Онлайн газет



ОРТАЛЫҚТЫҢ ОҚУШЫҒА БЕРЕРІ КӨП

Кеше аудан орталығындағы Сарыкемер мектеп-гимназиясында биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай «Кәсіптік бағдар беру орталығы» ашылды.
Мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қатысқан шарада аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадина Сейтқазина, білім бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Сейдеханов, Сарыкемер ауылдық округі аналар алқасының төрайымы Шамша Жұмабаевалар сөз алып, мектептегі ашылғалы отырған оңды іске ризашылықтарын білдірді.
Олар аталған орталықтың мектеп оқушыларының болашақ мамандықтарын таңдауларына дұрыс бағыт-бағдар алуына мол мүмкіндік туғызатынын баса айтты. Кейінгі жылдары елімізде жұмысшы мамандықтарын табудың қиынға соғып отырғаны, сондықтанда Мемлекет басшысы  биылғы жылды жұмысшы мамандықтарына арнап отырғаны негізсіз емес екендігіне тоқталды. Бұл жас ұрпақты еңбекке және кәсіптік бағдарлауға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама әсіресе мектептер үшін үлкен маңызға ие. Себебі оқушылардың мамандық таңдауына оң ықпал етіп, техникалық және кәсіптік білімге деген қызығушылығын арттырады. Жұмысшы мамандықтарының маңызын түсінуге, еңбекке баулуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағыттайды. Орталықтың жұмысына табыс тілеп, алдағы уақытта оның жұмысын кеңейте түсуге тілек білдірді.
Мектеп бітіргелі отырған жастардың өз мамандықтарын дұрыс таңдауға, жақсы маман болып қалыптасуға және отбасындағы бала тәрбиесіне байланысты қонақтарға сұрақтар қойылып, оған жауап берілді.


11-сыныптың білім алушылары өздері көрсеткен шағын көрініс арқылы мамандықты қалайша дұрыс таңдауға болатынын көрсетті. «Жай мұғалім-хабарлайды, жақсы мұғалім-түсіндіреді, керемет мұғалім–көрсетеді» демекші, ұстаздардан алған білікті білімді ары қарай жалғастыру оқушылардың өздеріне байланысты. Ата-ананың ақылы дұрыс болғанымен мамандық таңдағанда алғашқы кезекте жүрек қалауына басымдық берілуі тиіс. Міне осыған шағын ғана көріністен оқушылар жауап алғандай болды.
Кешті мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржамал Молдашева жақсы жүргізгенінде айта кеткен орынды болар. Кеш мектеп өнерпаздарының әуезді ән, күмбірлеген күйлерімен өрнектеліп отырды.
Кешке қатысқан қонақтар «Кәсіптік бағдар беру орталығының» лентасын қиып, ішке енген бетте мектеп директорының орынбасары Динара Жұмабаева орталық жұмысымен таныстырды. Алдымен айтарымыз орталық іші жақсы жабдықталған. Қажетті нәрсенің бәрі бар. Мұнда ауданымызда өндірілетін өнімдер, қазіргі таңдағы сұранысқа ие мамандықтар, жоғары оқу орындары мен колледждер туралы мәліметтер алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, оқушылар қандай мамандықтарды таңдаса солар туралы толық мәліметтер алуға мүмкіндік мол.
Шараға қатысушылар мектептегі еңбек пәні, арнайы үйірмелерге қатысатын оқушылардың қолынан шыққан әртүрлі бұйымдар көрмесін тамашалады. Ондағы моншақты сөмкелер, ешкі сүтін араластырып жасалған сабындар, қыш құмыралар, нан өнімдері мен гүл өсірушілердің еңбегін ұзақ тамашалады. 7-сынып оқушысы Нұржан Құттыбай Қапшағайдан әкелінген шикізат (саз балшық) арқылы құмыраны сол жерде жасап, көрсетті. Сондай-ақ  әртүрлі нан өнімдерін дайындаған 9-сынып оқушысы Динара Мақшатова, гүл өсіруші 5-сынып оқушылары – Жанерке Рахман мен Інжу Айтбайдың, сабын дайындаған 8-сынып оқушысы Айнұр Төреғали, моншақты сөмке жасау шебері 9-сынып оқушысы Айдана Бейбіттердің жасаған бұйымдарыда көпті таң қалдырды.
Осы жерде аталған оқушыларға қол өнер бұйымдарын жасауды үйретіп отырған үйірме жетекшілері мен ұстаздары Алтынай Жадигарова, Әсел Байдешова, Несібелді Маханбеталиевалардың да еңбегі мақтауға тұрарлық.
Кез келген саналы баланы «Мен өскенде кім боламын?», «Қандай мамандықты таңдасам екен?», «Таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін?» деген ойлар мазалайтыны анық. Ал оның шешімін табуына біз куә болған Әсел Қуатова басшылық ететін мектеп-гимназиясындағы орталық жауап беріп тұрғандай. Ендеше осындай орталықтар ауданымыздағы барлық мектептерде ашылып жатса нұр үстіне нұр балар еді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 04.03.2025 11:57
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін334
mod_vvisit_counterКеше1596
mod_vvisit_counterОсы аптада3274
mod_vvisit_counterӨткен аптада9056
mod_vvisit_counterОсы айда1930
mod_vvisit_counterӨткен айда45659
mod_vvisit_counterБәрі2928945

Серіктестер