Алғыс айту күні - ерекше мереке. Оның астарында үлкен мән жатыр. Бұл күні ата-бабаларымыз қастер тұтқан достық, қайырымдылық пен ынтымақ, ізгілік секілді құндылықтар дәріптеледі. Бұдан 30 жыл бұрын іргетасы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ел татулығы мен ынтымағын, бірлігі мен достығын нығайтуға үлкен үлес қосып келе жатқандығын жақсы білеміз. Ол еліміздегі қоғамдық келісім мен этносаралық тағаттылықтың қазақстандық моделін әлемге паш етті. Келісім, теңдік, бірлік, татулық, ынтымақ, достық, тағаттылық сынды құндылықтар Ассамблеяның
басты ұстанымының негізін қалады. «Береке мен байлық бірлігі мықты елде ғана болады. Берекелі ел ғана болашағын болжай алады» деп Төле би айтқандай, қоғамдағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісімді сақтау арқылы тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын болатындығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Тарихи деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың қырық-елуінші жылдары КСРО бойынша жер аударылған халықтың жалпы саны 2,5 миллионнан асыпты. Оның ішінде 1,2 миллионы Қазақстанға жіберілген. Соғыстың салған салдарына қарамастан қазақ халқы оларды бауырына басып, бір үзім нанымен бөлісті. Тағдырдың жазуымен қазақ жерінен пана тапқан әкем мен анам бақытты ғұмыр кешті. Жергілікті тұрғындармен біте қайнасып, қазақтың бір баласындай болып ержеттік. Білім алып, ішкі істер органында қызмет жасап, абыроймен зейнетке шықтым. Ұл-қыздарым қазақ мектебінде білім алып, түрлі байқауларда топ жарды. Немерелерім де қазақ тілін еркін меңгергендігін мақтан етемін. Алғыс айту күнін отбасымызбен асыға күтеміз. Бұл күн 2016 жылдан бері елімізде тойланып келеді. Бұл күні тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ жерінен пана тапқан түрлі этнос өкілдері қолындағы барымен бөліскен қазақ отбасыларына ыстық пейілі мен қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіреді. Жамбыл облысында 87 этнос, 75 этномәдени бірлестік өкілдері Ассамблея құрамында бірлік пен татулықта өмір сүруде. Ал Байзақ ауданында бес этномәдени бірлестік өкілдері ортақ шаңырағымызды көркейтуге, ел игілігі жолындағы түрлі бастамаларға қолдау көрсетіп, аймақтағы қоғамдық келісімді сақтауға үлестерін қосып келеді. Алғыс айту күні өткенге тағзым ету ғана емес, жас буынға тағылым беретін мереке. Бір-бірімізге алғысымызды айтып, қамқорлық көрсетіп, “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым” деп Абай Құнанбаев айтқандай, бір-бірімізді құрметтей білейік. Бейбітшілік пен ел бірлігі бәрінен қымбат. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, татулық пен ұлтаралық келісімді одан әрі нығайтуға үлес қосайық. Өйткені тұрақтылық та, тыныштық та, даму да бірлікте. Әділетті Қазақстанды құру, татулықты көздің қарашығындай сақтау, өзара сыйластықты нығайту бәрінен де маңызды екенін естен шығармайық.
Владимир ШТОМПЕЛЬ, ішкі істер ардагері. Диқан ауылы. |