінде:
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген,-деп жырлағандай, қазақтың басынан өтпеген зұлмат кемде-кем. Халқымыздың басына бақ болып қонған тәу етер тәуелсіздік талайғы тар жол тайғақ кешулермен келгені рас. Ел егемендігі жолында есіл ерлеріміз сұм соғыста шайқасып, туған жерін жаудан қорғаған.  Сұм соғыс, сұрапыл майдандардан бөлек аштық, жалаңаштық зардаптарын көрген ата-бабаларымыз айдауда болып, тіпті жазықсыздан-жазықсыз өлім жазасына да кесіліп кете барды.
1930-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін қазақ халқының қаралы кезеңі болып тарихқа енді. Ел жадына өшпестей із қалдырған осынау нәубатта ұлтымыздың ең таңдаулы азаматтары негізсіз жаламен ұзақ мерзімге сотталып, бас бостандығынан айырылды. Жаппай қуғын-сүргін ешқандай сотсыз, «айрықша кеңес», «алқа», «үштік»,  «екілік» дегендер арқылы жүзеге асырылды. Дерек көздеріне сүйенер болсақ, 1930-1950 жылдар аралығында Кеңес Одағы бойынша 40 миллионға жуық адам қуғын-сүргінге ұшыраған екен. Соның ішінде 103 мыңнан аса қазақтың тағдыры тәлкекке түсіп, 25 мыңға жуық азамат атылған. Олардың ішінде Шәкәрім қажыдан бастап, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамбетов, Жүсіпбек Аймауытов, Санжар Асфендияров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды мыңдаған ұлт зиялылары бар еді. Елім деп еңбек еткен асыл азаматтар саяси қуғын-сүргіннің, жазықсыз жаланың құрбаны болды. Мемлекеттің мақтан тұтар тұлғалары, ақыл-ойға бай перзенттерінің бұлайша жазалануының басты себебі – ұлттың өсіп-өнетін қымбаттарын жою саясаты болатын.
Иә, 1930 жылдан бастау алған Ф.И.Голощекиннің «Кіші Октябрь» ұйымдастыру жөніндегі құйтырқы саясаты және 1929 жылдан 1953 жылға дейін, дәл Сталин билік еткен кезең қазақ халқын өте ауыр қасіретке душар етті. Дәл осы дүрбелең шақта қолындағы малын күштеп тартып алған халықтың күн көрісі қиындап кетті. Өмірдің мәні бір тарының қауызына сыйды. Жаппай аштық жайлады. Аштықтан, күшпен, зорлықпен тәркілеуден зәрезеп болған халық шет елге өтіп, босқынға айналды. Қытай асты, ішкі Ресейге өтті. Амалы, шарасы жоқ халық ақ сүйек болып қырылды.
«Халық жауы» ретінде жазаланғандардың отбасылары, балалары, әйелдері лагерьге айдалды. 1930 жылдан 1956 жылға дейін 26 лагерь жұмыс істеген. Оларда 20 милионнан астам адам қамауда ұсталды. Осы лагерьлерде 1 млн. адамның өмірі қиылды.
Қатыгездікке толы жаппай жазалау шаралары ауданымызға да өз ықпалын тигізді. Жерлестеріміз, қоғам қайраткерлері Жақаш Мамыров, Сыдық Абланов, Намазбай Ақшабаевтар қуғын-сүргіннің құрбандары болғаны тарихтан белгілі.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылдың 14 сәуірінде «Жаппай саяси қудалаудың құрбандарын ақтау» туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.  Бұдан кейін мемлекет басшысының 1997 жылды «Жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 жылды «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жариялауы қуғын сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау жөніндегі жұмыстарды жандандыра түсуге үлкен септігін тигізді. Ал, 31 мамыр – Елбасының Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді.
Елімізде қуғын-сүргін құрбандарына арналған күн белгіленіп қана қоймай, түрлі жобалар жүргізілуде.  Мәселен, тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған оннан аса «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды. Тіпті, бүгінде олардың атымен аталатын мектеп пен көшелер де бар. Олай болса, осынау қилы кезеңдерде елім деп еңіреп өткен ерлердің есімдерін ұлықтай отырып, тарихқа тағзым ету жас ұрпақтың басты борышы болмақ.

Өз тілшіміз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1074
mod_vvisit_counterКеше2528
mod_vvisit_counterОсы аптада5763
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда22393
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2274062

Серіктестер