Онлайн газет



ҚҰЛАҚТАН ҮНІҢ КЕТПЕСТЕЙ...

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Соңғы қоңырау – тек алтын ұямен қоштасу сәті ғана емес, сонымен қатар, он бір жылғы білім сапасын таразылау, жеткен жетістіктерге сүйсініп, келешекке кемел жоспарлар құру кезеңі. Жексенбі күнге сәйкес келген аталмыш мереке аудан көлеміндегі барлық білім ордаларында кең көлемде аталып өтілді.
Жылдағы үрдіс бойынша 25-шi мамыр күнi Ақжар ауылындағы

С.Сейфуллин атындағы орта мектепте білім ордасының басшылығының ұйымдастыруымен және осы мектеп ұжымының қатысуымен «Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты тақырыпта соңғы қоңырау мерекесі мерекеленді. Мектеп алаңы мерекеге сай безендіріліп, түрлі білім саласына қатысты қанатты сөздер мен түрлі-түсті шарлармен көркемделді.
Соңғы қоңырау салтанатына ұстаздар және ата-аналармен қатар Түймекент ауылдық округі әкімінің орынбасары Т.Мысықбаев, ауданның Құрметті азаматы, ауыл қариясы Т.Әшімов, ауыл имамы Лесбек қажы, ардагер ұстаз А.Тышқанбаевтар қатысты.
Салтанатты шара басында ортаға мектепті осыдан жиырма жыл бітірген түлектер шақырылды. Аға-әпкелерінің ізін ала биылғы жылы мектепті аяқтайтын 11 түлек қол ұстасып, жұп-жұп болып шығып, сынып жетекшілері О.Тоқтарбаевамен бірге орталық алаңға жайғасты. Шеруден кейін алаңның ортасына мемлекеттік Ту салтанатты түрде әкелініп, еліміздің Әнұраны орындалды.
Салтанатты жиынды құттықтау сөзімен ашқан мектеп директоры Е.Абилдаев 2013-2014 оқу жылында мектеп ұстаздары мен оқушыларының жетістіктерін атай келе, бір топ оқушыларды Алғыс хаттармен марапаттап, мектеп бітіруші түлектерге деген шынайы жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар, салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Түймекент ауылдық округі әкімінің орынбасары Т.Мысықбаев, ауданның Құрметті азаматы, ауыл қариясы Т.Әшімов, ақ жаулықты аналар атынан З.Cаршаева, А.Ахметова, ата-аналар комитетінің төрайымы Н.Толыбаевалар бүгінгі соғылған қоңырау мектеп бітіргелі тұрған түлектердің мектептегі ең соңғы қоңырауы екенін тілге тиек етіп, бұл олардың өміріндегі мәңгі есте қаларлық оқиға болатынын сөз етті, баталарын беріп, сәт-сапар тіледі. Ал, ардагер ұстаз А.Тышқанбаев сексен жылдық тарихы бар мектеп өміріне шолу жасады. Сондай-ақ салтанатты шарада жиырма жыл бұрын мектеп бітірген түлектер, 11-сынып түлектерінің алғашқы ұстазы А.Лебаева, қазіргі сынып жетекшісі О.Тоқтарбаевалар сөз сөйлеп, оқушыларға ақ жол тілеп, ыстық лебіздерін жеткізді.
Мерекелік көңіл-күй аңғарылған білім ордасынан шаттық әуен әуелеп, адамдардың жүздерінен қуаныштың самалы есті, гүлге толы құшақтар, күміс күлкіге көмкерілді. Бірінші сынып оқушылары хормен ән шырқаса, өз кезегінде 11-сынып түлектері де қосыла ән салып, би биледі, тілектерін арнады. Ал, мектеп бітіруші құрбы-құрдастарын арнайы құттықтауға келген Ержігіт Күнтубаев өзінің жыр шумақтарын арнады. Салтанатты рәсім барысында мектептің ұстаздары, өнерлі оқушылары және мектеп мақтаныштары, мың бұралған бишілер тобы өз өнерлерін көрсетті.
Сондай-ақ, бірінші сынып оқушылары өздерінің білім ошағындағы шәкірттік кезеңдерін аяқтап, үлкен өмірге жолдама алған ағалары мен әпкелеріне сәт-сапар тілеп, жалындатып жыр оқып, өздерiнiң естелік сыйлықтарын табыс етті. Мектеп мақтанышы, 11-сынып оқушысы І.Мұқаш білім кілтін 10-сыныптың озат оқушысы Г.Түгелбаеваға табыстады. Күміс қоныраудың сыңғырлаған сүйкімді үні биылғы 2014 жылғы оқу жылының аяқталғанын білдірсе, биылғы түлектер үшін соңғы рет соғылатыны анық. Бүгінгі қоңырау үні ерекше. Ол мектеппен қоштасар соңғы қоңырау. Соңғы қоңырауды 11-сынып оқушылары Батырхан Тілеуов пен 1-сынып оқушысы Аяжан Асаділ соқты.
Мереке соңында түлектер ауданымыздың Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын Қайыпназар Шотбасовтың сөзі мен жергілікті сазгер ағамыз Алғырбай Тыныбаевтың әніне жазылған «Аялы алтын ұям» атты мектеп Гимнін тебірене шырқап, ұстаздармен, ата-аналарымен естелік суретке түсті.

 

Обновлено 29.05.2014 10:23
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін516
mod_vvisit_counterКеше2161
mod_vvisit_counterОсы аптада2677
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда19307
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2270976

Серіктестер