Байқауға аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гаухар Тәукебаева, білім бөлімінің әдіскері Зәуреш Сатылғанова, Байзақ аудандық Тілдерді оқыту орталығының бөлімше меңгерушісі Жансая Төлеуішовалар төрелік етті. Байқаудың әрбір кезеңінің жеңімпаздарын арнайы құрылған әділқазылар жинаған балымен айқындады. Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классигі, терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор. Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік адамгершілік идеяларды
толғайды. Арынды ақын балаларға арналған өлеңдерінде танымдық, тәрбиелік, білімдік мәніне баса назар аударады. Әндетіп, өлеңдетіп тербете тәрбиелеу арқылы баланы бесіктен тәрбиелеп, сөз өнеріне баулу, ой-өрісін дамыту, адамгершілікке, анаға деген мейірімділік, жағымды мінез-құлыққа тәрбиелеуді көздегенін оның әрбір шығармасынан көруге болады. Ілиястың көптеген өлең-поэмалары қазақ халқына тән-адам жанын жадыратар, сұлулық сезімін лаулатар жан азығы ән мен күй, тастан шыққан бұлақ секілді сызылып, кемеліне келген ағын дариядай толқиды. Шарада №4 мектеп-лицейінің оқушысы Айсәуле Айназар, Қарасу орта мектебінің оқушысы Ақылбек Маратбек, Қостөбе орта мектебінен Раяна Сайн, Ы.Алтынсарин орта мектебінің оқушысы Фадина Шатхиоглы, Ю.Гагарин орта мектебінің оқушысы Қолқанат Жүгібай, Н.Киікбаев мектеп-гимназиясының оқушысы Динара Паратбекова, Ғ.Мұратбаев гимназиясының оқушысы Катерина Бондарьлар ақынның өлеңдерінен үзінділер оқып, билет сұрақтарына жауап берді. Қорытындылай келе, 1-орынды №4 мектеп-лицейінің оқушысы Айсәуле Айназар жеңіп алды. Ал, 2-орынға Ю.Гагарин орта мектебінің оқушысы Қолқанат Жүгібай мен Қарасу орта мектебінің оқушысы Ақылбек Маратбек ие болды. 3-орынды Қостөбе, Ы.Алтынсарин, Ғ.Мұратбаев, Н.Киікбаев мектеп-гимназиясының оқушылары Раяна Сайн, Фадина Шатхиоглы, Катерина Бондарь, Динара Паратбековалар қанағат тұтты. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан Дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Тарих дөңгелегі алға жылжыған сайын Ілияс өлеңдері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, егемен еліміздің аспанында-азат даласында қыран құстай самғап ұшып жүре бермек. Өлең өлмейді. Ендеше, оны жазған ақын да өз оқырмандарының есінен ешқашанда шықпайды.
Гүлжанар ПРАЛИЕВА, Балалар шығармашылығы және тәрбие орталығының «Шамшырақ» үйірмесінің жетекшісі. |