Онлайн газет



МАҚСАТ – САПАЛЫ МАМАНДАР ДАЯРЛАУ

Біздің тілшіміз №3 Байзақ колледжінде болып, оның директоры Руслан Төлепбергеновтен колледждің жұмысшы мамандықтарды даярлау барысында атқарып жатқан жұмыстары туралы сұраған еді.

- Руслан Әденұлы, алдымен аудандағы жалғыз колледж туралы қысқаша мағлұмат бере кетсеңіз? Оқу орнында қандай мамандықтар даярланады, қанша студенттеріңіз барында айтсаңыз орынды болады?
- Өзіңіз айтып отырғандай ауданымыздағы 20 жылдық тарихы бар жалғыз кәсіптік Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасына қарасты «№3 Байзақ колледжінде» 7 мамандық бойынша мамандар дайындалады. Атап айтатын болсақ, ауданымызға қажетті «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер (түрлері бойынша)», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Сандық техника (түрлері бойынша)», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Жеміс-көкөніс шаруашылығы», «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша мамандар дайындайды. Еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет 9,11-сынып түлектеріне тегін білім алу мүмкіндігін жасауда. Колледжде қазіргі уақытта 435 студент білім алуда. Қысқа уақытта нақты кәсіпті меңгеріп шығатын жастар енді ел экономикасына едәуір серпін берері анық. Ал басты мақсатымыз – ауданға қажетті сапалы мамандар даярлау.

- Колледжді 2024 жылы қанша бала бітірді, олардың жұмысқа орналасуы қалай? Қандай мамандықтарға сұраныстың көп екенінде біле кетсек?
-2023-2024 оқу жылында «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер (түрлері бойынша)», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша 74 студент оқуын аяқтады. Жұмысқа орналасқандары 58 түлек. Дуалдық оқыту жүйесі бойынша практикадан өткен студенттер ЖК «Барно», «Салимов Е» ШҚ және «Әулие-Ата Феникс» ЖШС мекемелеріне жұмысқа орналасты. Біздің әлеуметтік – серіктестеріміз «Әулие - Ата Феникс» ЖШС, «Алель Агро» АҚ, «Құдайберген» ЖК, «Елге Қамқор» ұйымы, «Салимов» ЖК, «Барно» ЖК, «Анар фундс» ЖК біздің түлектерге бос жұмыс орындарын әрдайым ұсынып отырады. Студенттеріміз өндірістік практикадан өту барысында «Әулие-Ата Феникс» ЖШС, «Құдайберген» ЖК, «Барно» ЖК, «Салимов» ЖК, «Q-Center» ЖК мекемелері шәкіртақы берді.
Ауданымыз аграрлы  аудан болғандықтан «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Дәнекерлеу ісі», «Ветеринария», «Электр жабдықтары (түрлері және салалары бойынша)» мамандықтарына сұраныс көп. Осы сұранысты зерделей келе биылғы жылы «Ветеринария» мамандығына лицензия алуды жоспарлап отырмыз. Ал келесі жылы «Электр жабдықтары (түрлері және салалары бойынша)» мамандығына лицензия алу жоспарымызда бар. Мамандықтарға деген сұраныс «Әулие-Ата Феникс» ЖШС, «Алель Агро» АҚ және ауданымыздағы шаруа қожалықтарынан көп болып отыр.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды - «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты мекемелеріңізде қандай өзгерістер бар?
-Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаудамыз.  Яғни қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыра түседі. Колледж «Жұмысшы мамандықтар жылына» байланысты өзінің жұмыс жоспарына көптеген іс-шараларды енгізіп отыр. Сондай-ақ колледж республикадағы тың өзгерістерден қалмау мақсатында Алматы қаласының «Алматы құрылыс-техникалық колледжі», «Алматы мемлекеттік көлік және коммуникация колледжі», «Алматы технологиялық колледжі», Түркістан облысындағы «№19 колледж», «Қапланбек жоғары аграрлық колледжі», Жетісу облысының «Талдықорған индустриалды колледжі» оқу орындарымен мемарандум жасалды. Осы жылы колледж базасында шағын автокөлікке техникалық қызмет көрсету орталығы, дөңгелектерді шашып жинау цехы, жылыжай ашу жоспарлануда. 

