Онлайн газет



КӘСІБІН АШАМЫН ДЕГЕН АЗАМАТТАРҒА МЕМЛЕКЕТТЕН КӨРСЕТІЛЕТІН КӨМЕК БАР

2023 жылы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі күшіне енді. Кодекстің 110-бабына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді алуға құқығы бар.
Осыған орай кәсібін жаңадан ашамын деген азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған конкурстық негізде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріледі.
Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа төмендегілер үміткер бола алады:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркелгеніне үш жылдан аспауы керек).
Бұл жағдайда өтініш беруші келесі халықтың әлеуметтік осал санаттардың біріне жатуға тиіс:
1) атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
2) төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысанында оқитын балаларға, олар он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алушылар (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) және (немесе) оның жұбайы (зайыбы);
3) асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар;
4) қоныс аударушылар;
5) қандастар;
6) еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
7) мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар және (немесе) оның жұбайы (зайыбы).
Үміткерде "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты (үш жылдан аспайтын) болуы керек. Өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі грант сомасы – 400 АЕК-ке дейін (2025 жылы 1 572 800 теңге дейін). Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.
www.enbek.kz порталына электронды пошта немесе ұялы телефон нөмірі арқылы тіркелуге болады. Enbek.kz порталында бұрын тіркелген аккаунтыңыз болса, онда қайта тіркелудің қажеті жоқ. Пайдаланушыны сәйкестендіріп, тіркеуді аяқтау үшін ЖСН көрсету керек. Одан кейінгі қызметтерді алу үшін ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) қажет ЭЦҚ болмаса оны eGov порталынан қашықтан алуға болады.
Өтініш беру үшін:
- порталға тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға жүктеу;
- өтініш формасын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою керек.
Грант қаражатын кез келген мақсатқа жұмсауға болмайды. Яғни грантты қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды, технологиялық жабдықты, жануарларды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алу және үй-жайларды жалға алу мақсатында алуға болады.
Бұл ретте жұбайынан, жақын туыстарынан сатып немесе жалға ала алмайды.
Грант ақшасын қандай мақсаттарға жұмсауға болмайды. Атап айтқанда грант қаражатын:
- тұтынушылық мақсаттарға;
- кредиттік қарыздарды өтеуге;
- жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға;
- жер учаскелерін сатып алуға;
- акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Қайтарымсыз грант алу үшін үміткерлер бизнес-жоспар жасауы керек. Бизнес-жоспар-бұл бизнесті құрудан бастап нақты мақсаттарға жетуге дейінгі нұсқаулық. Ол неғұрлым жақсы пысықталған және қазіргі жағдайларға бейімделген болса, оны іске асыру және грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны бизнес-жобаңыз туралы деректермен толтырып, грантқа онлайн өтініш берген кезде пайдалану қажет.
Сонымен қатар қаражатты мақсатты пайдалану туралы есеп беріп отырады.
Грант беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап грант иегері мен  Еңбек мобильділігі орталығы арасында шарттық міндеттемелер басталады. Шартқа сәйкес бір жыл ішінде грант қаражатын  мақсатты пайдаланғаны жөнінде тоқсан сайынғы есептерді ұсынып отыру керек. Сонда бір жылда барлығы 4 есеп тапсыру қажет.
Есептерді онлайн форматта, пайдаланушының жеке кабинетінде "Есепті тапсыру" функционалы арқылы тапсыруға болады.
Есеп туралы ақпарат интеграция арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түседі. Грант иесіне тек жүзеге асыратын бизнестің кейбір көрсеткіштерін көрсетіп, растайтын құжаттарды тіркеп, үш сауалға жауап беруі қажет.
Есеп ұсынылмаса, қосымша растайтын құжаттар берілмесе немесе есепте көрінеу жалған мәліметтердің бары анықталса, Еңбек мобильділігі орталығы есептелген грант қаражатын қайтаруды талап етуге құқылы.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттарға байланысты әртүрлі жалған ақпараттар таралуда. Грант беру процесі электронды түрде өтетіндігі жөнінде және жалпы оқу процесі туралы толық ақпараттың газет беттеріне, әлеуметтік желіде жарияланғанына қарамастан, кейбір аудан тұрғындары алаяқтардың «Тесттен өтіп, сертификат алып беремін 100%» деген сияқты жалған уәделеріне сеніп, қалтасынан қағылып жатқаны байқалуда. Осы жағдайларды ескере отырып, азаматтарға айтарымыз, өз құжаттарыңызға абай болыңыздар және шынайы бизнес ашамын деген ниетіңізге орай әрекет етіңіз. Оқу сайтында өз логин пароліңізді ашып, оқу тесттерінен өз біліміңізді пайдалана отырып өтіңіз және жоспарыңыз анық болсын. Егер өз ісіңізге қызығушылық танытып, бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік грант конкурсына қатысып, бизнес-жоспарыңыздың тиімділігін дәлелдей алсаңыз, грантты ұтып алу мүмкіндігіңіз бар.Аудан тұрғындарына ескерту ретінде Егер Сіз алаяқтардың құрығына ілігіп, алданып қалсаңыз, дереу құқық қорғау органына немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің call-орталығына (1424)  жүгіну қажет екенін ескертеміз.

Дидар САНСЫЗБАЕВ,
Байзақ ауданы бойынша Мансаптық орталық филиалы «Кәсіптік оқыту және кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің» басшысы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін711
mod_vvisit_counterКеше1481
mod_vvisit_counterОсы аптада7951
mod_vvisit_counterӨткен аптада12089
mod_vvisit_counterОсы айда36058
mod_vvisit_counterӨткен айда50604
mod_vvisit_counterБәрі2776228

Серіктестер