Онлайн газет



ТУҒАН ЖЕРГЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НИЕТПЕН

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Елбасымыз Н.Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті В.Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара келісім туралы шартқа қол қойғанына 20 жылдан астам уақыт болғаны белгілі. Осы уақыт аралығында екі ел арасындағы ынтымақтастық, достық, мәдени қарым-қатынас, өзара келісім  деңгейінде көптеген ауқымды істер жүзеге асырылып келеді.
Кеше, аптаның жұмасы күні өңірімізге Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко бастаған мәртебелі қонақтар іс сапармен келген болатын.

Қысқаша анықтама
Ленинград облысының губернаторы Дрозденко Александр Юриевич 1964 жылдың 1 қарашасында Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылында зоотехник Юрий Александрович пен орыс тілі пәнінің мұғалімі Лидия Яковлевнаның отбасында дүниеге келген. Осында бастауыш сыныпты аяқтаған соң, Александрдың жанұясы 1973 жылы Ленинград облысы, Всеволожск ауданы, Разметелево ауылына қоныс аударады. Ол Ленинградтағы ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түседі.
Еңбек жолын Кингисепп ауданында бастап, кейіннен «Агро-Балт» агроөнеркәсіптік бірлестігінде бас экономист болып қызмет етеді. Білікті, білімді, ұйымдастырушылық қабілеті мол маман осы кезден бастап басшылық назарына ілігіп, Кингисепп қалалық халық советіне 22 жасында-ақ депутат болып сайланады. Бес жылдан кейін аудан орталығының вице-мэрі, одан кейін мэр қызметінде жұмыс істейді. Ал, 32 жасында тұрғындардың 65 пайыз дауысына ие болып, 1996 жылдан бастап Кингисепп аудандық муниципальді білім басшысы, 2002 жылы Ленинград облысының вице-губернаторы және тағы да басқа жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерді атқарады.
2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Александр Дрозденко Ленинград облысының губернаторы.

Құрамында губернатордың әкесі Дрозденко Юрий Александрович, Александр Дрозденконың жұбайы Дрозденко Ирина Григорьевна, Ленинград облысы, Кингисепп муниципальді ауданының ұйымдастыру басшысы Гешеле  Виктор Эвальдович, оның жұбайы Гешеле Жанна Ивановна бар қонақтарды аудан басшысы М.Шүкеев пен аудандық мәслихат хатшысы Н.Үкібаев бастаған бөлім, мекеме басшылары күтіп алды.
Ресми кісілер алдымен іссапарын Сарыкемер ауылында орналасқан аудандық орталық мұражайға бұрылып, ондағы жәдігерлермен танысудан бастады. Бұдан кейін губернатор Александр Дрозденко өзі туып-өскен ортасы Түймекент елдімекеніне, білім алған ондағы мектебіне арнайы келді. Мұнда оларды бастауыш сыныпта жетекшісі болған Валентина Шапавалова, сыныптастары, әкесі Юрий Александровичпен бірге жұмыс істеген қызметтестері, мектеп ұстаздары мен оқушылар қарсы алды. Арнайы дәмнен ауыз тиген қонақтар құшағы гүлге толды. Бастауыш сынып оқушыларының шағын концерттік бағдарламасы да губернатордың балалық шағын еске салды.
Аудан басшысы Мұратхан Жүнісәліұлы қонақтардың келу мақсатымен таныстырып өткен соң, сынып жетекшісі Валентина Шапавалова тебірене сөз қозғады. Слайд арқылы сол кезеңдерге шолу жасады.
Бұдан кейін сөз алған Юрий Александрович, түймекенттік ауыл тұрғындары, бүгінгі зейнеткерлер Тәуірбек, Оразалы, Қылышбай ақсақалдармен және замандастарымен бірге шүйіркелесе отырып, сол кездегі ауыл шаруашылық саласындағы қиындығы мен қызығы мол күндерді еске алып, жеткен жетістіктер жайында сыр шертті.
Губернатор Александр Дрозденко өзі оқыған бірінші сынып партасына отырып, балалық шағын сағынышпен сөз етті, мектеп басшылығына арнайы сый-сияпат табыстап, ризашылық сезімін жеткізді. Сондай-ақ өзі тұрған (бұрынғы Украинская) Т.Кәрібаев көшесіндегі №81 үйге, Ә.Дүкенбайұлы көшесіндегі әкесі тұрған үйге арнайы келіп, тағзым етті. Ауылдың біраз көшелерін ерінбей жаяу аралап, жалындаған жастық шақтарын еске алды.
Іссапар Ленинград облысы, Кингисепп муниципальді ауданының ұйымдастыру басшысы Виктор Гешеленің туған мекені Көкбастау ауылдық округіндегі Амангелді орта мектебінде жалғасты. Мұнда да қонақтарды құшақ жая қарсы алған ауыл тұрғындары мен мектеп ұстаздары, оқушылар арасында жылы жүзді кездесу ұйымдастырылды. Өткен күндерін сағынышпен еске алған Виктор Эвальдович ата-анасының елге деген ыстық сәлемін жеткізіп, өзінің сыйлықтарын табыс етті. Ауыл тұрғындарының қонақжайлылығына өз ризашылығын білдірді.
Бұдан соң қонақтар ауыл тұрғындарымен қимай қоштасып, Виктор Гешеленің оқыған оқу орны Тараз қаласындағы М.Мәметова атындағы орта мектеп пен қала кәсіпорындарын аралауға аттанып кетті.
Редакциядан: Құрметті қонақтардың ресми сапары ертең облыс басшысы Кәрім Көкірекбаевпен кездесуге арналмақ. Онда Ресей Федерациясының Ленинград облысы мен Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы арасында достық пен ынтымақтастық, мәдени қарым-қатынас орнату туралы өзара келісім жайы талқыланбақ.

Фото: А.Алдабергенов.

Обновлено 19.05.2014 12:22
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1587
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада1587
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда41777
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2249163

Серіктестер