Онлайн газет



«БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ: ДОСТЫҚ. БІРЛІК. КЕЛІСІМ»

Осындай тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, Бурыл орта мектебінде форум өтті.
Алдымен форум қатысушыларын мектептің домбырашылар ансамблі Құрманғазының күйімен қарсы алды. Сосын қонақтар қазақ, орыс, өзбек, корей, түрік  этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарынан дәм татып, қылқалам шеберлерінің туындыларымен танысты. Әрмен қарай «Мектеп медиациясы» орталығының ашылу рәсімінің  салтанаты өтіп,  орталықтың лентасын аудандық соттың төрағасы Досжан Төленбеков пен Бурыл ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Ерік Әліқұлов қиды.
Бұдан соң форум жұмысы бастау алды. Мектептің мәжіліс залына жиналғандар алдында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отырғандығын, Ассамблея еліміздегі ауызбіршілікті сақтап, этностар арасындағы достықтың күретамырына айналғандығын, бірлік пен достық, келісім - еліміздің басты құндылығы екендігін айтты.  Бурыл ауылдық округінде көп этнос өкілдері шоғырланғандығын, аудандағы барлық ұлт өкілдері еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне етене араласып отырғандығын жеткізді. Ассамблея этностаралық достық пен ұлттың біртұтастығын насихаттау жолында аса маңызды әлеуметтік институтқа айналғандығын, ең басты байлық-бірлік екендігіне екпін салды. Аудан мектептерінде медиация орталықтарының ашылуына сүбелі үлес қосып жүрген Жамбыл облысының ҚХА медиаторы, облыс әкімдігі білім басқармасы жанындағы білім беру ұйымдарының медиаторлар кеңесінің төрайымы, Байзақ ауданының ақпараттық «Үгіт-насихат» орталығының жетекшісі Ғайни Көшекбаеваның ерен еңбегін атап өтіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін «Ұлтаралық келісім-конституциялық құндылық-сотпен қорғалу кепілі» тақырыбында  аудандық соттың төрағасы Досжан Төленбеков, «Басты құндылығымыз: Достық, Бірлік. Келісім» тақырыбында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілхан, «Байзақ ауданында жұмыс жасап жатқан  мәдени орталықтардың жұмысы туралы» аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оралов, «Қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында тұрақтылық пен келісім, достықты ғылыми-сараптамалық қолдану мәні» тақырыбында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Бұзаубақова, «Этномедиация туралы» Жамбыл облысы әкімдігі АҚДБ «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиевалар баяндама жасады.


Баяндамашылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс» тұжырымдамасындағы қоғамды ұйыстыратын басты құндылықтар: Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік пен Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық негізінде жас буынды тәрбиелеудің маңыздылығы, еліміздегі ынтымақ пен бірлікті, этносаралық келісімді сақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, елге, Отанға адал қызмет ету төңірегіндегі ойларын ортаға салды.
Алқалы жиын барысында неміс этномәдени бірлестігінің өкілі Татьяна Осипова жиналғандарды көктемнің алғашқысы мерекесі- Алғыс айту күнімен құттықтап, лебізін әнмен жеткізді. «Елім-ай-Достық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Полина Ким Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы алатын орнын әңгімеледі. Бірлік-мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты және ұлттық бірегейлікті нығайтудың қуатты факторы екендігін, ал Отанның ортақ екенін сезіну-жалпы азаматтық сананың негізі болып табылатындығын атап өтті. Тағдырдың тәлкегімен қоныс аударған этностарды бауырына басып, қамқорлық көрсеткен қазақ халқына алғысын  айтып, бірлікті сақтау-баршаға жүктелген аманат екендігіне басымдық берді. Бурыл ауылдық округі ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы Уммат Бошатов болса өсіп келе жатқан жас ұрпақты іргелі құндылықтар негізінде тәрбиелеуге баса назар аудару қажеттігін, тәуелсіз мемлекетіміздің тұтастығы мен бірлігі үшін барша қауымды мемлекеттік саясатты қолдап, егемен елдің дамуына жан-жақты атсалысуға үндеді.
Ел бірлігі мен ынтымағын ұлықтаған шарада Бурыл орта мектебінің 6-сынып оқушылары  “Менің Қазақстаным” әнін әуелете шырқаса,  мың бұралған бишілер «Достық биін» билеп көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.  Ұстаздардың орындауында белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен форум жұмысы қорытындыланды.

Гүлшахар Әбдіқұлова.

Обновлено 28.02.2025 12:07
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін749
mod_vvisit_counterКеше1481
mod_vvisit_counterОсы аптада7989
mod_vvisit_counterӨткен аптада12089
mod_vvisit_counterОсы айда36096
mod_vvisit_counterӨткен айда50604
mod_vvisit_counterБәрі2776266

Серіктестер