- Колледждің қол жеткізген жетістіктері, үздік ұстаздар мен студенттер туралы да айта кетсеңіз?
- Колледждің бірден-бір көрсеткіштерінің бірі Worldskills және студенттердің шығармашылық жұмыстары. Осы жұмыстарды белсенді атқаруда колледждің өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушыларының еңбегі зор. Worldskills облыстық чемпионатына колледж студенттерін белсенді дайындаудың арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. «Worldskills Kazakhstan» облыстық чемпионаттарында «Кузовты жөндеу» құзыреттілігі бойынша Абдумомин Исмайлов 1 орынды иеленсе, «Кондитер ісі» құзыреттілігі бойынша Дилбара Полянцая 2 орынды жеңіп алды. Өксікбай Бағжан “Байзақ үздігі - 2024” аудандық жастар сыйлығының “Үздік белсенді жас” номинациясының жеңімпазы атанды. Халқымыздың белгілі ақыны Фариза Оңғарсынованың 85 жылдық мерейтойына орай “Өлең, мен сені аялап өтем…” облыстық Фариза оқуларына 1 курс студенті Мөлдір Машреп қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының техникалық және дамыту орталығы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 1-2 курс студенттері арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша ұйымдастырылып, өткізілген олимпиадаға қатысқан студенттеріміз Тоқшолпан Темірәлі, Диана Нұрмаш, Қыдырсейіт Сейдыбырайымдар жүлделі орындардан көрінді. Ақтөбе қаласында өткен «Өндірісті автоматтандырудағы жаңа тенденциялар: XXI ғасыр технологиялары» атты II студенттік республикалық онлайн ғылыми-практикалық конференциясында колледж студенті  Жанболат Тоғанайдың I дәрежелі дипломмен марапатталғанын да айта кеткенім жөн болар.
Ал ұстаздар арасында А.Балғабаева, Г.Ахметова, Р.Жамбулова, А.Балтаева, Қ.Бекмолдаева, Л.Хибатова, Е.Күнбасов, З.Сұлтаналиевалар әртүрлі деңгейдегі өткізілген облыстық, республикалық байқауларда жүлдегерлер қатарынан көрінуде.

- Колледждегі жатақхана мәселесі қалай шешілуде?
- Колледждің оқу ғимараттарында 120 орындық студенттік буфет жұмыс істейді. Асхана заманауи жабдықтармен жабдықталған және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1665 қаулысымен бекітілген “Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” санитариялық қағидаларын сақтайды. Алайда, оқу жылының басында студенттермен өткізілген анкетада білім алушылардың басым бөлігі өздерінің бір реттік ыстық тамаққа бөлінетін қаражатты жеке шотына жіберуді сұранды.
Колледж студенттерінің барлығы осы аудан тұрғындары болғандықтан жатақханаға деген сұраныс жоқ. Бірақ колледж бен Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің жатақханасына студенттердің жатуына келісімшарт жасалынған.

- Сондай-ақ шәкіртақы мәселесінде қандай өзгерістер бар?
- Бізде 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттердің шәкіртақысы  көбейді. Колледж студенттері үшін шәкіртақы 50%-ға артып, жұмысшы мамандықтары бойынша 43 574 теңгені, орта буын мамандары үшін 41 896 теңгені құрады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 28.02.2025 12:01
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін714
mod_vvisit_counterКеше1481
mod_vvisit_counterОсы аптада7954
mod_vvisit_counterӨткен аптада12089
mod_vvisit_counterОсы айда36061
mod_vvisit_counterӨткен айда50604
mod_vvisit_counterБәрі2776231

Серіктестер