Отан – белгілі бір адам үшін оның туған елі ғасырлар бойы ғұмыр кешіп және оның мәңгі жасауы үшін жан аямай күресіп келе жатқан киелі өңір. Отан – жаны, жүрегі бар кісінің туған шаңырағы, ата-ана, бала-шағасы, жан-жары, дос-жаран, ағайын-туысы, солармен бірге бұл өмірде көретін қызығы мен шыжығы деседе болады. Өзі дүниеден өткеннен кейін де ұрпағы мәңгі тәу етер төмпешік те Отанның құшағында. Адамның туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі ешқашанда ұмытылмайды. Осындай қасиетке ие туған Отанын шексіз сүйген азамат ойланбай-ақ от кешуге даяр тұрады. Менің атам, Ұлы Отан соғысының ардагері, Құмжота ауылының мақтанышы Жайдарбек Бұзаубақұлы да Отан үшін от кешіп, туған жері үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың бірі. Бүгін сәті түсіп, батыр атам туралы ой толғағанды жөн көрдім. Әкем Әділбек пен атам Жайдарбек бір әкеден туған бауырлар. Жалпы болмыстары сабырлы, шындық пен ар-ұятты алдыға қоя білген еңбекқор, бауырмашыл кісілер
болатын. Атам 1941 жылы 17 жасында әкесі Бұзаубақ екеуі бір жылда зұлмат соғысқа аттанған. Атам Жайдарбек ауылға І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен оралған. Үлкен атам Бұзаубақ хат-хабарсыз кетіп, сол күйі соғыстан қайта оралмады. Батырлық, ерлік – ол атаның қанымен, ананың ақ сүтімен берілетін қасиет. Жайдарбек атам үйге келгенде «шешемнің орны» деп бір мызғып алатыны бар еді. Ол өзінің қара шаңырағы мен анасына деген сағынышын солай басады-ау деп ойлаймын. Мереке, той-томалақ, жиындарға барарда үйге міндетті түрде соғып кететін. Осы сәттерде қара шаңырақтың қандай қасиетті екеніне емірене көз жеткізесің. Бала болсақта атамның кеудесіндегі медаль, ордендерін санап, сипап мәз болатынмын. Атам еліне оралғаннан кейін де кіндік қаны тамған жеріне еңбегін сіңіріп, талай игі істерге мұрындық болды. Өлшеусіз ерлік көрсеткен батырлардың арасында менің үлкен атам Бұзаубақ пен немере атам Жайдарбектің өнегесі біздің әулетке ерекше мақтаныш сыйлайды. Олардың ерлігін айтып, батырлық болмысын есте ұстап, онымен мақтану – кез келген ұрпақтың парызы. Ол ұрпаққа рух береді. Біз үшін олар біздің әулетіміздің тарихында ержүрек, патриот ретінде мәңгілікке сақталып қалады. Ел ішінде «Ер-елдің айнасы» деген терең мағыналы мақал бар. Ерлік білекте емес – жүректе. Ерлік – тек соғыста ғана танылмайды. Өмірде орын алған оқыс оқиғаларда алтын басын қатерге тігіп, адамды ажал аузынан арашалап жүрген бейбіт күннің батырлары қазір де баршылық. Соның бірі – менің әулетімнің тағы бір батыры Әділет. 2021 жылдың тамыз айында Қайнар ауылы маңында орналасқан әскери бөлімде қоймалардың бірінің маңынан алапат өрт шығып, арты жойқын жарылысқа ұласқан еді. Сол кезде бірнеше азамат сол өртті сөндіру жолында өмірлерін қиды. Солардың арасында менің жақыным Әділетте бар еді. Ол да ата қанымен келген қасиеттердің арқасында, өзінің батырлар ұрпағы екенін көрсетіп, елі үшін жанын пида етті. Әділет әулетіміздің ғана емес, күллі халықтың батыры болып ел жадында мәңгі қалды. Өмір мен өлім қатар келген қас-қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған ержүрек азамат болу тектіліктен деп білемін. Олар әрқашан ұрпаққа – үлгі болып қалды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс, достық пен бірлікті жырлаған, ер намысы боп атылған, ел дауысы боп шақырған жеңіс. Арын жалау етіп, жанын алау етіп жауға аттанған ел ұлдары елін, өз туған өңірін, қорғаумен болды. Осы соғыста қасық қанын қиып, ұрыс даласынан қайтпай қалған қаһармандарымыз қаншама? Қазіргі ұрпақ, боздақтарға болашағымыз үшін басымызды иіп құрмет көрсетуді-адамгершілік парызымыз екенін ұмытпауымыз қажет. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толғалы отыр. Бұл Жеңіс оңай келген жоқ. Бірнеше жылға созылған сұм соғыстың кесірінен талай ана жесір, талай бала жетім қалды. Елге жаралы болып келіп, көп ұзамай өмірден кеткендер қаншама? Соғыс деген сөзді естіген кезде көз алдыма сансыз ғаламат ойлар келіп, тұла бойымды тітіркендіреді. Дегенмен сол соғыста ата-бабаларымыз ерлік көрсетіп, жауды өз жерінде талқандап, жеңіске жетті. Ата-бабаларымыздың ерлігін жалғастырған жандар өңірімізде аз болмаған және ол ерлік жолын менің ұрпағым жалғайтынына кәміл сенемін. Бұған Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсеткен аталарым Бұзаубақ пен Жайдарбек, бейбіт елдің батыры – Әділет дәлел бола алады.
Ләззат БҰЗАУБАҚОВА, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Мәдімар ауылы. |