Онлайн газет



ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ЕР

Әрбір ауылда  өзінің еңбекқорлығы, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азаматтар болады. Сондай азаматтардың бірі-Диқан ауылында тұратын Әзімбек Ойықбаев қария бүгінде 75 жасқа толып отыр.
Қарияның әрбір сөзі, мәнді, сәнді, мазмұнды, ұрпаққа берер тәрбиесі мол, алары бар маңызды болуы тиіс. Өз әулетін шашу шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты “қария” деп атайды. Ал ауылының жоғын түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа отырғызған, айбынын асырған қарияны “ақсақал” дейді. Халықтың сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайды ушықтырмай шешіп, рухын бойына сіңірген қарияны “абыз” дейді.
Біз сөз еткелі отырған Әзекеңнің бұған дейін атқарған қызметтері, бүгінгі күні атқарып жүрген істеріне қарасақ “абыз” деуге әбден болады. Ол туралы сәл кейінірек  айтылады.
Әзекеңмен менің таныстығым бүгінгі қызметіме кіріскен 2022 жылдың маусым айында Диқан ауылындағы “Ардагерлер аллеясының” ашылу салтанатында басталған еді. Содан бері аға туралы, ол кісінің атқарған қызметтері, еліне жасап отырған жақсылықтары туралы біркісідей білетін болдым.
Ә. Ойықбаев 1950 жылдың 23 ақпанында ауданымыздың Ленин атындағы колхозда дүниеге келген. 1967 жылы Ақжар орта мектебін бітірісімен еңбек жолын колхозшы болып бастайды. Еңбек ете жүріп, Алматы зооветеринарлық институтында оқып, 1977 жылы зоотехник мамандығын алып шығады.
1977-1981 жылдар аралағында Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық ауылшаруашылығы бөлімінде зоотехник, Қаз ССР Шымкент облыстық ақпараттық есептеу орталығының аудандық филиалының меңгерушісі қызметін атқарады. Ал, 1981-2005 жылдар аралығында ауданымыздың Аманкелді колхозында бас зоотехник, ауданның мал бордақылау комплексінің меңгерушісі, техникалық қауіпсіздігі инженері, «Дән» шаруа қожалығының жетекшісі қызметтерін абыроймен атқарды.
2005 жылы Әзімбек ағаға үлкен сенім көрсетіліп, Байзақ аудандық ауылшаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы қызметіне сайланады. Ал соңғы 5-6 жылын аудандық аумақтық инспекциясының мал тұқымын асылдандыру бөлімінің меңгерушілігі қызметіне арнап, 2013 жылы зейнетке шығады.
Әзекең қай қызметті атқарса да өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында алғысқа бөленіп отырды. Өз білімін ұдайы көтеріп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ауылына сыйлы, ағайынның жолбасшысы болды.
Зейнетке шықсада үйде қарап отыра алмады. Сол кездері Қуанышбек Бейсенбеков төрағалық еткен ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі ретінде көптеген істің шешілуіне қатысты. Ауылдың ауызбірлігі, жастардың тәрбиесіне атсалысты. Тәжірибесі мол Қуанышбек ағасынан көп нәрсе үйренді. Сондықтанда ауылдастары аталған қызметке 2018 жылы Әзекеңді сайлап, сенім артты.
Ә.Ойықбаев ауылдық ардагерлер кеңесінің жұмысын содан бері жүйелі жүргізіп келеді. Алқа құрамындағы 9 ардагер жиі-жиі бас қосып, алдағы жұмыстарды нақтылап отырады. Соның арқасында алдымен округке қарасты Диқан, Аймантөбе, Жеңіс ауылдарындағы халықтың ауызбірлігі жақсы жағдайға жетті. Ауылдардағы мал жайылымы, бақташы табу, малды сыртқа шығарып жаю, ауыл тазалығы, көріктендіру- көгеріштендіру, жол жөндеу, көше жарығы, жастар тәрбиесі рет-ретімен шешімін тауып келеді.
Округ әкімдігі, мектеп, балабақша, дәрігерлік пункт, клуб, кітапхана басшылығымен тығыз байланыста жұмыс істеудің арқасында жақсы нәтижелерге қол жетуде. Атап айтқанда жоғарыда атап өткен «Ардагерлер аллеясының» соғылуы, Диқан, Аймантөбе ауылдарына кіреберіске ауыл атауы жазылған қақпаның орнатылуы, колхозды басқарған 16 басшының есімдері жазылған тақтаның қойылуы, тағы басқада жұмыстар ауыл азаматтарының ауызбірлігі арқасында, Әзімбек ағамыздың бастамасымен жасалған тындырымды тірліктер.
Өмірі мен қызметін ел игілігін еселеуге арнаған азаматтың ұзақ жылдардағы белсенді де, жемісті еңбегі ешқашанда елеусіз қалған емес. Әзекең Ауылшаруашылығы Министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Ауданымыздың құрметті ардагері. Жамбыл облысына, Байзақ ауданына сіңірген еңбегі үшін медальдарының иесі. Бұдан басқада әртүрлі деңгейдегі марапаттары бар. Ал бұлардың қатарына өткен жылы Байзақ ауданының “Құрметті азаматы” атағы қосылды.
Әзекең спортты жанына серік еткен жан. Бильярдтан бірнеше дүркін ардагерлер арасында аудан чемпионы. Ардагерлер арасындағы облыстық жарыстарда да жүлделі орындардан көрініп жүрген ардагер спортшы.
Санасына адамгершіліктің сәулесі жүгірген, ақ пен қараны айыра алатын түйсігі мол, шайқап емес, байқап сөйлей алатын шама-шарқы бар ағамыздың еліне бергенінен әлі берері көп.
Әзімбек аға зайыбы Раушан апаймен 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы жоғары білімді, мамандықтарына сай қызметтерін атқаруда. Ағамыз бен апамыз 12 немере сүйіп отырған бақытты жандар.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 21.02.2025 11:11
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін799
mod_vvisit_counterКеше1481
mod_vvisit_counterОсы аптада8039
mod_vvisit_counterӨткен аптада12089
mod_vvisit_counterОсы айда36146
mod_vvisit_counterӨткен айда50604
mod_vvisit_counterБәрі2776316

Серіктестер