Елімізде өткен жылы бастау алған «Таза Қазақстан» акциясынанда қарияларымыз сырт қалған емес. Былтыр күзде олар аудан орталығындағы «Астананың 10 жылдығы» атындағы саябақты тазалау, онда тал отырғызу жұмыстарын жүргізіп, көпке үлгі болған еді. Өткен аптаның сенбісінде аудан ардагерлері “Таза Қазақстан” экологиялық акциясын қолдау мақсатында және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Сарыкемер ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев атындағы балалар саябағын
тазалауға бастама көтерді. Бастама көтеріп қана қоймай аудан қариялары ертемен тазалық жұмыстарын бастап та кетті. Қариялардың қимылын байқаған аудан жастарыда лезде жиналып, тазаланып жатқан саябақтан табылды. Оларда ортақ істен шет қалмай, тазалық жұмыстарын жүргізді. -Тазалықты сақтау, табиғатты аялау, тұрғындардың қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастырудың маңызы күн санап артып келеді. Біздің ауылымызды таза ұстап көріктендіріп, көгеріштендіру туралы бастамамызға білек сыбана қолдап келген жастарға алғыс айтамыз. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, ауылымыз таза, көгерішіміз мол болған жерде еркін тыныстап, демалуға болады, - дейді Сарыкемер ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Омаров. -Жақсы іске ұйытқы болып жүрген қарияларымызды сыйлаймыз. Аға буын өкілдері бастама көтеріп, сенбілік ұйымдастырып отыр. Ауылымыздың таза да, көрікті болуы бәрімізге ортақ. Сондықтанда алдағы уақыттарда да ортақ іске өз үлестерімізді қоса беретін боламыз. Тазалық пен көгалдандыру-әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан ауыл тұрғындарын табиғатты аялауға, айналаны таза ұстауға және экологиялық шараларға белсенді қатысуға шақырамыз, - дейді Ботамойнақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Жанерке Уәлиханова.
Өз тілшіміз. Сарыкемер ауылы. |