Халқымыз «су-қазына», «су-байлық», «су - тіршілік көзі», «сулы жер-нулы жер» деп тегін айтпаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бес кеселмен күресу қажеттігін, соның бірі- ысырапшылдық, ырыстың бастауы-үнемшілдік екендігін баса айтты. «...Ал су-болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл-Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі елімізде су тапшылығы пайда болды»,- дей келе, Президент суды үнемдеу, ұқыпты пайдалануды
ұрпақ санасына сіңіруге үндеді. Су-Алланың адамзат баласына берген нығметтерінің бірі. Алла тағала Құран Кәрімнің «әл-Әнбия» сүресінің 30-аятында: «Және судан әрбір тірі нәрсені жараттық», - деген. Әлем алдында тұрған мәселінің бірі-су тапшылығы. Бұл проблемадан еліміз де тысқары қала алмайды. Сол себепті ауыз су болсын, ағын су болсын қолданған кезде ысырапқа жол бермеуіміз қажет. Судың да сұрауы болады. Бұл туралы Алла Тағала Құранда «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «...Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», - деп ескертеді. Ата-бабаларымызда ысырапқа қатаң тыйым салып отырған. Қазіргі таңда тіршілік көзін үнемді пайдалану, ысырап етпеудің маңыздылығы күн санап артып келеді. Әлемде ауыз су тапшылығын тартып отырған елдер аз емес. Сондықтан қолымызда барымыздың бағасын біліп, тиімді жұмсау, тәрбиелеп отырған перзенттерімізді суды үнемдеуге үйрету, мешіттерге келген жамағаттарға да ауыз судың қадірін біліп, шашпай төкпей қолдану керектігін айтып отырсақ артық болмас деп ойлаймын. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар»,- дейді. («Тәкәсур» сүресі, 8-аят). Адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дәрет суының өзін үнемдеу керектігі туралы айтқандығын сахаба Абулла ибн Ъамр былай әңгімелейді. «Дәрет алып отырған Саъдтың қасынан Алла елшісі (с.ғ.с) өтіп бара жатып, оған: «Мына ысырап не?» деді. Саъд: «Дәретте де ысырап бола ма?», - деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Иә. Тіпті ағып жатқан өзенде дәрет алып тұрсаң да ысырап», - деді. Міне осыдан-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәрет суын да ысырап етуге болмайтындығын ескерткен. Судың адам өмірінде алатын орны өте үлкен. Мамандардың есебіне сүйенсек, бір адам тәулігіне 500 литрге дейін су жұмсайды екен. Құранның «Нұр» сүресінің 15-аятында: «Сендер оны жеңіл-желпі санайсыңдар. Ал ол, Алланың қасында-үлкен нәрсе» делінген. Ал суды ысырапсыз жұмсайтындар бұдан да көп қолданатындығы айдан анық. Суды үнемдей білу де өнер. Сондықтан Алланың бізге берген нығметін шашып - төгуге жол бермейік. Қайта суды тиімді қолдану қажеттігін ұл-қыздарымызға үйретіп, үлгі көрсетіп отырайық.
Ахмет Кенбаев, Аққия мешітінің имамы. Аққия ауылы. |