Онлайн газет



СУШЫ МӘУЛЕН

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап ауыл шаруашылығына, оның ішінде егіншілікті дамытуға баса назар аударылып келеді. Жыл өткен сайын егіншілік жер көлемі ұлғайып, одан алынатын өнім де еселене түсуде. Егіннен мол өнім алу үшін жердің құнарлығымен қатар оны уақытылы ылғалдандырып, суарып тұрудың маңызы зор.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айдың соңында Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет» деген еді. Уақытылы суарылмаған егін жаздың ыстық күндерінде қурап кетері даусыз. Ал егінді суарудың қыр-сырын үйрену үшін біріншіден адам бойында талап және қажымас күш-қайрат болуы қажет.
Ақжар ауылының тұрғыны Мәулен Нәрекеевтің егін саласында сушы болып істеп келе жатқанына он бес жылдан асыпты. Әрине қолына кетпен алып, сушылық жұмысқа кіріскен сонау 2010 жылдары көп қиналғаны есінде. Тіпті ағын су бой бермеген кездерде осы жұмысты қойсам ба екен деген ой жетегінде де болды. Ар жақтан «шыда, Мәулен шыда» деген ой оны алға жетелеген. Ақыры бар қиыншылықтарды жеңіп, бұл күнде ауылдағы танымал, белді сушылардың бірі болып шықты. Егіс даласында, күннің ыстығында Мәулен кетпенін құлаштай сермеп жаңа алқаптарға жайылып жатқан су арналарына қарап, сүйсініп тұрғанда маңдайынан тер моншақтап ағып тұрған сәттер аз болмады. Кешке үйіне келгенде алдынан шыққан келіншегі Айгүл мен балаларын көріп бар шаршағанын ұмытып кетуші еді.
Нареке қариядан тараған балалар Асан, Артықбай, Артыққали мен Нұрғали ауылымыздағы үлкен әулеттердің бірі. Мәуленнің әкесі Артықбайдан үш қыз, төрт ұл тарайды. Ұлдардың екіншісі Мәулен 1977 жылы туған. Кеше ғана көз алдымызда ойнап, одан соң мектепте жүрген ол 50-ге жақындап қалыпты. Уақыт не деген жылдам. Ауылдағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепке 1983 жылы барып, 1992 жылы тоғыз жылдық білім алады. Жастайынан еңбекті көріп өскен Мәулен көп ойланбастан анасының ақылымен «Трудовой пахарь» ұжымдық шаруашылығының мүшесі болып қабылданып, товарлы-сүт фермасында және қант қызылшасы бригадасында жұмыс істейді.
2005 жылы Айгүл Серікқызымен шаңырақ көтереді. Бүгінгі күнде шаңырақтарында алты перзент тәрбиеленіп, өсіп келеді. Мәулен жазғы маусымды 130-150 гектарға дейінгі алқапты суарады. Ауыл маңындағы егістіктердің орналасуы мен оларға тартылған арықтар жүйесін өте жақсы біледі. Өйткені, осы жылдарда ол жерлерде бірнеше рет тер төгіп, еңбек еткен. Бос жүру, қарап отыруды жаны ұнатпайтын Мәулен ұзақ жылдардан бері қыс маусымында ауылдағы орта мектеп қазандығында от жағушы болып  жұмыс істейді.
Алдыңғы қатарлы сушы Мәулен Артықбайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауын өте орынды деп санайды. Себебі қаншама жылдардан бері жұмысшы еңбегі елеусіз қалып келе жатқанын жақсы біледі. Енді еңбегіне қарай құрмет көрсетілетінін түсінген ол еңбек көркін қыздыра түсіп, жоғары өнімділікке қол жеткізуді өзіне мақсат етіп отыр.

Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ,
ҚР Білім беру үздігі,
Байзақ ауданының Құрметті ардагері.
Ақжар ауылы.

Обновлено 25.02.2025 11:22
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін881
mod_vvisit_counterКеше1481
mod_vvisit_counterОсы аптада8121
mod_vvisit_counterӨткен аптада12089
mod_vvisit_counterОсы айда36228
mod_vvisit_counterӨткен айда50604
mod_vvisit_counterБәрі2776398

Серіктестер