
Апта басында әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Олжас Баққараевтың төрағалығымен аппараттық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері мен қоғамдық ұйымдар төрағалары қатысты. Отырыста «Байзақ ауданы аумағында су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы» аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Б.Амиралиевтің баяндамасы тыңдалды. Баяндамада айтылғандай көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу мақсатында аудан аумағынан өтіп жатқан Талас өзенінің жағалауына зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде Қостөбе, Сарыкемер ауылдары мен «Денсаулық» саяжайы аумағы, «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық мәндегі автомобиль жолының
сол жақ жағалауы қауіпті деп танылған. Бүгінгі күнге қауіпті аймақтардағы Талас өзенінің жағалауларын нығайту, арнасын тазалау жұмыстары аяқталған. Дәлірек айтқанда 1 160 метрді құрайтын өзен арнасы тазаланып, 900 метр жағалауға нығайту жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қаңтар айында қауіпті саналған Сарыкемер ауылындағы, Бәйдібек баба, Б.Момышұлы көшелері мен «Денсаулық» саяжайы тұрғындарына «Су тасқыны кезінде жасалатын іс-әрекеттер» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылған.
 Баяндамашы сөзінің соңында әр елдімекендер маңындағы арық-каналдарды тазалау қажеттігіне назар аударды. «Наурыз айындағы мерекелік іс-шараларға дайындық жұмыстары туралы» аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Серғалиқызы айтты. -Наурыз айында «Алғыс айту күні», «Халықаралық әйелдер күні», Ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мерекелері атап өтіледі. Алғыс айту күніне байланысты көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Аудан тұрғындарымен сұхбаттасу, шетелде тұратын қазақстандықтарды құттықтау, білім беру мекемелерінде ашық тәрбие сағаттарын өткізу, «Көңілді старт» ойындары, ауылдық клубтар мен кітапханаларда тақырыптық кештер мен кітап көрмелері ұйымдастырылатын болады. Экологиялық акция аясында тазалық жұмыстары жүргізіліп, Бурыл ауылында әртүрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Алғыс, алғыс адамзаттың бәріне!» тақырыбында концерттік бағдарлама өткізіледі, - деді Д.Серғалиқызы. Ол өз сөзінде сондай-ақ «8 наурыз-Халықаралық әйелдер күні» мен Ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мерекесін атап өту туралы да айта кетті. Онда ол «Наурызнаманың» он күндігіне басымдық берді. Оның алғашқы күні 14 наурызда «Көрісу» күнінен басталатыны айтылды. Жоғарыда аталған мерекелерге байланысты аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов қосымша баяндама жасады. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов аталған мерекелерді өз деңгейінде өткізуге байланысты ұсыныстар айтты. Мерекеге дейін сенбіліктер өткізіп, төңіректі тазалау, Наурыз мерекесі кезінде ұлттық киімдер кию, Халықаралық әйелдер күні мерекесінде аудан орталығы ғана емес ауылдардағы еңбек еткен аналарды құттықтау, тағы басқада ұсыныстарын жеткізді. Кеңес отырысын қорытындылаған аудан басшысы Олжас Елебекұлы Талас өзені жағалауына жақын елдімекен тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ауылдардағы арық, каналдарды тазалау, мерекелерге дайындық жұмыстары туралы тиісті мамандар мен округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |