Онлайн газет



АГРАРЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ІРІ ТҰЛҒАСЫ

Александр Львович Нахманович 1964 жылдың 3 қаңтарында шаруашылығы кейін кеткен «Трудовой пахарь» колхозына төраға болып сайланды. Өз кезегінде көрсеткен зор сенімдері үшін колхозшыларға алғысын жеткізіп, «сенімдеріңізді абыроймен атқару үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын», - деп уәдесін берді. «Бірақ жалғыз менің күшім ештеңеге жетпейді. Алдымен сіздердің көмегіңіз, алға қойған мақсатты жүзеге асыруға деген ынталарыңыз қажет. Бәріміз бірлесе қимылдасақ қана колхоздың алдында тұрған қиындықтарды жеңіп, алдыңғы қатарға шығатын боламыз», - деп қолхозшыларға сенім ұялатты.
Алда тұрған басты мақсаты - «Трудовой пахарь» колхозын қант қызылшасын өсіруге мамандандырылған шаруашылық етіп қалыптастырып, оның өнімділігін арттыру. Осының негізінде мал шаруашылығын көтеру болды. Колхозшылардан алда тұрған міндеттерді айқын түсінуін, міндеттерді жүзеге асыруға әр адамның белсене қатысуын, өздеріне жүктелген үлкен жауапкершілікті сезінуін, одан игілікті іс-әрекет күтілетінін түсіндірді.
Александр Львовичтің бір қасиеті ол ешқашанда ешкімге әкімсініп ақырып-жекіруді білмейтін, қызмет бабын пайдаланып кісіге қиянат жасамайтын. Қандай да қиын мәселе болса соны мамандармен, басқарма мүшелерімен, белсенділермен ақылдасып отырып шешуді жақсы көретін.
А.Л.Нахманович бірінші күннен бастап, ғылымның жетістіктері мен озат тәжірибелерді шаруашылыққа енгізуді, еңбекті ұйымдастыруды, ауыр жұмыстарды механикаландыруды қолға алды. Колхоздың ішкі мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, малды асылдандыру, егін шаруашылығында агротехниканы толық енгізу, әрбір гектар суармалы жерді ұтымды пайдалануды жолға қойды. Шаруашылықты экстенсивті және интенсивті жолдармен дамыту арқылы егіс көлемі мен мал басын ұлғайтып, егістің шығымдылығы мен малдың өнімділігін арттырды.
Еңбек тәртібін сақтауда үлкен жұмыстар аткарылды. Колхоз қант қызылшасы мен сүт өндіруге басты назар аударды және соған бейімделді. Қиын жағдайдан құтылудың басты жолы ол - ауыл шаруашылығын интенсивтендіру, ұжымшарды мамандандыру жолымен дамытуға бағыт алынды. Колхозда қант қызылшасын өндіруге жаңадан бригадалық-топтық әдіс енгізілді.
Қант қызылшасын егіп, өсірудің, аса бағалы техникалық дақылдан жоғары өнім алудың құпия сырларын  игеру мақсатында қызылшашылар және механизаторлармен арнайы оқу ұйымдастырылды.
Қазақтың егіншілік институтымен байланысып, бір топ ғалымдары ұжымшар жерінің қыртысын картаға түсіріп топырақ картасы жасалды. Бұл әрбір алқапқа, әр аумаққа қанша тыңайтқыш енгізу қажеттігін анықтауға мүмкіндік берді.
Шаруашылықта жұмыс күші жетіспейтіндіктен басқарма, партия, жастар комитеті мүшелеріне ұжымнан мүшеліктен шығып кеткен мамандарды, жұмысшыларды кері қайтару бойынша жұмыстар атқарылу керектігі тапсырылды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 50-ге жуық жанұялар қайта ұжымға мүше болды, 100-ге тарта механизатор, жүргізуші, қызылшашы, малшылар жұмысқа жұмылдырылды.
Талас өзенінен бастау алатын «Байзақ» каналы толық қазылып, тазаланды. Қызылша плантацияларына және егістіктегі шаруашылықаралық каналдар қазылды. Тауарлы сүт фермасын салуды қолға алды. Мойынқұм өңірінде қой фермаларында типтік қой қораларын және малшылар тұратын үйлер салу жұмыстары атқарыла бастады.
Бір жылдың ішінде колхоз 49319 тн. қант қызылшасын, 2295 тн. астық, 1059 тн. ет, 1346 тн. сүт, 124 тн. жүн өндіруге қол жеткізді. Қант қызылшасының өнімділігі 1 га жерден 395 центнерге өсті. Колхоз 1964-1965 жылдары 800 басқа арналған сиыр қораларын,  200 бастық бұзаухана, 31000 шаршы метр тұрғын үйлер салды. Колхоз диірмені күрделі жөндеуден өтті.
1965 жылы "Трудовой пахарь" колхозының 10 колхозшысы колхоз экономикасын өркендетуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде үлкен табыстарға жеткендері үшін Кенес Одағының орден, медальдарымен марапатталды.
Қант қызылшасын өсірумен айналысатын звено жетекшісі Патиха Байториева Еңбек Қызыл Ту орденімен, партия ұйымының хатшысы Сабыр Жүнісов, қойшы Нұртілеу Рыстапаев, звено жетекшісі Наталья Маслова, бригадир Сатан Каленов, сүт товарлы фермасының меңгерушісі Иван Романцев, сауыншы Айхан Фазулова, бас зоотехник Петр Шевченко «Құрмет белгісі» орденімен, сушы Яков Лялькин, бригадир Теодор Ягель, тракторшы Павел Приходченко медальдармен марапатталды. Колхоз төрағасы Нахманович Александр Львовичке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Келесі жылдары колхоз суармалы жерлерді ұтымды пайдалануда және жаңа суармалы жерлерді игеруде үлкен істер атқарды. Ол үшін қажетті техникалар мен құрылыс бригадасы жасақталып, 1537 га жер игерілді. Су жинақтайтын «Воинское», «Юбилейное», «Сарпалдақ» және «Ақ жол» су қоймалары салынды. Нәтижесінде қант қызылшасының көлемі 1350 га ұлғайды. Қант кызылшасын өндіру 59136 тн. жетіп, 1 га жерден 438 центнерден өнім алынды. 1966 жылы колхозшылардың айлық табысы 128 сомға өсті.
1966 жылы маусым айында  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев колхозға келіп, шаруашылықпен танысты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі және суармалы жерді игеруде жеткен табыстарымызға рахметін білдірді. Осы жылы звено жетекшісі Бәтиха Байтөриева КПСС ХХІІІ-съезіне делегат болып қатысты.
1967 жылы  А.Л.Нахманович Қазақ КСР Жоғарғы Советінің депутаттығына екінші мерзімге қайта сайланды. Осы жылы "Трудовой пахарь" колхозы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі жеткен жетістіктері үшін А.Л.Нахманович ХШЖК-нің күміс, ал 1968 жылы алтын медалімен марапатталды. 1970 жылы экономика ғылымдарының кандидаты атанды.
1971 жылы 26 қаңтарда "Трудовой пахарь" колхозы ауыл шаруашылығының өндірісін дамытуға қол жеткізген табыстары, егін және мал өнімдерін мемлекетке сатудың 5 жылдық жоспарын асыра орындағаны үшін ССРО Жоғары Кеңесі Президиумының Указымен «Октябрь революциясы» орденімен марапатталды.
1971 жылы А.Л.Нахманович Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне ауысып, 1973 жылы өз колхозына басшы болып қайта сайланды. Колхозда 1973-1992 жылдар аралығында егістік жер көлемі 8060 га жетіп, 3760 га жер суармалы болды. 4663 га жерге астық, 1500 га жерге қант қызылшасы, 630 га жерге жүгері, 1693 га жерге көп жылдық шөп  орналасты. Мүйізді ірі қара 5695, қой 31727, жылқы 1778, түйе 168 басқа жетті.
Колхоз жыл сайын таза пайдасынан өндірісті, әлеуметтік, мәдени-тұрмыстык салаларды кеңейтуге қаржы бөліп отырды. Колхозда 130 пәтерлік үй, 600 орындық мәдениет үйі, 960 және 640 орындық 2 мектеп,  балалар музыка мектебі, дәріхана, тұрмыс қажеттілігін өтеу комбинаты, наубайхана,  профилакторий-емхана, 280 орындық 2 балабақша, сауда орталығы, ауыл әкімшілігі үйі, монша салынды.   Ұн өндіру, май шығару цехы, мал бордақылау комплексі, Ақжар ауылындағы МТФ, Қоспа жем дайындайтын цех, кірпіш шығаратын цех, тері өңдейтін және тон тігетін цех іске қосылды. Сарыкемерден Түймекентке дейін колхоз қаржысына газ құбыры тартылды.
Ол сонымен қатар колхозшылардың демалысына  және мерекелік іс-шаралардың өз дәрежесінде өтуіне көп көңіл бөлетін. 1988 жылы ұмыт болған Наурыз мерекесін тойлағанда Түймекент ауылындағы орталық стадионға колхоздың 12 қазақы үйлері тігілді.
А.Л.Нахмановичтің шебер ұйымдастырушылық қабілеті әр істе ерекше көрініс табатын. Мектеп директорларымен тығыз байланыста болып, оқушылардың оқу-өндірістік бригадасы құрылып, әр жылдары оқушылар 50 гектарға дейін қант қызылшасын баптап, өсіріп жоғары өнім алынды. Колхоз мектептерге жан-жақты көмек көрсетіп отырды. Оқушылар колхоз есебінен “Артекке”,  демалу орындарына, саяхатқа жіберіліп тұрды.
Артта қалған «Трудовой пахарь» ұжымдық шаруашылығын ілгері сүйреп, оны қиын жағдайдан алып шығу міндетін А.Л.Нахманович абыроймен атқарды. Ол 1964-1971, 1973-1992 жылдары 30 жылға жуық басқарған кезде оның шаруашылықты тиімді ұйымдастыра алуы мен жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізуі арқылы бүкіл Одаққа танылды.
Колхоз экономикасын өркендетуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде үлкен табыстарға жеткендігі үшін Александр Львович Нахманович Социалистік Еңбек Ері атағымен бірге кейінірек “Октябрь революциясы”, “Халықтар достығы”, “Ұлы Отан соғысы” ордендері, бірнеше медаль, төсбелгі, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына үш рет сайланып, КОКП ХХV съезіне делегат ретінде қатысты.
Елдің ардақтысы, адал еңбегімен елге танылған, аграрлық жүйенің  ірі тұлғасы А.Л.Нахманович 1996 жылы 14 мамырда ауыр науқастан қайтыс болды. Өзінің сұранысы бойынша сүйегі Қарасу бойында қазақ және орыс қорымдарының ортасына жерленді.

Жомарт МҰХАМБЕТЖАНОВ,
Түймекент ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін83
mod_vvisit_counterКеше1480
mod_vvisit_counterОсы аптада4619
mod_vvisit_counterӨткен аптада10842
mod_vvisit_counterОсы айда30312
mod_vvisit_counterӨткен айда32286
mod_vvisit_counterБәрі2680528

Серіктестер