Онлайн газет



ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРҒАН ТАМАША КОНЦЕРТ

Ауданымызда жарты ғасырдан астам тарихы бар Қазақстан Ұлттық Юнеско клубтары Федерациясы құрамындағы Кенен Әзірбаев атындағы балалар Саз мектебі бүгінде облыс ғана емес республикамызға танылған ұжым екенін жақсы білеміз. Өзі құрылғалы бері ұжымда бірнеше буын өкілдері қызмет етіп, сондағы жастарды өнер өлкесіне қанат қақтыруда. Мектеп қабырғасындағы жастарды өнер әліппесін танудан бастатып облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жоғары жүлделерге қол жеткізіп, ауданымыздың абыройын асқақтатып келеді. Үлкен өнер иесі, ұйымдастырушылық қабілеті, ұстаздық ізденісі жоғары Панабек Ахметов басқаратын ұжымдағы 14 бағытта 262 оқушы білім алуда. Ұжымның қол жеткізген жетістіктері қомақты.
Өткен аптада аталған ұжым ұстаздары мен оқушылары өз ата-аналары алдында шығармашылық концерт берді. Концертке аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов, ақын-сазгер, ауданымыздың Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Алмахан Исабаевтар қатысты. Онда алдымен мектеп  оқушылары және мұғалімдерінен құрылған ансамбль Тоғжан Жахиннің «Бабалар мекені Алтай» шығармасын жоғары деңгейде орындады.


Концертте 9 оқушыдан тұратын хормен «Ұстазым», ал Нұржігіт Жамаладин «Самал тау» әнін нақышына келтіре орындап, көрермен қауымның құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ төменгі сыныптың оқушылары Аружан Қаршыға, Раяна Әділхан, Қуаныш Қорғанбек, Рауана Естайқызы, Ескендір Әділхандардың бар болғаны бір-екі жылда-ақ өнерге біршама төселіп қалғандықтарын көрдік. Олар скрипка, қобыз, домбыра, пианино, жетіген тәрізді аспаптарды терең меңгергендіктерін байқатты. Аталған жасөспірімдердің келешегінен мол үміт күтуге болады. Концертке келген қонақтар мен оқушылардың ата-аналары олардың өнеріне ризашылықтарын ұзақ уақыт қол шапалақтаумен білдірді.
Скрипкашылар, флейтистер, жетігеншілер, баянистер, қобызшылар, домбырашылар ансамбльдері орындаған шығармаларда көпшіліктің көкейінен шықты. Әсіресе домбырашы ұл-қыздарымыздың домбыраның құлағында ойнайтындарына куә болдық. Олар күй тартқанда домбыраның пернесіне қарамай-ақ шабыттанып кеткендері бойымызға күш-қуат бергендей болды. Ал республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты талантты өнер иесі Кәусар Ахмет «Шәмші Дастанды» нақышына келтіре орындап, талайды тамсандырды.
-Менің немерем Қарақат Жұманғалидің осы мектептегі домбыра үйірмесіне қатысып келе жатқанына 4 жылдан астам уақыт болды. Бұл жылдар ішінде домбыра тартуды жақсы меңгеріп, домбырашылар ансамблінің құрамында өнер көрсетуде. Облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға бірнеше рет қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Міне мұның барлығы осы ұжымдағы ұстаздарының арқасы. Сондықтанда олардың адал еңбектеріне алғыс айтамын. Бүгінде бұл ансамбль өте жақсы өнер көрсетті, - дейді ардагер ана Анар Жатқанбаева концерттен кейін немересін бауырына басып тұрып. Анар апай ғана емес өз балалары өнер көрсетіп жатқан басқада ата-аналар ұстаздар қауымының еңбегіне ризашылықтарын білдіріп жатты...


Бір сөзбен айтқанда аталған ұжымның ұстаздары да, олар дайындап жатқан шәкірттердің де өнеріне тәнті болдық. Олар өнерлі болумен бірге, сахна мәдениетін сақтауда да көп білетіндерін байқатты. Тағы бір айтатын нәрсе ұжымдағы өнер иелерінің киімдері сахнаға шыққанда көздің жауын алып отырды. Бір-бірінен өтетін киімдерге де таңдай қағып, қайта-қайта қарай бергің келеді.
Концерт соңында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов сахнаға көтеріліп, өнерлі ұжымға алғысын айтты.
-Мен бүгінгі кештен үлкен рухани байлық алдым. Осындағы балаларымыздың өнерлеріне риза болдық. Құрметті ата-аналар, балаларыңыз алдағы уақытта да өз өнерлерін ұштай отырып, өсе берсін. Келешекте кешке қатысып отырған Қасқырбай, Алмахан аға-аталарындай үлкен өнер иесі болып, аудан абыройын асқақтата берулерін тілеймін. Өнерлері өрге жүзсін. Ал осындай бала тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымына алғыс айтып, алдағы жұмыстарыда табысты болсын, - деді Рүстем Қалмұхамбетұлы.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 25.02.2025 11:32
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін829
mod_vvisit_counterКеше1335
mod_vvisit_counterОсы аптада7097
mod_vvisit_counterӨткен аптада9628
mod_vvisit_counterОсы айда15381
mod_vvisit_counterӨткен айда45659
mod_vvisit_counterБәрі2942396

Серіктестер